Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Жер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс

Мал шаруашылығы саласына өнімділік пен өнім сапасын арттыру, асыл тұқымды мал шаруашылығын қолдау үшін субсидиялау түрінде ауқымды мемлекеттік қолдау көрсетілетіні белгілі. Дегенмен, мұндай жеңілдікті Ерейментау ауданында орналасқан «Қарлығаш» шаруа қожалығы пайдаланбайтын көрінеді.

1994 жылы құрылған бұл қожалық Торғай ауылдық округінің Қарағайлы ауылында орналасқан. Қожалық басшысы Ербол Дүйсеннің айтуынша, ол кезде бұл салаға қатысты мемлекеттік бағдарлама болмай, Ерболат інісі екеуі шаруа қожалығын өз күштерімен құрыпты. Бұған дейін ол жүргізуші, өндірістік шебер, инженер, бригадир, қырман меңгерушісі, Азаматтық қорғаныс штабының басшысы, Талапкер селосының әкімі болып еңбек етіпті.
– Өткен ғасырдың 90-ыншы жылдары «Торғай» кеңшары бізге ескірген бір комбайн мен «ДТ» тракторын және 305 гектар жер берді, малдың тиісті пайын жасырып қалды. Шаруа қожалығын ашқан кезде ешкім қолдау көрсетпеді, көп қиыншылықты бастан өткердік. Ол кезде несие мен субсидия болған жоқ. Бүгінгі күні мемлекет жеңіл пайызбен несие беріп жатыр. Өз басым несие алудан және біреудің қолдауынан бас тартқан жанмын. Қарызға белшеден батуды қаламаймын. Оның үстіне субсидия алып, мемлекетке ауыртпашылығымды түсіргім келмейді. Кәсіпкерлікті таңдағаннан кейін ешкімге тәуелді болмау керек. Осы күнге дейін өз күшіме сеніп жұмыс істеп келемін,–дейді шаруа қожалығының басшысы.
Бүгінгі таңда шаруашылықта 250 бас жылқы бар болса, оның 135 басы бие. Оған қоса, 105 ірі қара, соның ішінде 80 бас сиыр, 325 қой бағылады. Жыл басынан бері 45 бас ірі қара мен біршама қой елорда рыногына етке тапсырылған екен. Ірі қара мен жылқы жергілікті жердің тұқымы. Сондай-ақ, шаруа қожалығы өздерінің «Нұр-Сұлтан – Шідерті» тас жолы бойында орналасқан «Жансары» дәмханасын етпен қамтамасыз етеді. Еділбай мен гиссар тұқымдас қойлар сәуір айында қоздайды. Шаруашылықтағы 2 мың гектар жердің 200 гектары шабындық, 100 гектары екпе шөп алқабы, өзгесі жайылым жер.
–Мал басын көбейту үшін жайылым жеріміз жеткіліксіз. Мақсатым – мал өнімін сатып, елді етпен қамтамасыз ету. Осы орайда, 2009 жылы «Жансары» дәмханасын аштым. Келешекте Нұр-Сұлтан қаласында өз өнімімізді сататын дүкен ашуды жоспарлап отырмыз. Биылғы жылы 250 тонна жемшөп, 50 тонна арпа дайындадық. Ірі қара малды қыс айларында жем және сабан беріп те семіртеміз. Қой қоздағанда саулықтарға қосымша арпа береміз. Еңбеккерлерге де шөп шауып береміз. Малды суару үшін ұңғыма қазып алдық. Жаз айларында шаруа қожалығында 5 адам, дәмханада 6 адам жұмыс істейді. Орташа еңбекақы 100 және 150 мың теңгені құрайды. Жергілікті тұрғындар үшін жер мәселесін шешу керек. Қаланың қалталы азаматтары 10-100 мың гектар жер алады да пайдаланбайды. Осының салдарынан Торғай ауылының 40 түтіні көшкелі отыр. Ауылда тұратын әр отбасының 50 гектар шабындық, 50 гектар жайылым жері болу керек. Бұл мәселені 2012-2016 жылдары аудандық мәслихаттың депутаты болған кезімде жүзеге асырдым. Жер нақты жұмыс істейтіндерге берілуі тиіс,–дейді қожалық басшысы Ербол Дүйсен бізбен әңгімесінде.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар