Әлқисса, асылықпен не әсірелікпен жазып, айта береді демеңіздер. Бағалай білсек, бұл – рухани жаңғыру тұрғысына орай, шынайы еңбек адамының өсіп-өнуі. Еңбекпен елге танымал болып, үлкен шаңырақты, ең бастысы, кеншілер династиясын құрушы – Бестөбе азаматы Тама Еркебұланов. Нық шегедей өз орнын ойып тұрып еншілеген бұл жалғанда кеншілер еңбегінің туын желбіретіп көтерушілердің бел ортасындағы көшбасшы. Дер кезінде танып, уақытында бағалау жеке адам үшін емес, ұлт үшін, ұрпақ үшін, ел үшін қажет.
Қан жүгіртер көк тамырдай өз жұмыстарын, қызметтерін толыққанды атқара алмаса, ұлт кемелденбейді, құдіреттенбейді, өрбімейді, алға баспайды. Өткеніміз туралы тек хабарламашы ғана болып қоймай, сонымен бірге, өмірдің өзі үйретушісі болатынына мынандай дәлел, дәйектерді ұсына отырып, айта кетелік. Тама аға құжат бойынша 1927 жылы дүниеге келген. Ол еңбекте тасы өрмелеген, асуларды бағындырған құрметті кенші аталарына ұқсап, еңбекке ерте машықтанды.
Алғашқы еңбек жолы Бестөбенің кен ауласында басталды. 1946-1949 жылдары Западный шахтасында жұмыс істеді. Бірте-бірте оза шауып алға ұмтылып, мамандықтар меңгеріп, абыройлы да атақты кенішлердің біріне айналып, жоспарларын асыра орындаған. Мәселен, 1959 жылы – 148, 1960 жылы – 134, ал, 1961 жылы 146 пайыз, 2 жыл 7 айда 141 пайыз орындай отырып, атақ-абыройын асқақтатады. Соның арқасында адал еңбегімен отандық марапаттарға ие болды. «Құрмет Белгісі», «Еңбек Даңқы» ордендері, ІІІ дәрежелі «Кенші Даңқы», 1948-1978 жылдардағы мерейтойлық медальдармен, «Берлинді алғаны үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» медальдарымен қоса «Коммунистік еңбек екпіндісі» төсбелгісі, тағы басқа марапаттарға ие болған.
Тама аға Нағима апайға үйленіп, екеуі Күлжиян, Тілеулес, Өмірсерік, Өмірәлі, Ақылбай, Сатыпалды, Құрманғазы, Майра, Ақбөпе, Құрманғалым, Құрманғали, Көбеген есімді 13 перзент сүйді. Қазір ақсақалдың баласы Көбеген тұратын мұражай үйді кеніш басшылары салып берген болатын. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ағайдың төрт баласы шахтер. Құрманғазының жұмыс өтілі – 40 жыл, Құрманғалынікі – 25 жыл, Құрманғалидікі – 30 және Көбегеннің жұмыс өтілі – 24 жыл. Немересі Дарханның да ата-әкелерінің ізін қуып, тәжірибелі шахтер боламын деген арманы болатын.
Өкінішке орай, ол қайтыс болды. Басқа немерелері Ардақ, Дәурен, Бақтияр мен Әсел осы салада еңбек етіп жүр. Осы аталғандар әлі де Западный шахтасында жұмыс істейді. Құрманғалидың фотосуреті «Қазақалтын ТМК» акционерлік қоғамының «Құрмет тақтасына» ілініп, мұнымен қоса, суреті Батыс шахтасының алаңында да ілулі тұр.
Ендігі ретте, Тама Еркебұлановқа Бестөбе кентіндегі бір көше атауы берілсе деген тілегіміз бар. Сондай-ақ, тұрған үйіне ескерткіш тақта ілінсе, осының барлығы еңбек адамдарын құрметтеу, келешек ұрпаққа ақ жол тілеу болар еді.
Сыр тербеп, айтсам егер мекенімді,
Сарыарқа өңірінің алтын кенті.
Қазағым, жырға қосар келді кезім,
Қазынам – Аллам берген Бестөбені.
Ақмола, Ерейменнің бір шетінде,
Қулыкөл, Сұңқар қия, Сілетіде.
Масалы, Бөгембай бар жел өтінде,
Төсбұлақ, Миялы да жол үстінде.
Балқабек, Жуантөбе теріскейде,
Жақсы тұз, Нау қопасы бір мәртебе.
Байғауыл, Баутан менен Тасөткелдер,
Соқсаң соқ шатқалына тең келе ме?!
Топырағы Бестөбенің алтын ғой деп,
Ғұлама Шахман халфе айтқаны рас.
Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
Біздерге ұлы Абайдан қалған мирас.
Тазаның бұл жалғанда бірі – алтын,
Білмейміз жаратушы берген парқын.
Айғағы тау қопарып, тасты үгітіп,
Қажеті үшін оны ашқан халқым.
Кен орны Бестөбенің ашылғалы,
90 жыл, бұл дағы бір ғасыр әні.
Дүр етіп аты шыққан көптің бірі,
Ол кенші – Еркебұлан Тама аты.
Тумысы Толағайдай тым ерекше,
Ұстайды, еңбек үшін сөзін берсе,
Осы бір ата, әке, ел өренін,
Жүрейік жарқыратып біздер есте.
Амантай МҰСАЛИМОВ.