Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев жұмыс сапарымен Жарқайың, Есіл және Жақсы аудандарында болып, өңірлерде әлеуметтік сала мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес салаларында атқарылып жатқан жұмыстарға назар аударды, олардың сапасы мен қарқынын арттыру мәселелеріне көңіл бөліп, жергілікті басшыларға мемлекеттік бағдарламалар аясында қолға алынған жобаларды уақытында жүзеге асыруды тапсырды.
Үстіміздегі жылы Ақмола облысында мемлекеттік бағдарламалар аясында ірі және шағын ауылдардағы ондаған мектеп, аурухана мен мәдениет үйлері жөндеуден өткізілді. Соның ішінде Жарқайың ауданының елді мекендері де бар. Мыңнан астам тұрғыны бар Уәлиханов ауылында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілген. 82 миллион теңгеге ғимараттың есік, терезелері, инженерлік желілері мен шатыры ауыстырылған. Жөндеу көрген мәдениет үйінің іші-сырты анадайдан көз тартады. Екінші қабатында кітапхана мен коворкинг орталық орналасқан. Сапар барысында осында ат басын бұрған облыс әкімі Уәлиханов экономикалық жағынан мықты ауыл екенін, мұндағы диқандар орақ науқанында талмай еңбектеніп, мол астық алуға зор үлес қосқанын атап өтті. –Ауылды дамытуға мүмкіндік бар. Ең алдымен осындай елді мекендерге назар аударуымыз қажет, – дей келе, Ермек Маржықпаев мәдениет үйіне жүргізілген жөндеу жұмыстарына жақсы баға беріп, үлкен теледидар тарту етті. Уәлиханов ауылындағы мектеп 1986 жылы салынған. Білім ошағына «Ақ-Бидай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі секілді жергілікті тауар өндірушілер қолғабыс ететін көрінеді. Алайда, мектеп басшылығының айтуынша, мектеп ғимаратының шатыры жөндеуді қажет етеді. Осы орайда, облыс әкімі жобалық-сметалық құжаттар дайын болғаннан кейін шатырды жөндеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінетінін айтты.
Үстіміздегі жылы Державинск қаласындағы Н.Крупская атындағы орта мектепке де күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Апатты жағдайда тұрған мектепті жаңартуға «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы арқылы бөлінген 300 миллион теңге қаржы жұмсалған. Мектеп директоры мұнда оқушылар санының жыл санап көбейіп келе жатқанын айтады. Оқушылардың жаңартылған мектепте оқуға мүмкіндік алғандары өз алдына, енді олардың және аудан спортшыларының жаңартылған көпбейінді кортта спортпен айналысуға жағдайлары бар. Ұстаздармен кездескен облыс әкімі білім сапасын және педагогтардың білім деңгейін арттыруды тілге тиек етіп, мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында қолға алынып жатқан шаралар білім сапасына да оң әсер етуге тиіс екенін айтты.
Бұл күні Ермек Маржықпаев Державинск қаласы тұрғындарының қуанышына ортақтасып, баспана кезегінде тұрған жетім балаларға, жас мамандарға, көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға «Молодежный» шағын ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы қалпына келтірілген 60 пәтерлі тұрғын үйдің пәтер кілттерін табыс етті. Жоба құны 265 миллион теңге. Айта кету керек, мердігер компания құрылысты мерзімінде қолға алып, аяқтаған. Бұл осы шағын ауданда қалпына келтіріліп, пайдалануға берілген жетінші үй. Кезінде қараусыз қалған, қалпына келтіруді қажет етіп тұрған мұндай нысандар аудан орталығында әлі де бар. Тұрғындарды қоныс тойларымен құттықтаған әкім әр отбасын баспанамен қамтамасыз ету мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті.
– Облысымыз тұрғын үй бағдарламаларына белсенді қатысуда. «Нұрлы жер» бағдарламасы іске асырылған үш жылда шамамен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй салынды. 13 мың ақмолалық отбасы баспана мәселесін шешті, – деді Ермек Маржықпаев.
Биыл Державинск қаласында тазарту қондырғысы бар канализациялық сорғы станциясы пайдалануға берілген. Қаладағы тұрғын үйлердің жартысы орталықтандырылған су ағызу жүйесіне қосылған. Басқа да нысандар жергілікті септиктерден орталықтандырылған су ағызу жүйесіне ауысуда. Осы ретте облыс әкімі жобаға бюджеттен 2 миллиард теңге қаржы жұмсалғанын, бірақ, бұл дұрыс қадам болғанын атап өтті.
– Аудан орталықтарының барлығында бірдей тазарту қондырғылары жоқ. Біртіндеп осындағы барлық нысандар тазарту станциясына қосылып, қондырғыны толық қуатына көшіру қажет, – деді әкім.
Есіл ауданында да әлеуметтік салада атқарылған жұмыстар аз емес. Аудан орталығында «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде бірден екі мектеп күрделі жөндеуден өткізілген. Әсіресе, сонау өткен ғасырдың алпысыншы жылдары салынған №1 орта мектеп түгелдей жаңартылған. Келер жылдың қаңтарында мұнда қажетті құрал-жабдықтар әкелінбекші.
Есілде болғанында облыс басшысы 45 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен де танысып, мердігер компанияға құрылысты сапалы жүргізуді және уақытында пайдалануға беруді тапсырды. Тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынуда. Есіл ауданының шағын және бизнес иелері «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына белсенді қатысуда. Мәселен, осы жоба аясында есілдік кәсіпкер құрылыс материалдарын сататын дүкен ашқан.
Ауданға сапары кезінде әкім үстіміздегі жылы жөндеуден өткізілген орталық аудандық кітапханада болды, сонымен қатар, «Рау Агро» серіктестігінің сағатына 2,5 тонна құрама азық шығаратын құрама азық зауытының құрылысымен танысты. Кәсіпорын жұмысты бастауға дайын. Мал шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар үшін зауыттың көп көмегі тиері анық. Тіпті, мал азығына қазірден тапсырыс беріп жатқандар бар көрінеді.
Бүгінде Жақсы ауданында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Облыс әкімі мұнда «Агрофирма ТНК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің компаниялар тобына кіретін «Новокиенка» серіктестігінде болды. Шаруашылық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсірумен және сатумен, қазақтың ақ бас тұқымды ірі қара малын көбейтумен, мал бордақылаумен айналысады. Серіктестік басшысы Бейбітжан Молдахановтың айтуынша, мал бордақылау алаңына жалпы 3 мың бас мал қоюға болады, қазіргі таңда ол толық. Бордақыланатын мал сырттан сатып алынады және өздерінде төлдеген малдар да бордақыланады. Биылғы жылы облысымыздың ет комбинаттарына шамамен 800 мал жөнелтіліпті.
Жақсылықтар да «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының игілігін көруде. Биыл мұнда бағдарлама аясында және облыстық бюджет қаражатына 6 мектеп жөндеуден өткізілген. Солардың қатарында Новокиенская және Белағаш орта мектептері де бар. Әкімнің ауданға сапары кезінде аудандық аурухананың бос жатқан ғимаратын медициналық қызметкерлерге арнап тұрғын жай етіп қайта салу туралы идеясы бірауыздан қолдау тапты. Бос жатқан ғимаратты жаңартуға кететін шығын жаңа тұрғын үй салуға жұмсалатын қаржаттан анағұрлым аз. Осы айдың үшінші онкүндігінде ол тұрғын үй ауданға жаңадан келетін жас дәрігерлерге берілмекші. Сапар соңында облыс әкімі «TNK Агрофирмасының» қаражатына салынған 27 пәтерлік тұрғын үйді көрді.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Жарқайың, Есіл, Жақсы аудандары.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.