Лондонда Абай әндерінің тұңғыш жинағының онлайн-тұсаукесері өтті. Кітапты ұлы қазақ ақыны және философы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай Ұлттық аударма бюросының қолдауымен Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі жарыққа шығарған. Жоба авторлары әдеби шығармашылықпен қатар, бай музыкалық мұра қалдырған Абайды бүкіл әлемге жаңа қырынан таныту идеясын ұстанған.
– Абайдың поэзиясы, философиялық және мәдени еңбектері халықаралық деңгейде танымал дүние. Бірақ, оның музыкалық мұрасы туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Сондықтан, осындай кітап шығаруға бекіндік. Кітапта Абайдың ең танымал әндері жинақталған. Басылымның басты ерекшелігі оның QR-кодтары бар. Солар арқылы біздің шетелдік достарымыз веб-сайттарға сілтемелер жасап, қазақ музыканттарының орындауындағы Абай әндерін тыңдай алатын болады, – деді кітаптың тұсаукесерінде Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшісі Ерлан Ыдырысов.
Салтанатты шараға орай, Абай әндерінен құралған онлайн-концерт те өтті. Бастапқыда ұйымдастырушылар іс-шараны концерттік залда өткізуді жоспарлаған екен. Осылайша британиялық көрерменге қазақ музыкасының ғажайыбын танытуды мақсат еткен. Бірақ, қазіргі әлемді жайлаған коронавирус пандемиясы кедергі болып отырғаны сөзсіз. Жаңа британиялық поп-сенсация, әнші әрі автор Смайли (Smilee) «Көзімнің қарасы» әнін ағылшын тілінде орындап, тыңдармандарын тамсандырды. Ньюкасл қаласынан келген жас әнші, ақын және композитор Аннабель Паттинсон болса, «Желсіз түнде жарық ай» әнін Шекспир тілінде нақышына келтіріп шырқады. Ал, қазақстандық өнер қайраткерлері және жас орындаушылар Айман Мұсаходжаева, Ерлан Рысқали, Ержан Максим, тағы басқалары симфониялық оркестрдің, домбыраның және фортепианоның сүйемелдеуімен жүрек тербер Абайдың әндерінен шашу шашты. Шығармалардың ағылшын тілінде жазылуына әйгілі шотланд ақыны, профессор Джон Бернсайд атсалысқан. Ол әдеби аудармалар арқылы түпнұсқаға барынша жақын болуға тырысқан. Қазақстандық тарап Бернсайдты сөзбе-сөз аудармамен қамтамасыз етіп отырды.
– Өте қиын болды. Бірақ, талап үдесінен шығуға тырыстық. Өйткені, бұл жобаға өз басым қатты қызықтым. Абай өлеңдерінің ритмикасын жоғалтпай, дәлме-дәл аудару басты талап болды. Сонымен қатар, ұйқас жағын да ұмытпау керек болды. Мұндай өлеңдер аударылғанда, әдетте, бұл стратегия қолданылмайды, – деді Джон Бернсайд. Жинақтың ішінде 3 күй және 23 ән бар. Сонымен қатар, Абай әндерінің мәтіндері мен партитуралары қоса тіркелген.
Сонымен, ағылшын тілінде жарық көрген Абай әндерінің алғашқы тиражы – 1500 дана, оны интернеттен де табуға болады. Кітап музыкалық білім беру орындарына таратылмақ.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.