Тәуелсіз елдің болашағы – саналы ұрпақта

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бой көтеріп, бүлдіршіндерді тәлім-тәрбие мен білімнің бал-бұлағына сусындатып жатқан қаншама заманауи үлгідегі балабақшалардың жұмыс істеп тұрғаны ғасырлар бойы аңсап жеткен егемендіктің жемісі, нәтижесі. Солардың бірі осыдан 10 жыл бұрын ел тәуелсіздігі күні мерекесі қарсаңында балғын бүлдіршіндерге құшағын айқара ашқан Көкшетау қаласындағы №7 «Айша» балабақшасы. Бұлай қазақ балабақшаларының ашылуы тәуелсіздік жеткізген ұлт мұраты деп есептеуге болады.

Отбасынан кейінгі ұлтты тұтастыруға, ұлттық сананың дәнін егуге, ұлттық рухтың негізін қалыптастырып, ана тілінің уызына жарыған отаншыл ұрпақты тәрбиелеуге ең күшті ықпал ететін ошақ – қазақ балабақшасы. Яғни, «Айша» секілді қазақ балабақшалары мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асырудың ең маңызды сатысы болып саналады. Өйткені, ертең қазақ мектебіне баратын, кейінгі күні маман болып қазақ тілді қоғамды қалыптастыратын ұлт үміті, ел болашағы бүгін дәл осы балабақшаларда өсіп жатыр.
Көрікті Көкшетаудың орталығында орын тепкен «Айша» балабақшасы 2010 жылдың 15 желтоқсанында Тәуелсіздік күні мейрамы қарсаңында салтанатты түрде ашылып, бүлдіршіндерге алғаш есігін айқара ашты. Бастапқыда балабақшаға Айман Нұрмағанбетова есімді білгір маман басшылық жасап, ондағы штаттың қалыптасуына игі ықпалын тигізді. Одан кейінгі меңгеруші болған Бәну Нупилованың да еңбегі орасан зор. Қазіргі уақытта бүлдіршіндердің алтын ұясына айналған балдырғандар мекемесін педагог Гүлден Ысқақова басқарып отыр.
Алаштың аяулысы Ахмет Байтұрсынов «мектептің жаны – мұғалім» дегендей, «балабақшаның жаны – тәрбиеші» десек қателеспеспіз. Балабақша мен тәрбиешінің бала өміріндегі орны қашанда зор. Себебі, балалардың нағыз қалыптасу кезеңінің көп уақыты тәрбиешінің жанында өтеді. Бұл орайда, «Айша» балабақшасының тәрбиешілері білімдерін жетілдіріп, қазіргі заманғы білім стандарттарын меңгеріп, тәжірибе алмасу мақсатында түрлі облыстық, республикалық деңгейдегі оқулар мен байқауларға белсенді қатысып келеді. Балабақшада қазіргі таңда 53 педагог жұмыс істейді, олардың ішінде 5-еуінің біліктілік санаты жоғары, 11-і бірінші, 9-ы екінші санатты тәрбиешілер. Балдырған балапандар мекенінің ашылған алғашқы күндерінен бастап, оның штатының қалыптастырылуына және осы күндері ондағы жас мамандарға бағыт-бағдар беріп, тәлімгерлік көрсетіп келе жатқан Ләйлә Мақатова, Март Бақытжан, Анар Боранбаева, Бағлан Шынғожина секілді тәжірибелі ұстаз-тәрбиешілер мен түзету кабинетінің әдіскері Алтын Орынбаеваның да еңбектерін ерекше атап өткен жөн. Қазір 3 пен 6 жас аралығындағы бүлдіршіндердің ордасына айналған бұл мекемеде 16 топ бар. Оның ішінде екеуі логопедтік, екеуі санаторлық топтар. Оларда жалпы саны 300-ден астам бала тәрбиеленуде. Жалпы балабақша 320 орынға шақталған екен.
Елімізде биылғы жылдың наурыз айында жарияланған төтенше жағдай кезінде балабақша жұмысы уақытша тоқтап, кейін карантиндік санитарлық талаптарға бағына отырып, кезекші топтар ашылып, ұжым қайта жұмысын белсенділікпен бастап кетті. Қазіргі карантин кезінде 16 топтың әрқайсысында тек 15 баладан ғана жинақталып, жұмыс жүргізілуде. Қалған балаларға тәрбиешілер қашықтықтан білім береді.
–Біздің балабақшаның басқа бақшалардан ерекшелігі Ақмола облысы бойынша Көкшетау қаласында мектепке дейінгі білім беру мекемелері арасында инклюзивті білім беру бойынша ресурстық орталығы болып саналады. Яғни, мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істейді. Онда білікті мамандар дефектолог, психолог, логопедтер қызмет атқарады. Осы жылдар аралығында мүмкіндігі шектеулі 692 балаға көмек көрсетілді. Балабақша мемлекеттік тілде білім беретіндіктен педагог, тәрбиешілер балалармен қазақ тілінде сөйлейді. Әр баламен қазақ тілінде қарым-қатынас жасалады. Өзге ұлт балалары, орыс тілді балалардың қазақша сөйлеуіне күнделікті жоспарлы жұмыстар жүргізіліп тұрады. «Қазақ тіліне бойлау» бағдарламасын жүзеге асыру барысында «Сөйлейтін тақта», тіл ұстарту, өлең шумақтарын, жұмбақтар мен жаңылтпаштар, мақал-мәтелдер жаттау, ертегі тыңдау, рөлде ойнау арқылы баланың қызығушылығын оятып, қазақша сөйлеуге бірте-бірте бейімделеді. Бірақ, «Отан – отбасынан бас-
талады» дегендей, баланың мемлекеттік тілде сөйлеуі ата-аналарына да байланысты. Отбасында да қазақша сөйлейтін болса, бұл мәселе қиын болмас еді, – дейді балабақша меңгерушісі Гүлден Ысқақова.
Сонымен бірге, мекемеде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұрпақ санасына ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті дамыту бағытында да бірқатар жұмыстар жүргізілетіндігін байқадық. Арнайы қазақы нақышта құрылған бұрышта балапандардың өз ата-тегінің қандай тарихи жағдайларды бастан кешкендігін баяндайтын бұйымдары қойылыпты. Бұл да бір тәлім-тәрбие, өнеге.
Балабақшада балаларға күнделікті күн тәртібіндегі сабақтардан бөлек, асық ату, дойбы, вокал, жүзу, компьютерді оқыту, оркестр секілді үйірмелер өткізіліп тұрады. Мекеме ұжымы қала, облыс, республика көлемінде ұйымдастырылып отыратын байқаулардан ешқашан да қалыс қалған емес. Бірнеше рет жүлделі орындармен, Алғыс хаттармен, диплом-грамоталармен марапатталды. Ел ертеңі болатын үкілі үміттерді де тәрбиешілер бойындағы дарын-талаптарына орай, түрлі байқауларға қатыстырып, бала кезден белсенді болуға, алғырлық пен зеректілікке баулып келеді.
Он жылдық тарихы бар білім ордасының ұжымына біз де жемісті еңбек, білімді ұрпақ тілейміз.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерде: Көкшетау қаласындағы №7 «Айша» балабақшасының меңгерушісі Гүлден Ысқақова және №6 «Балапан» тобының тәрбиешісі Ләйлә Мақатова мен тәрбиеленушілер.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар