«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалында өткен Ақмола облыстық және Көкшетау қалалық мәслихаттары депутаттарының кәсіподақ мүшелерімен және белсенділерімен кездесуінде азаматтардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау мәселелері талқыланды.
Отырыста Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығының және үйлестіру кеңесінің төрағасы Қали Рахметов баяндама жасады.
Ақмола облыстық кәсіподақтар орталығы құрылымы 1224 бастауыш және 6 ірі ұйымды біріктіретін 7 аймақтық филиалдан тұрады. Ағымдағы жылдың 1 қаңтарына кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 72 998 адамды құраған. Баяндамашының ай-туынша, 2020 жылғы 30 қарашадағы жағдай бойынша облыста 84 703 еңбек шарты жасалып, бұл жоспардың 114 пайызын құраған. Келісім-шарттардың ең төменгі пайызы Қорғалжын, Ерейментау, Аршалы, Біржан сал және Ақкөл аудандарында байқалады.
Кәсіподақтардың негізгі қызметтерінің бірі – жұмыс орындарында қауіпсіз еңбек жағдайын, жұмысшылардың мүдделері мен денсаулығын қорғау екенін атап өткен Қ.Рахметов:
– Біз «Қауіпсіз жұмыс» бағдарламасын жасадық, ол әлеуметтік серіктестік жөніндегі аймақтық үшжақты комиссия деңгейінде мақұлданғаннан кейін сәтті жүзеге асырылуда, – деп мәлімдеді. Әрине, Ақмола облысының кәсіпорындарында болған апаттарға қатысты жағдай да назардан тыс қалмады.
2020 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша облыста 49 өндірістік апат тіркеліп, 57 жұмысшы зардап шеккен. Оның 15-і өліммен аяқталса, қаза тапқан жұмысшылардың кінәсінің деңгейі 60 па-
йыздан 100 пайызға дейін, алтауы топтық жазатайым оқиғалардан болған. 49 апаттың 14-і ауыл шаруашылығы саласында анықталған. Степногорск қаласындағы «Қазақалтын» тау-кен металлургия концерні акционерлік қоғамындағы шахталарының филиалдарында ғана 14 апат болып, оның біреуі кісі өлімімен аяқталған.
Қ.Рахметовтың айтуынша, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау жөніндегі шараларды күшейту мәселесі өте өзекті болып отыр. Үйлестіру кеңесінің шешімімен кәсіподақтардың жедел штабы құрылған. Қашықтықтан жұмыс істейтін қызметкерлердің жұмысына толық ақы төленуі тиіс. Әзірленген ұсыныстарда жұмысшылардың құқықтарын бұзған және оларды ақысыз демалысқа жіберуді көздеген жұмыс берушілерге жауапкершілік қарастырылған.
– Төтенше жағдай және карантин кезеңінде 42 500 теңгені төлеуге 170 мың өтініш келіп түсті, 167 мың адамға 17,8 миллиард теңге төлем төленді, – деді төраға. Отырыс барысында тақырып қызу пікірталас тудырып, тыңдаушылар «Заң бұзушылық болған кезді қалай түсінуге болады? Неліктен қызметкерлерді жұмысқа келісім-шарт жасамай қабылдауға рұқсат етіледі?» деген сияқты бірқатар сұрақтар қойды. Кездесуге қатысушылар аталған мәселелердің барлығында әлеуметтік желілерде халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет екенін атап өтті. Жергілікті бизнес өкілдері кәсіподақтарын құру саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Мәселен, Көкшетау автобус паркінің директоры Әсия Шәрімова автобустардағы цифрландыру ісі жұмыстың ашық түрде жүргізілуіне көмектесетінін атап өтті. Осының арқасында кәсіпорын жұмысшыларына жалақы төлеу және салық төлеу уақытында жүзеге асырылатынын да жеткізді.
Кездесуге қатысушылар кәсіподақ ұйымы құрылған ұжымдарда бақылау да жақсы болады деген қорытындыға келді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында кәсіподақ ұйымдарын құру қажеттігі туындап отырғаны баса айтылды.
Кездесуге қатысушылар отырыс-ты қорытындылай келе, талқыланған проблемалық мәселелерді «Nur Otan» партиясының алаңында егжей-тегжейлі қарастырып, заңға өзгертулер енгізуге ұсыныстар әзірлеуге шешім қабылдады.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.