Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр мен Нұрлы көш елді мекендеріне қатынайтын бұрынғы ескі автобустар жаңа автобустармен ауыстырылды. Бүгінгі таңда осы маршруттарды қамтитын жаңа автобустар саны 13. Осының нәтижесінде 13 автобус жаңартылды. Сөйтіп, жолаушылар тасымалында туындаған өзекті мәселелер біртіндеп өзінің шешімін табуда.
Жырау Тұрғынбай Нұрлы көш ауылына 2009 жылы қоныстанған екен. Содан бері бұл бағыттағы жолаушылар тасымалдау мәселесі жауыр болғанын айтады. Алғашында бұл ауылға 3 автобус қатынапты. Кейін оның саны бесеуге жеткен екен. Бірақ, елдегі карантинге байланысты автобус саны қысқартылып, сағатына бір-ақ рет жүретін болыпты. Алдағы уақытта ауылдың ортасына дейін қатынайтын автобустың бағыты өзгермекші. Осы орайда, жаңа аялдамалар орнатылып жатыр.
–Бұрын аялдамалардың ара қашықтығы 100-200 метрді құрап, стандартқа сәйкес келмеді. Автобус әрбір бағана сайын тоқтайтын. Ал, ауылдың ұзындығы бір шақырымды құрайды. Оның екінші шетінде тұратын адамдар, әсіресе, балалар мен егде адамдар орталықтағы аялдамаға бару үшін қиналатын. Осы жағдайды айтып, облыстық және Көкшетау қалалық әкімдіктеріне хат жаздық. Ұсынысымыз ескеріліп, көшелерге жаңа жол салынды, аялдамалар орнатылды,–дейді Нұрлы көш ауылының тұрғыны Жырау Тұрғынбай.
Осы бағытта жүретін жаңа көліктің біріне тәжірибелі жүргізуші Сергей Виноградов жайғасқан екен. Ол қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған көліктің жолаушылар үшін ыңғайлы екенін айтты.
–Баспалдағы жоқ автобустарға жолаушылар қиналмай кіреді. Сондай-ақ, көліктің барлығында «Клеринг» қосымшасы орнатылған. Оның көмегімен мүмкіндігі шектеулі жандар автобусқа емін-еркін кіріп шыға алады. Көліктің ішінде кварц аспабы орнатылған. Онымен күніне 3-4 рет автобус ішін залалсыздандырып отырамыз,–дейді жүргізуші.
Бүгінгі күні Көкшетау автобус паркінің техникалық базасы толығымен жаңартылыпты. Облыс орталығындағы жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын серіктестіктегі 74 көліктің басым бөлігі өздерінің меншігінде.
–Краснояр селосының тұрғындары жыл санап көбейіп келеді. Сондай-ақ, саяжайлар маңында «Құлагер» жаңа шағын ауданы бой көтерді. Осы және тағы басқа жағдайларды ескеріп, жаңа 30 автобус сатып алдық. Бір автобустың құны 53 миллион теңгені құрайды. Бұл көліктер халық көп шоғырланған он шағын ауданға қатынайды,–дейді «Көкшетау автобус паркі» серіктестігінің директоры Әсия Шәрімова бізбен әңгімесінде.
Қазір коронавирусқа байланысты қоғамдық көліктердегі санитарлық нормалар қатаң сақталуда. Жаңа автобустардың барлығында антисептиктер мен залалсыздандыру қондырғылары орнатылған. Жаңа автобустардың Көкшетау қаласының көшелеріне сән бере түскені анадайдан байқалады.
Жомарт ДОСМҰҚАНОВ.