Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ: «Биылғы жылдың күрделілігіне қарамастан ол табысты болды» - АРҚА АЖАРЫ

Ақмола облысының әкімі Ермек МАРЖЫҚПАЕВ: «Биылғы жылдың күрделілігіне қарамастан ол табысты болды»

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауын жүзеге асыру аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы облыс әкімі Ермек Маржықпаев кеше Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде баспасөз брифингін өткізді. Брифинг барысында облысымызда жыл басынан бері ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар кеңінен сөз болып, БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сауалдарға тұщымды жауап қайтарылды.

Баспасөз конференциясы барысында Ақмола облысының әкімі өткен он айдың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен Жолдауды іске асыруда алда тұрған міндеттерге тоқталды. Сондай-ақ, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.
– Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында экономикалық өсімді қамтамасыз ету және азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру бойынша нақтылы міндеттерді айқындап берді, – деді әкім өз сөзінде.– Жолдауда көрсетілгендей, алға қойылған міндеттерді және дағдарыстан кейінгі дамудың басымдылыққа ие бағыттарын іске асыру арқылы өңір жалғасып келе жатқан пандемияға және соған байланысты шектеулерге қарамастан, дамудың оң динамикасын сақтап қалғандығы көпшіліктің көңілінен шықты.
Мәселен, ағымдағы жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша өңірдің өнеркәсіп саласында 106,3 пайыз, ауыл шаруашылығында – 114,2 пайыз, құрылыс секторында – 111,7 пайыз өсім бар. Инфляция 5,1 пайыздан аспады. Еңбекақы 21 пайызға өсті және орташа жалақы 163 мың теңгені құрады. Инвестицияның өсуі экономикалық өсімнің драйверіне айналды. Сол себепті, облыс көрсеткіші бойынша республикада үздік үштіктен көрінді. Жыл басынан бері экономикаға шамамен 340 миллиард теңге бағытталды, бұл былтырғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23 пайызға жоғары.
Облыс басшысы дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде шағын және орта бизнеске жан жақты қолдау көрсетіліп отырғандығын атап өтті.
– Жекелей алғанда, 20 мыңнан астам субъекті салықтық және несиелік жеңілдіктер алды. Олардың іскерлік белсенділігін арттыру үшін екі бағдарлама бойынша 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. «Бизнестің жол картасы» бойынша 300 кәсіпкер мемлекеттік қолдауға ие болды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша 800-ден астам шағын несие және 700 қайтарымсыз грант берілді, – деді Ермек Маржықпаев. – Өңірлік бизнес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсенді қатысуда. Биылғы жылы 120 бизнес-жоба 15,2 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есеге жоғары. Жобаларды жүзеге асыру 1300 жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде 10 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жұмысқа орналасу мүмкіндігі туды. Жалпы, еңбек нарығындағы әр түрлі бағдарламаларды жүзеге асыру есебінен 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылды, оның 13 мыңы тұрақты.
Ақмолалық кәсіпорындар қолайсыз жағдайда жұмыс істесе де өндірісті жаңғыртуға инвестиция тартуды белсенді жүргізуде. Биылғы жылы инвестиция көлемі өткен жылғы деңгейден үш есе асып түсіп, 157 миллиард теңге игерілді, өсім 134,7 пайызды құрады. Индустриаландыру картасы бойынша 276 миллиард теңгенің 38 жобасы жүзеге асырылуда. Оның он төртін биылғы жылы аяқтау жоспарланған.
– Ауыл шаруашылығының машинасын жасау саласында маңызды жоба жүзеге асырылды. Біздің өңірдің мамандандырылғанын және әлеуетін есепке алып, бұл бағытқа біз үлкен маңыз аударамыз деді әкім өз сөзінде. – Көп жылдардан бері «Қазақстандық Агро-инновациялық корпорация» серіктестігі ауыл шаруашылығы мен коммуналдық техникаларының 20 модификациясын жасап шығарады. Локализация деңгейі 50-ден 90 пайызға дейін. Енді ауыл шаруашылығы техникасының түрлері тағы да көбейді. Жұмыс істемей тұрған комбайн зауыты қайтадан құрылды. «Каз-РостИнжиниринг» жаңа кәсіпорыны жобаға 7,5 миллиард теңге инвестиция салды. Зауыттың жылдық қуаты 800 бірлікке өсті. Жыл басынан бері кәсіпорын 440 «Вектор»және «Acros» маркалы астық жинайтын комбайн құрастырды. Облыс әкімі атап өткендей, өңірде құрылыс индустриясы қарқынды дамуда. Индустриалдық-инновациялық мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуымен кірпіш өндірісінің көлемі 7 есе өскен. Сұранысқа байланысты «ENKI» ірі кірпіш зауыты өндірістік қуатын ұлғайтып, жылына 90 миллион дана кірпіш шығаратын болды. Бұдан өзге жылына 60 миллион дана кірпіш шығаратын 4 жоба жүзеге асырылуда. Бұл жобалардың барлығы өңірдің құрылыс кірпішіне деген қажеттілігін екі жылға жабуға мүмкіндік береді. Бірқатар кәсіпорындар пандемия жағдайындағы қажетті өнімдерді шығаруда. Маска, антисептиктер, өзге де залалсыздандыратын заттардың өндірісі жұмыс істеуде. «Тыныс» зауыты үлкен сұранысқа байланысты ИВЛ аппараттары өндірісін 10 есе көбейтті. Бүгінгі күні 800 аппарат сатылды. Қоймаларда 200 дана аппарат бар.
Өңірдің жаңа басымдық бағыты – еліміздің «жасыл экономикаға» көшу концепциясының аясында қосалқы энергетиканы дамыту. Бұл ретте, биылғы жылы «Hevel» ресей компаниясының қатысуымен күн энергиясын пайдалану жобасы жүзеге асырылды. 100 МВт «Нұра» күн электростанциясы салынды. Бұл қуаты және салынған қаржы бойынша ірі энергия нысаны болып отыр. Бұған 30 миллиард теңге инвестиция тартылды. 50 МВт жел электростанциясының екінші кезеңдегі құрылысы аяқталуға жақын. Екі кешеннің жалпы қуаты 100 МВТ құрайды. Жобаны «Цатэк Green Energy» cеріктестігі жүзеге асыруда. Күн электр станциялары мен барлық «жел» жобаларын есепке алғанда біздің өңір 500 МВт қосалқы электр көзіне ие. Бизнес жобалар тау-кен металлургиялық өнеркәсібі саласында да жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта екі алтын қорытатын фабрика іске қосылады. «RG Gold»және «Ақсу Technology» серіктестіктері алтын өндірісін жалпы республикалық көлемдегі үлесін 35 пайызға дейін көбейтуге мүмкіндік алды. Бүгінгі күні облыс жылына 30 тоннаға дейін алтын өндіреді. Бұл республика көлемінің 28 пайызы. Аграрлық сектор өнеркәсіппен бірге өңір экономикасының негізі болып қалуда. Биылғы жылы мемлекеттік қолдау ретінде шамамен 74 миллиард теңге бөлінді. Осының арқасында ақмолалық диқандар астық жинау науқанын белгіленген мерзім ішінде жүргізді. Ауыл шаруашылығы дақылдарының барлық түрлерінен жақсы өнім жинадық. 5,2 миллион тонна астық жиналды. Гектар берекесі 11,8 центнерді құрады. Бұл ретте, санаттылығы мен дән маңыздылығы бойынша егін сапасы өткен жылға қарағанда біршама жоғары.
Облыста мал шаруашылығын дамыту мақсатында 97 ет және 18 тауарлы сүт фермасы құрылды, біздің отандық шаруашылықтар 9,5 мың бас өнімділігі жоғары ірі қара сатып алды. Импорт алмастырудың айтарлықтай мүмкіндіктері Макинск құс фабрикасы жобалық толық қуаттылығына көшкен кезде мүмкін болады. Оның қайта өңдеу қуаттылығы жылына инкубатордан зауытқа дейін 100 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Макинск құс фабрикасынан бөлек, Азық-түлік белдеуін дамыту аясында өңірде 34 миллиард теңгенің 41 жобасы жүзеге асырылуда.
Сонымен бірге, облыс әкімі биылғы жылдың күзінде жоспарланған Қазақстан мен Ресей арасындағы өңірлік ынтымақтастық форумының эпидемиологиялық жағдайға байланысты өткізу мерзімі қолайлы кезеңге ауыстырылғанын атап өтті.
Ермек Маржықпаев атап өткендей, өңірде тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді.
– «Нұрлы Жер» бағдарламасы іске асырылған сәтінен бастап, үш жылда шамамен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды, 13 мың ақмолалық отбасылар пәтер мәселесін шешті. Биылғы жылға жоспарланған 570 мың шаршы метрді құрайтын 5 мыңнан астам пәтердің бүгінгі таңда 455 мың шаршы метрі, яғни 3668 пәтері пайдалануға берілді, – деді облыс әкімі – Мемлекеттік инвестициялардың есебінен 30 арендалық және 13 несиелік үй салынуда. 500 арендалық пәтерді әлеуметтік осал топтар санатына жататын отбасыларға бөлуді жоспарлап отырмыз.
Бұған қоса, «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 175 отбасы жеңілдікпен берілетін баспаналардың иелері атанды. Ақмолалықтар «7-20-25» бағдарламасына белсенді қатысуда. Бүгінде 8,3 миллиард теңгенің 910 өтінімі мақұлданды.
Жол инфрақұрылымына келер болсақ, биылғы жылы облыста жергілікті маңыздағы 700 шақырымға жуық жол жөндеуден өтті, оның ішінде 250 шақырымы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асырылды.
Соңғы үш жыл ішінде, биылғы жылды қоса алғанда 1,5 мың шақырым жергілікті маңыздағы жолдар жақсартылды, олардың 800 шақырымдайы ауылдық елді мекендерде.
Су тіршілік көзі болғаннан кейін тұрғындарды сапалы ауыз су мәселесі толғандыратыны белгілі. Үстіміздегі жылы облыстың 54 елді мекенінде су тарату желілерін жөндеуге және салуға байланысты жобалар жүзеге асырылуда. Жобалар аяқталғаннан кейін 30 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етіліп, сапалы ауыз сумен қамту аумағы 83 пайызға жетеді. Су тарату және сумен қамтамасыз ету жүйесін дамытудың жол картасы аясында 2023 жылға дейін 118 елді мекенде су құбырлары желілерін салу, 60 шағын ауылда блок-модульдер орнату жоспарланып отыр.
Брифингте облыс басшысы, адами капиталды дамыту, орта білім беру жүйесін дамыту, үш ауысымдық мектептер мәселесін шешу бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға да тоқталды. Осы ретте, жыл соңына дейін Целиноград ауданында 3 мектеп) және Көкшетау қаласында қосымша оқу корпустарын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл облыстың 6 мектебінде үш ауысымдық оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Келесі жылы 2 мың орынға арналған тағы 4 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Ауыл– ел бесігі» бағдарламасының арқасында білім саласының 148 нысаны жөндеуден өткізілді.
Денсаулық сақтау саласында басты міндет– тұрақты эпидемиологиялық ахуалды қамтамасыз ету, коронавирус инфекциясының кең таралуын болдырмау болып табылады. Бұл мақсатта өңірде мүмкін деген барлық шаралар мен шектеулер қолға алынуда. Облыста ПТР-зерттеулерін жасайтын зертханалардың саны – 6. Зертханалардың резервтік қуаттылығы қажет болған жағдайда тестілердің санын тәулігіне 3 мыңнан 7 мыңға арттыруға мүмкіндік береді. 1000-нан астам төсек-орын дайындалды, резервте тағы 5000 төсек-орын бар.
– Қысқа мерзімде 200 орынға арналған инфекциялық аурухана бой көтерді, штат жасақталып, қазір медициналық мекеме науқастарды қабылдап жатыр. Өңірде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайту бойынша Үкіметтің көмегімен көптеген ауқымды жұмыстар жүргізілді, – деді Ермек Маржықпаев.
Облыста денсаулық сақтау саласының басқа нысандарының құрылысы жалғасуда. Көкшетауда онкологиялық емхананың құрылысы аяқталуға жақын. Қосшы ауылында емхана салынып жатыр. Ол келесі жылы пайдалануға беріледі. Іс жүзінде іске асыру кезеңіне өткен ауқымды жоба – Көкшетау қаласындағы 630 орындық заманауи көпсалалы аурухананың құрылысы. Жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде тиісті Меморандумға қол қойылған Ellington Properties Development LLR-мен бірлесіп жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта нысан құрылысының егжей-тегжейлі жоспарының жобасы бекітіліп жатыр.
Брифингте бұқаралық және балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Биылғы жылы дене шынықтыру-сауықтыру кешендері екі аудан орталығы – Аршалы кенті мен Степняк қаласында салынды. Тағы үш объектінің құрылысы жүргізілуде, бұл объектілер келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ, келесі жылдан бастап Қосшы ауылында спорттық сауықтыру кешенінің және Щучинск қаласында спорт сарайының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Елордаға жақын елді мекендерге көп көңіл бөлініп отыр. Қала маңын дамытудың кешенді жоспары мен шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларға 18,2 миллиард теңге бөлінді, ал, Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша қосымша 7,3 миллиард теңге бөлінді.
– Биылғы жылы қаржыландырудың жалпы сомасы 25 миллиардтан астам теңгені құрады. Мен астаналық аймақты дамытудағы инвестицияның өсу динамикасын атап өткім келеді, – деді облыс әкімі. – Биылғы жылы ауылішілік 28 шақырым жол жөнделеді (Қосшы, Қажымұқан, Қараөткел, Ключи, Талапкер, Нұресіл ауылдарында), 200 шақырым сумен жабдықтау желілері салынды, Целиноград ауданының 5 ауылы орталықтандырылған сумен жабдықталды (Қажымұқан, Шұбары, Жаңа Жол, Төңкеріс, Фарфор). Әлеуметтік нысандардың қатарында — Целиноград ауданында 4 жаңа мектептің ашылуы бар.
Кешенді жоспарды іске асырудың келесі, қазірдің өзінде 3 кезеңі шеңберінде 430 шақырым ауылдық жолдарды жөндеу жоспарлануда. Жаңа қосалқы станциялардың салынуына байланысты қала маңындағы ауылдардың (Жібек жолы, Жалтыркөл ауылдары) 4000 абонентін электрмен жабдықтау мәселесі шешіледі. Тағы 10 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылады. Әрқайсысы 900 балаға арналған 3 ауылдық мектеп салынады (Жібек жолы, Жалтыркөл, Шұбары ауылдары). Сонша жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан, ауыл өсіп келеді, сондықтан қосымша инфрақұрылым қажет және бәрін бірден шешу мүмкін емес. Жалпы, алдағы 3 жылда (2021-2023) 78 миллиард теңгеге 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр.
Пандемия жағдайында Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы туристік орындар өз қызметін барлық санитарлық нормаларға сәйкес жалғастырады. Ол үшін біз туристік ақпараттық орталық арқылы брондау жүйесін іске қостық, яғни кез-келген турист демалыс орындарына тапсырыс беріп, бақылау бекеттері арқылы өте алады.
Алдағы Форумға дайындық аталған жұмыстар көлемінің артуына екпін қосқанын айту керек. Мұндағы бөлектеп айтар нысандардың бірі, қазірдің өзінде қаламыздың қонақжайлылық дәстүрін айшықтай түскен – балалар мен жасөспірімдердің «Болашақ сарайы». Қопа көлінің маңайын абаттандыру мүлдем жаңа әрі кең көлемді жоба болып табылады. Мемлекеттік қолдаудың арқасында көл жағалауының келбеті мен инфрақұрылымы түбегейлі өзгеруде (мұнда заманауи спорт алаңдары, балалардың ойын аймақтары, жаяу жүргіншілер мен веложолдары, 500 орындық амфитеатр, жасыл аллеялар, катерлер мен катамарандарға арналған пирс бой көтерді). Қазіргі жоспар бойынша көл жағалауының құрылысы Кенесары көшесіне дейінгі аймақта жүргізілуде, біз бұл аумақтағы абаттандыру жұмыстарын одан әрі жалғастыратын боламыз. Биылғы жылы кең ауқымды жаңа жол магистралын қамтитын үлкен жобаның бірінші кезеңінің құрылысы жүргізілді.
Қоғамдық көлікті жаңғыртуға қатысты ауқымды жұмыстар атқарылды. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында іске асырылуда.
– Біздің тарапымыздан жүргізіліп жатқан жұмыстардың барлығы азаматтардың өмір сүру деңгейін жақсартуға, олардың тіршілігіне қатысты тиіті қолайлылықтарды қамтамасыз етуге бағытталған, – деп қорытындылады облыс әкімі.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың қатысуымен өткен брифингте сондай-ақ, ет, астық экспорты, Нұр-Сұлтан қаласы іргесіндегі елді мекендердің жағдайы, олардағы инфрақұрылымның, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы және басқа да көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер жайында көптеген сұрақтар қойылып, облыс әкімі оларға нақты, толыққанды жауап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар