– Елімізде мемлекеттік қызмет пен басқару саласын дамытуға қатысты тың бастамалар жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағытқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ерекше екпін қойғанын білеміз. Сондықтан, 2021 жылдың 1 шілдесінен факторлы-балдық шкала енгізілетін болады. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілердің жауапкершілігін күшейту мен ынталандыруға себеп болады. Жалпы, бұл саланың маңыздылығын ескере отырып, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаевтың берген сұхбатын көпшілік назарына ұсынуды жөн санадық.
– Дархан Медеғалиұлы, мемлекеттік қызметшілер туралы қоғамда әр алуан пікір бар. Соңғы кездері әлеуметтік желіде қандай да бір мемлекеттік қызметшінің іс-әрекетіне қатысты айтылып, жазылатын сыни комментарийлер жеткілікті. Осыған байланысты жалпылама алғанда мемлекеттік қызметшілердің сынға жиі ұшырауының басты себебі не деп ойлайсыз?
– Мемлекеттік қызметші ең әуелі өзінің әдептілігімен қатар жүріс-тұрысы, көпшілік алдында сөйлеу, өзін ұстау мәдениеті арқылы өзгелерге үлгі бола білетін қоғамның бетке ұстар айнасы болуы тиіс. Дегенмен, бұл сұраққа жауап беру үшін бүгінгі күннің толассыз ақпарат тасқынының салдары туралы ойлану керек. Оған қоса қоғамдық пікірді қалыптастыратын бірден бір құрал бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желі десек артық айтқандық емес. Халқымыздың «бір құмалақ, бір қарын майды шірітеді» деп айтатыны сияқты, бір мәліметке сүйеніп, бүкіл қауымды қаралау өкінішке қарай қазіргі қоғамда бар нәрсе. Яғни, әр іске жеке адамның жауапкершілікте болатыны, қандай құқық бұзушылыққа барса да, ол заң алдында жеке жауапты екенін ұмытпау қажет. Демек, бір мемлекеттік қызметшінің заңға қайшы немесе әдепсіз іс-әрекетін бүкіл мемлекеттік аппараттың бет-бейнесі ретінде қабылдап, қорытынды шығаруға әсте болмайды. Мысалы, еліміздегі мемлекеттік қызметшілердің саны 90 мыңнан асады. Осы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша аталған 90 мың мемлекеттік қызметшінің ішінде 300-ге жуығы әдеп нормаларын бұзған. Сонда осы 300-ге жуық мемлекеттік қызметшінің іс-әрекеті үшін өзге 90 мың адамның бәрін бірдей әдепсіз деп айтуға бола ма? Әрине, ол дұрыс пікірге жатпайды! Мемлекеттік қызметшілердің барлығы бірдей халықпен тікелей жұмыс істемегенімен, олардың басым көпшілігі өз жұмыстарын тиянақты әрі сапалы атқаруда. Олардың атқарған жұмыстары сырт көзге көріне бермеуі де мүмкін. Сондықтан, ақпарат таратуда жауапкершілікті сезінген абзал деп ойлаймын. Кей жағдайда әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпараттар таралып, біреуді балағаттаған, жанжал ұйымдастырған фактілерге қатысты ол мемлекеттік қызметші екен деген сөз желдей есіп жатады. Бірақ, ондай фактілер өз дәлелін таппайтын кездер жиі болып тұрады. Мемлекеттік қызметшілердің жаппай сынға ұшырау себебінің бір жағы осы әлеуметтік желі арқылы таралатын ақпараттар салдарынан қалыптасатын бет-бейне. Екінші жағынан жекелеген жағдайларда мемлекеттік қызметшілерге қатысты ақпарат жалпы контексттен үзіліп алынады да, мәселенің шынайы мән-жайы көрінбей қалуының салдары деп айтар едім. Алайда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормалары мен еліміздің заңдарын қатаң сақтауы туралы профилактикалық шараларды өткізіп, оларға қатысты БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жарияланған сыни мақалалар мен мәліметтерге мониторинг жасап отырады. Егер әлдебір мемлекеттік қызметші тарапынан халықтың сынына ұшыраған резонансты іс-әрекет орын алған жағдайда, тиісті мемлекеттік органға шара қабылдау және ол жөнінде ақпарат беру туралы ұсыныс енгізіледі.
– Мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметші өз іс-әрекетімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болмауы керек екені көрсетілген. Осы ретте мемлекеттік қызметшілерді әдеп кодексін бұзғаны үшін жауапқа тартудың қаншалықты тиімді екенін атап өтсеңіз?
– Әдеп кодексінің Сіз айтып отырған нормасын сақтау әрине қажет. Дегенмен, бұл тұста мемлекеттік қызметшіні сынға ұшыратуға себеп болған мән-жайларды алдымен заңға сәйкес анықтап алған дұрыс. Себеп бар жерде салдардың да болуы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп кодексінің нормаларын бұзудың салдарымен ғана күресу жеткіліксіз. «Жазалау – құқық бұзушылықтың алдын алудың әлсіз тәсілі» деген сөз бар. Сондықтан, құқық және әдеп нормаларын бұзудың алдын алу мақсатында профилактикалық шараларға көп мән берген абзал. Жалпы алғанда, алдын алу шаралары тәртіптік тәжірибеде оң өзгерістерге әкелді, жекелеген бағыттарда әдептік құқық бұзушылықтардың саны азайды. Заман өзгереді, қоғам дамуы өмірге өз талаптары мен ережелерін енгізеді. Бүгінде заман талабына сай Әдеп кодексін жаңартуға байланысты Агенттік нақты жұмыстарды жүргізіп отыр. Яғни, қазіргі уақытта Агенттік мемлекеттік қызметшілердің жаңа Әдеп кодексін дайындап жатыр. Әдеп кодексінде мемлекеттік қызметшінің жеке өміріне араласпаудың маңызы мен әр азаматтың лауазымына қарамастан заң алдында бірдей жауаптылығы, мүдделер қақтығысын болдырмау мәселесі ескерілетін болады.
– Жақында мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға мүлдем тыйым салатын заң қабылданған болатын. Заңның осы нормасы туралы кеңірек айтып өтсеңіз?
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазан айында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Заңға сәйкес мемлекеттік қызметшілерге сыйлық алуға толықтай шектеу енгізілді. Алайда, қабылданған Заң нормасына зер салсақ, лауазымды тұлғаға қызметтік өкілеттігіне байланысты, белгілі бір жеке адамның пайдасына әрекеті немесе әрекетсіздігі үшін тартылған сыйлықты алуға болмайды. Яғни, лауазымдық жағдайын пайдаланып, сыйға тартушының пайдасына ықпал етуі мүмкін болса, сыйлықтарды сыйға тартуға жол берілмейді. Сонымен қатар, ескеретін жайт, заңның аталған нормасындағы шектеулер мемлекеттік қызметшінің жеке өміріне қатысты мәселелерге байланысты қолданылмайды. Бұл орайда, Агенттіктің аумақтық департаменттері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен және қоғам өкілдерімен бірлесіп, Әдеп жөніндегі кеңестер арқылы жергілікті атқарушы органдар арасында жаңа қабылданған Заң нормалары бойынша түсіндіру жұмыстарын үздіксіз жүргізіп келеді.
– Кейбір мемлекеттік қызметшілердің жұртшылық алдында өзін-өзі ұстау мәнері, халықпен тікелей байланыстағы дөрекі әңгімесіне, мәдениетіне қатысты да сын айтушылар баршылық. Неге мемлекеттік қызметшілер осындай олқылықты жіберіп жатыр? Бұл мемлекеттік қызметшілердің дайындығы дұрыс жолға қойылмаған деген сөз емес пе?
– Көпшілік алдында сөйлеу, өзін-өзі ұстау, әдеп нормаларын, заңдылықты сақтау мәселесі жалпы мемлекеттік қызметшілер үшін өзекті. Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында Сіз қозғап отырған көпшілік алдында сөйлеу дағдылары бойынша семинарлар тұрақты негізде өткізіліп тұрады. Әдетте, мемлекеттік қызметке, сондай-ақ басшылық лауазымға жаңа тағайындалған мемлекеттік қызметшілерге арналған арнайы біліктілігін арттыру курстары бар. Ол курстарға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан мемлекеттік қызметшілер тартылып, тәжірибелерін шыңдайды. Дейтұрғанмен, сауалыңыздағы мемлекеттік қызметшілердің көпшілік алдында сөйлеу барысында тосырқап қалатын жәйттарды жоққа шығармаймыз. Бұл мемлекеттік қызметшілердің дайындығы немесе білімсіздігі деген сөз емес. Сұхбат беру, камера алдында сөйлеу сырт көзге оңай көрінгенімен, іс жүзінде жеңіл нәрсе емес. Бұқар жырау «Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргенім жоқ» деп айтқандай, сөйлеу де тәжірибені қажет етеді. Бұған қоса жұмыстағы жүктеме мен шұғыл тапсырмаларды, психологиялық әрі эмоциялық жағдайды ескеріңіз. Алайда, дөрекілік танытып, мемлекеттік қызметшінің әдеп нормаларын бұзса, оған қатысты тиісті шара қолданылатынын ұмытпаған жөн. Осы мақсатта Мемлекеттік басқару академиясының облыстардағы филиалдары базасында лауазымды тұлғалар мен қоғам қайраткерлерін, БАҚ өкілдерін жұмылдыра отырып, Агенттіктің аумақтық департаменттері көпшілік алдында сөйлеу, өзін-өзі ұстау мәдениеті бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында оқу-семинарларды ұдайы өткізіп тұрады.
– Мемлекеттік қызметшінің жұмысына, іс-әрекеті мен қызметтік әдебіне қалай бақылау жасалады? Әсіресе, мемлекеттік қызметшілердің қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқы бақылана ма?
– Конституциямызда «Әркімнің жеке өміріне қол сұғылмауына, өзінің және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар» екені нақты айтылған. Біз осы орайда, Ата заңда айтылған адамның Конституциялық құқына араласуға жол бермеуіміз керек. Мемлекеттік қызметшінің жұмыс орнындағы іс-әрекеті мен әдебіне бақылауды оның тікелей басшысы жүргізеді. Заңды қатаң сақтауға, сондай-ақ, моральдық-этикалық құндылықтарды насихаттауға айрықша көңіл бөлінеді, яғни, адам құқықтарын сақтау мәдениетін дәріптеу және бақылау мәселесі өзекті. Әр мемлекеттік қызметшінің лауазымдық нұсқаулығы бар, нұсқаулыққа сай олар міндеттер мен функцияларды жүзеге асырады. Оған қоса әр мемлекеттік органның ішінде тұрақты негізде тәртіптік комиссия жұмыс істейді. Бұдан бөлек мемлекеттік қызметшілердің әдептілігін жоғарылатуда және құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуде Әдеп жөніндегі кеңестер және уәкілдер шешуші рөл атқарады. Олардың қызметі толығымен әдептілік бұзушылықтарының алдын алуға, мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын және мүдделерін қорғауға, ұжымда қолайлы моральдық-психологиялық ахуал қалыптастыруға бағытталған. Бүгінгі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдардың бәрінде әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілген. Нақты айтсақ, республика бойынша 764 әдеп жөніндегі уәкіл болса, оның 29-ы дербес лауазым ретінде қызмет атқарады. Өзге 735-іне лауазымдық міндеттеріне қосымша әдеп жөнідегі уәкілдің функциялары жүктелген. Әдеп жөніндегі уәкілдер туралы ережеге сәйкес, әдеп жөніндегі уәкілдер мемлекеттік қызметшілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, олардың заңда белгіленген шектеулер мен тыйымдардың сақтауына ықпал етеді. Ал, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытында әдеп нормаларын бұзып, өзге де іс-әрекеттерімен қоғамда резонанс туғызып жатса, сонымын қатар, азаматтардан арыз-шағымдар түсіп, ол өз дәлелін тапқан жағдайда, оларға тиісті шаралар қолданылады. Оған қоса мемлекеттік қызметшілердің іс-әрекетіне қатысты бұқаралық ақпарат құралдарына жарияланған мәліметтерге Агенттік үздіксіз мониторинг жүргізіп отыратынын қосымша айта кетуге болады.
– Ұлттық мерекеміз Тәуелсіздік күнін атап өттік. Ел Президенті Қ.К.Тоқаев келесі жылды «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы» деп жариялады. Осы орайда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметшілері Отаншыл болуы үшін рухани бағдар, өмірлік қағидаға сүйену керек пе?
– Тәуелсіздік басты құндылық, ол аксиома. Тұңғыш Президент — Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Тәуелсіздік Туын тігуге қаншалықты қажыр-қайрат керек болса, оны құлатпай сақтап қалуға да соншалықты қажыр-қайрат керек» екенін айтқан. Сондықтан, Тәуелсіздіктің тағдырын, мемлекеттің мүддесін бірінші орынға қойып, сол жолда мемлекеттік қызметшілер адал қызмет етуі керек. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бізге жаңа кадрлар, яғни, кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» екенін нақты айтты. Демек, халыққа ашықтық, адалдық пен парасаттылық және жауапкершілік мемлекеттік қызметшілердің жұмысында аса үлкен басымдыққа ие болуы тиіс. Бұл орайда, мемлекеттік қызметшілердің Отаншыл болуы да аса маңызды. Ол үшін ел тарихын, оның құндылығы мен тілін, мәдениетін құрметтеп қана қоймай, онымен мақтануы керек деп ойлаймын. Тарихқа үңілсек, еліміздің арғы-бергі тарихында жас ұрпақ өміріне үлгі тұтатын ұлы тұлғалар, құнды туындылар жетіп артылады. Арғысы көне түркілер, «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым. Қызыл қанымды төктім, Қара терімді ағыздым» деп ел тағдыры үшін алпарысып өтсе, «Қайырымды қала тұрғындары» аталатын трактатында Әл-Фараби мемлекет дамуы туралы ұлы ойлар қозғағаны белгілі. Одан кейінгі Алаш Орда өкілдерінің шығармалары, қайсысын қарасаңызда тұнып тұрған өсиет, рухани бағдар. Ойшыл Абай «Пайда ойлама, ар ойла» дейді. Арды ойлаған адам өзгенің емес әуелі өзінің алдында жауапты болады. Бұл орайда тағы Абайға жүгінбеске болмайды. Ол 37 қара сөзінде «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген ойды айтып, ел үшін еңбек қылуға шақырады. Демек, Әл-Фараби, ақын-жыраулар мен би-шешендер, Алаш зиялылары, Абай туындылары, жалпы тарихи санаға серпін беретін мың жылдық рухани мұрамыздың бәрі мемлекеттік қызметшілердің рухани бағдары болуы қажет. Ал, Абайдың, Шәкәрімнің өзге де ұлтымыздың ұлы тұлғаларының туындылары мемлекеттік қызметшілердің жұмыс орнында тұрса, рухани бағдар кітабына айналса екен деген тілек бар. Яғни, түйіндеп келгенде ұлт зиялылары қозғаған ар тазалығы, адал еңбек идеясы бүгінгі мемлекеттік қызметшілердің өмірлік қағидасына айналуы тиіс деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
(«ҚазАқпарат» 21 желтоқсан, 2020 жыл. Осы сұхбатты жариялауға рұқсатын берген Дархан Жазықбаевқа «Арқа ажары» газеті оқырмандары атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз).