Ғылыммен қанаттанған дос

Уақыт, шіркін, тынымсыз тықылдата соққан сағаттың тілі. Мына жарық дүниеге келген әр пенденің өмірден алар ғұмырын да өлшеп, екшеп отыратын сол. Қай кезде, қай сәтте тоқтарын ешкім де дөп басып айта алмайды. Тек соңғы тынысын алдырып, кеудедегі жүрек – сағат тоқтағанда ғана адам баласы өзін мына өмірге қонақ болып келгенін сезінеді. Өйткені, ол аз күнгі қызығымен алдандырып ғұмыр көшінің бетін қайта оралмас сапарға қарай бұрып жібереді. Артында тек елі, халқы, ұрпағы үшін жасаған игілікті істері, дос-жарандары арасындағы жарқырап жүрген жайдары да жайсаң мінездері санада сан қайтара жаңғырып жатады.

Менің осылайша шыжымдап алыстан орағыта сөз сұрыптауымда адал дос, абзал азаматқа деген сарғайған күздің сан түрлі бояуына малынған сағыныштың сарытаптана бастаған қимастық сезімі бар. Ол – балалық балғын кезімнен жайраңдай жүріп, қанаттаса қатар ұшып, өмірдің қиясы мен өрінде, еңісі мен ойпаңында жұп жазбаған досым Серік Әйткешұлы Мәкен турасындағы толғаныстан туған тебіреніс. Өйткені, Секеңмен Ақмола облысы Ақкөл (Алексеевка) ауданындағы Кеңес орта мектебінде 8-10 сыныптарда бірге оқып білім нәрінен сусындадық, сондағы интернаттың төсегінде айқара құшақ ашып бірге жаттық. Біздің сырлас та сыралғы достығымыз осылай сабақтасып, қариялылықтың кертөбеліне мінгенше жалғасты. Дүние-дәурен деген осы!
Дос қандай, досыңның кіндік қаны тамған жер, өскен орта қандай? Бүгінде енді оны өткен шақпен айтуға мәжбүр болып отырған жай бар. Баршамызға мәлім, қазақтың жазиралы Ұлы даласының қай қиырына көз салсаңыз да келісті көркіне тамсанбас жан жоқ. Сексен көлді, жер шоқтығы – Көкшетау, Шайтанкөлді тау басына көтерген – Қарқаралы, көз жасындай мөлдірлігімен мейір қандыратын Жасыбайдай көлімен ерекше Баянауыл, бел-белесі, қырат-қырқасы тізбектелген, алыстан мұнар тартып тұратын Ақдіңі мен көгіне күн ілдірген Күншалғаны, Сұңқарқия, Найзатасында тау қырандары ұя салып, қанат серпіген, арқарлары қия жартасында ойнақ салған Ерейментау – бәрі-бәрісі табиғат-ананың мырзалығынан жаратылған келісті өңір екендігіне талас жоқ. Ал, менің досым Серіктің туып-өскен өңірінің келістілігі де бұлардан кем дей алмайсың. Ен жазықты, қарағайлы, шыршалы, ақ балтырлы қайыңды, айна көлді, сансыз мөлдір бұлақты Ақкөл өңірі. Сол аймақтағы Аманкелді ауылында 1946 жылы дүние есігін ашып, оның бесігінде тербеліп, ауасымен тыныстап, мөлдір бұлағынан мейірін қандырған жан.
Біздің мектеп бітіру уақытымыз Қазақстанда екінші «тың игеру» саналған өрісті жабатын ақтылы қойдың санын 50 миллионға жеткізу науқаны белең алған кезеңмен тұспа-тұс келді. Бұл 1963 жыл болатын. Оның үстіне еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне, әсіресе, етпен қамтамасыз ететін саланың өсімтал түрі ретінде қой өсіру ісіне белсене ат салысқандардың екі жыл еңбек өтілінен соң жоғары оқу орындарына түсуіне жеңілдік те қарастырылу көзделген-ді. Әйтеуір, кеңестік дәуірдің ұраншылдық науқанының бел ортасына менің досым Серік те топ етті. Сөйтіп, жалындаған жастық жігердің бойды тасытқан қайратын «екінші тыңда» сынап көру үшін Қорғалжын ауданының «Аршаты» кеңшарынан бір-ақ шықты. Оның мұндай қадамға баруы өз отбасындағы төрт інісі, екі қарындасы қанаттарын қатайтып, бауырларын жазуына себім тисін, жағдайларының жақсаруына аздап болса да қол көмегімді берейін деген ниеттен де туған деуге болады. Алайда, қайтсем де жоғары білім алуым керек деген талпынысты талабы оның «күндіз ойынан, түнде түсінен» шықпайтын арманы болып санасында әрдайым жаңғырып тұратын. Сол арманды мақсатының отын өшірмей, «Аршалыдағы» комсомол-жастардың шопандар бригадасында үзіліссіз 1963-1965 жылдарда екі жыл еңбек етіп, жұмыста ысылған азамат болып қалыптасты. Еңбексіз, қарекетсіз, талпыныссыз ештеңеге оңайшылықпен қол жеткізуге болмайтындығын жадына түйе алды.
Мақсатты адамға көрінген таудың алыстығы болмайды. Серік Әйткешұлы досым шопандық кәсіптің мектебінде еңбекке ысылған қадамынан соң, ақбас Алатаудың етегіндегі көркі көз тойдырған Алматыға да қадам басып, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазір Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы) тарих факультетіне құжаттарын тапсырып, оны 1969 жылы ел қатарлы сәтті аяқтап, жоғары білімді тарих пәнінің оқытушысы мамандығын алып шықты. Сол дипломымен Аршалы (бұрынғы Вишнев) ауданында өз мамандығынан мектепте шәкірттеріне дәріс берді. Қатардағы көп оқытушының бірі болмай, өзіндік ізденіс, талпыныстарымен университетте алған білімін үнемі тереңдетумен айналысты, жаңаша өре мен өріс ашуға ұмтылыстарымен көріне білді.
Осы бір рет таңдаған мамандығына адалдығын бүкіл саналы өмірінің алтын қазығына айналдыра алды. Соның нәтижесінде мектептегі мұғалімдіктен сол кездегі С.Сейфуллин атындағы Целиноград педагогикалық институтының тарих кафедрасына оқытушы болып орналасты. Бұдан соң Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде ұстаздық жолын одан әрі жалғастырды. Аталған екі оқу орнында тынымсыз еңбекқорлығымен ғана танылды, ғылыми жұмыстармен де етене шұғылданды. Бұл жайында ғылым саласында қатарлас, қанаттас жүрген әріптестері менен де толығырақ, мәнді де мазмұнды етіп жеткізе алады деген ойға бекінгендіктен, жан досымның бұл бағыттағы тындырған жұмыстарына тоқталуды өз басым артық санадым. Алайда, Серік Әйткешұлы Макеннің тарих ғылымының кандидаты атанғаны, осы факультеттің деканы сияқты лауазымды қызмет тұтқасын ұстағандығы соның айғағы, мен соны мақтаныш етемін.
Шынында да, Секең адамгершілігі өте жоғары азамат болды, жүрген ортасында бедел мен абыройға бөленіп жүрді. Мектептік шақтан достығымызға қылау түспегендіктен, ол да мені айрықша қадірлейтін. Тіпті екі сөзінің бірінде өзінің өмірлік серігі, адал жары Майра екеуі 1979 жылы қосылғанда күйеу жолдастыққа мені таңдап алуының өзі маған деген достығының шынайылығының көрінісі деп бағалаймын.
Сол бір қызықты дәурен, білім мен білік қуған, дос-жарандық іргеміз ажырамаған күндер де біздерден алыстап барады. Екеуміз 2009 жылы бірдей зейнеткерлікке шықтық. Мен осы күнге дейін Нұр-Сұлтан қаласы Ардагерлер кеңесінде қызмет атқарып келемін. Ал, Серік Әйткешұлы 2015 жылы денсаулығына байланысты Еуразия Ұлттық университетіндегі қызметінен біржолата қол үзді. Алайда, арамыздағы байланысымыз үзілген емес. Күнде болмаса да, бір-бірімізді іздеп хабарласып жататынбыз. Нағыз сырласатын, туған бауырдан кемі жоқ шынайы ақжарылқап досым еді ол.
Секең көп ауырған жоқ. Өмірден озарынан бір күн бұрын екеуміз телефон арқылы көп сөйлестік. Сонда ол: «Елге барып келдім. Жолда күн ыстық болғандықтан самалдайын деп көліктің терезесін ашып қойып едім, содан суық тиіп қалса керек. Бір терлесем кетеді ғой», – деген. Ал, ертеңінде аяулы досым Серіктің өмірден өтіп кеткен қазасын естіп, қайғының қара тұңғиығына шым батқандай есеңгіреген хал кештім.
Алайда, артында досымның атын өшірмейтін Майрадай асыл жары, бірі заңгер, бірі дәрігер дегендей Айгүл, Раушан, Нұрлан есімді жоғары білімді ұрпағы, олардан өрбіген немере-бұтақтары қалды. Сондықтан да сөз соңын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың мына бір жыр жолдарындағы:
Күн қайда асығады,
Нендей күш күннің көзін жасырады?
Қызарып соңғы сәуле шашырады.
Күн түйе алмай барады шашын әлі,
Несіне асығады?
Көкжиекке ымырт кеп асылады.
Түн келіп дүниені басынады.
Күн неге асығады?! –
деген өлең өрімдерімен түйіндегенді жөн көрдім. Менің абзал, қимас досым Серік Әйткешұлы қырдан әрі қарай еңкейген күнмен бірге мәңгіліктің ақбоз атымен сапарлатып кеткендей көрінеді.
Бақұл бол қайран, ДОС!
Есболат ДҮЙСЕНОВ,
Нұр-Сұлтан қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар