Биылғы жылы Сандықтау ауданының орталығында әмбебап дүкен ашылды. Сондай-ақ, Бірлік ауылында шиномонтаж шеберханасы іске қосылды.
Ауыл тұрғындары «Еңбек» бағдарламасының арқасында мемлекеттің қолдауына ие болып отырғандарын айтты. Осы орайда, жергілікті жеке кәсіпкерлер бизнес-жоспарларын жасап, кәсіпорындарын ашуда.
Әмбебап дүкеннің ашылуы аудан орталығының тұрғындары үшін зор қуаныш болды. Жаңа маркет қаланың ірі сауда дүкендерінен кем емес. Азық-түлік пен тұрмыстық тауарлардың түр-түрі қойылған. Сондай-ақ, сөрелерде жергілікті өнімдер де бар.
–Бастапқыда шағын бөлім аштым. Біраз уақыттан соң осы бөлімді кеңейтіп, жұмысты жандандырғым келді. Оған өз қаражатым жеткіліксіз болды. Кейін «Еңбек» бағдарламасы туралы естіп, жергілікті әкімдікке жолықтым. Наурыз айында арнайы курста оқып, несие алуға құжаттар жинадым да, 6 пайызбен 6 миллион теңге несие алдым, – дейді жеке кәсіпкер, дүкен иесі Роман Локусов. Бұл ақшаға Роман сауда орнын кеңейтіп, тауарлар түрін көбейтті, бөлшек және көтерме сауданы жүзеге асырды. Көтерме сауда тұтынушылар үшін тиімді. Олар осы үшін облыс орталығына қатынамайтын болды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тағамдарының бағасы ерекше назарда. Мәселен, жергілікті наубайханада пісірілген ыстық нан 95 теңгеден сатылады. Бұдан бұрын Бірлік ауылының тұрғындары көлік дөңгелектерін ауыстыру үшін 60 шақырымды еңсеруге мәжбүр болатын. Бұл қолайсыздықты жете түсінген Ризван Тепсаев та өз кәсібін ашуды ұсынды.
–Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламасы бойынша өз шеберханамды аштым. 530 мың теңге көлемінде грант алып, бизнесімді ұлғайттым. Бүгінгі таңда ісім өрге басты, – дейді жеке кәсіпкер.
Осылай ауданда жыл өткен сайын шағын және орта бизнес субъектілерінің саны көбейіп келеді. Бүгінгі күні халыққа қызмет көрсететін осындай нысандар басты назарға алынған. Алдағы уақытта бұл қызмет көрсету орталықтары кеңейіп, жаңа жұмыс орындары ашылатыны сөзсіз. Осыған кейінгі кезде қабылданған «Еңбек» бағдарламасы да айтарлықтай серпін беріп, ауыл тынысын аша түсуде.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.