Степногорск қаласының іргесінде орналасқан Ақсу кентінің тұрғындарына су жаңа жедел жәрдем көлігі сыйға тартылды. Жергілікті компания өкілдері жергілікті медициналық нысанға арнайы көліктің кілтін табыс етті.
Осыған дейін қалалық аурухананы айтпағанда, жергілікті фельдшерлік-акушерлік қосынға жетудің өзі қиын болатын. Өйткені, арнайы көлік жоқ. Әсіресе, жер-жаһанда індет өршіп тұрғанда жағдай тіпті қиындай түсті. Тұрғындардың өтінішін ескерген жергілікті компания медициналық мекемеге талапқа сай жабдықталған жедел жәрдем көлігін сыйға тартты. Ақсу кентінің әкімі Марат Смағұлов өз сөзінде жаңа машина сыйлағандарға алғысын білдірді.
Осыған дейін құрамына компания өкілдері, атқарушы орган және ауыл тұрғындары кіретін жұмыс тобы құрылған болатын. Оның мақсаты – әлеуметтік мәселелерді шешіп, ақсулықтардың негізгі қажеттіліктерін анықтау. Міне, бұл қуаныш та бастамашы топ жұмысының жемісі. «Казахалтынtechnology» компаниясының бас директоры Семен Ханның айтуынша, көлікті сатып алу үшін қаржы жиналып, біраз күш жұмсалған. «Жедел жәрдем» көлігі дыбыстық-дабыл құрылғылары және арнайы белгілермен жабдықталған. Оның құны 6,5 миллион теңгені құрап отыр. Ақсу кентінің тұрғыны Минуара Өтеуова да қуанышын жасырмады.
–Барлық кездесулерде осы мәселені көтеріп келдік. Енді міне соған қол жеткізіп отырмыз. Көліктің қызметі тек жақсылыққа бағытталсын. Тұрғындардың алғысы шексіз, – дейді ол.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.