Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Отандық өндірісті дамытуға инвестициялар салынып, комбайндар шығарылуда - АРҚА АЖАРЫ

Отандық өндірісті дамытуға инвестициялар салынып, комбайндар шығарылуда

Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров кезекті жұмыс сапарымен Көкшетау қаласында болып, бірқатар өндіріс орындарын аралап көрді, кәсіпорындардың материалдық-техникалық жарақтандырылуына, жиналған астықты сақтап, өңдеу, ауыл шаруашылығы, ет және сүт өнімдері өндірісін кеңейту, мәселелеріне назар аударды. Министрдің өңірімізге сапары кезінде облыс әкімі Ермек Маржықпаев бірге болды.

Министр алдымен, Көкшетау қаласында комбайн шығаратын «Kazrost Engineering» компаниясында болды. Кәсіпорынның бас директоры Дарын Иманмұсаев атап өткеніндей, зауытта өндіріс көлемін ұлғайтып, жылына 800 комбайн құрастыру жоспарланып отыр. Осы бағытта жобаға 7,5 миллиард теңгеден астам инвестиция салынған. Бүгінгі таңда кәсіпорында «Вектор» және «Acros» тәрізді алымдылығы жоғары астық комбайндары шығарылады. Сонымен бірге, астық тиегіш, шалғы сияқты ауыл шаруашылығы техникалары құрастырылады.

– Компания жаңа екінші цехтың құрылысы мен өндірісті жаңғырту есебінен өндіріс көлемін ұлғайтып отыр. Комбайн құрастыратын қосымша тағы жеті бекет ұйымдастырылды. Бұдан бөлек, бізде бояп кептіретін жаңа кешен жұмыс істейді. Бұл бізге бірінші кезекте комбайнның барлық бөлшегін ауа райына қарамастан, үздіксіз бояуға мүмкіндік береді. Екіншіден уақыт үнемдеп, құрастыру жұмыстарын жеңілдетеді, – дейді кәсіпорын басшысы.

Жыл басынан бері кәсіпорында 480 «Вектор» және «Acros» тәрізді алымдылығы жоғары астық комбайндары құрастырылып, оның 400-ден астамы сатылыпты. Дайын өнімді еліміздің астықты облыстары сатып алады. Мұндағы бір комбайнның құны 40-50 миллион теңгенінің шамасында. Бұл комбайндар шетелден әкелінетін техникалардан әлдеқайда арзан, әрі жөндеуге де ыңғайлы.

– Шетелден алынатын ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы қымбат. Өйткені, оған елімізде сұраныс жоғары. Сондықтан, отандық өндірісті дамытып, ауыл шаруашылығы техникаларын өздеріміз шығаруымыз керек, – деді Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров.

Бұдан әрі, министр астық және майлы дақылдарды сақтап, қайта өдеумен айналысатын «Sinegor-Grain» серіктестігі диірмен кешенінің жұмысымен танысты. Кәсіпорын Ресей және Түркияның қазіргі заманғы қондырғылармен жабдықталған. Бір мезетте бидай және майлы дақылдарды қабылап, өңдейтін екі желі бар. Элеватордың қуаты тәулігіне 30 мың тонна болса, диірменнің қуаты 160 мың тонна.

Кәсіпорын басшысы Жасұлан Мәдимұхаметовтың айтуынша, биылғы жылдың шілде айында астық кептіру және диірмен кешені іске қосылған. Жобаның құны 1 миллиард теңгеден асады, оны серіктестік өздерінен төлеп отыр. Алдағы уақытта өндірісті ұлғайту жоспарланған.

– 2020-2022 жылдары май өндіру желісін іске қосу, сондай-ақ, құрама жем өндірісін қалпына келтіру жоспарланған, – дейді Жасұлан Мәдимұхаметов.

Министр сондай-ақ, «Көкшетау сүт зауыты» серіктестігінде 2020 жылдың бірінші желтоқсанында іске қосылған, сүт өнімдерін шығаратын жаңа желінің жұмысымен танысты. Жаңа желі арқылы тәулігіне 50 тонна сүт, айран, қатық, қаймақ, ірімшік, қоспа, құрт, сары май сияқты сүт өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Осы үшін 1,5 миллиард теңге инвестиция салынып, италияндық «СleverMahines» жабдығы орнатылған. Бұл өндіріс көлемін ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр.

Жұмыс сапарын қорытындылаған Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын отандық өндірісті дамыту үшін мемлекет тарапынан ауқымды қолдау шаралары жүзеге асырылып жатқандығын, соны тиімді пайдалану керектігін айтып түсіндірді.

Аслан ОСПАНОВ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар