Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлау туралы Жарлығы және Орталық сайлау комиссиясының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлау туралы қаулысы негізінде саяси партиялар үміткерлер тізімін ұсынды. Осыған орай, Ақмола облысының сайлау комиссиялары 5 саяси партиядан 80 партиялық тізімді тіркеді.
Осыған дейін Ақмола облыстық сайлау комиссиясы өңірдегі саяси партия өкілдерімен кездесті. Сонымен, «Nur Otan» партиясынан 495 кандидат, «Ауыл» халықтық демократиялық-саяси партиясынан 44 кандидат, «Ақ жол» партиясынан 43 кандидат, «Адал» саяси партиясынан 47 кандидат, Қазақстан халық партиясынан 30 кандидат облыстық сайлау комиссиясының тізіміне енді.
Соның ішінде облыстық мәслихатқа 4 саяси партиядан 72 кандидат тізімге алынса, қалалық мәслихаттарда 4 саяси партиялардан 73 кандидат, ал, аудандық мәслихаттарда 5 саяси партиялардың тізімдері бар 415 кандидат енгізіліп отыр.
Құжаттарды саяси партиялар Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес ұсынды. Жалпы, партиялық тізімдердің 317-сі немесе 48 пайызы әйелдер мен 29 жасқа дейінгі адамдар, яғни, 30 пайызға квота орындалған.
Сайлау комиссиялары уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге, партиялық тізімге енген адамдардың Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заңның талаптарына сәйкестігін тексерген. Партиялық тізімге енген адамдар Конституция мен Сайлау туралы конституциялық заң талаптарын қатаң сақтайды. Конституциялық заңға сәйкес барлық саяси партиялар сайлау жарнасын төлеген.
Партиялық тізімдерді тіркеу туралы ақпарат кірістер мен мүлік, декларацияланған кандидаттар мен олардың жұбайлары туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру үшін уәкілетті органға жіберілді. Партиялық тізімдерді тіркеу кезеңінде өтініштер түскен жоқ.
Биылғы сайлаудағы бір жаңашылдық, Парламент пен жергілікті мәслихаттарда пікір қамтамасыз етілмек. Ата Заңға сай Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы 2021 жылдың 10 қаңтарына белгіленді. Бұл саяси науқанның басты ерекшелігінің өзі саяси партиялардан үміткерлер тізімінің ұсынылуы. Белгілі болғанындай, әр партия ұсынған азаматтардың 30 пайызы жастар мен әйелдерді құрап отыр. Мұндай пропорционалды модель әлемдік демократиялық тәжірибеде кең қолданыста.
Ақмола облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Сәдуовтың айтуынша, осыған дейін азаматтардың қандай сайлау учаскесіне тіркелгені алдын ала анықталған. Сонымен қатар, сайлау барысында қауіпсіздік шаралары қабылданады. Инфекционист дәрігерлерінің нұсқауымен вирусты таратпау бойынша тиісті жұмыстар атқарылады. Парламенттің төменгі палатасы мен жергілікті мәслихаттар сайлауын қатар өткізу коронавирус инфекциясын таратпауға, әрі бюджет шығынын үнемдеуге бағытталған. Мұндай ұтымды қадам республика заңнамасына да қайшы келмейді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.