Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Светлана Бейсенова мен осы басқарманың бөлім басшысы Болат Мейрамов пәтер иелері кооперативтері мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестік болып қайта құрылғандығын айтты.
Ақмола облысында 28 мыңнан астам көп пәтерлі тұрғын үй бар. Әрине, олардың барлығының басқару формасын бір күнде ауыстыру мүмкін емес. Дегенмен, бұл жұмыс басталды. Басқарма тұрғындар пәтер иелері бірлестігін бірінші құратын немесе қарапайым бірлестік тәрізді басқарудың қосалқы формасын сайлайтын көп пәтерлі 3 мың тұрғын үйдің тізімін дайындады. Тұрғын үй иелері өздері сайлайды, өздері шешеді.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, тұрғын үй инспекциясы, қалалық және аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімдері тарапынан мемлекеттің міндеті – ауысу кезінде көмектесу, түсініксіз мәселелер бойынша кеңес беру, механизмін түсіндіру. Сөйтіп, пәтер иелері қандай процедура арқылы өтеді? Болат Мейрамов өз сөзінде мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестік құру үшін бірінші кезекте жиналыс өткізу керектігін айтты. Алдымен, меншік иелері өз араларынан үш жылға тұрғын үй кеңесін, сондай-ақ, мүлік иелері бірлестігінің төрағасын сайлайды.
Көп пәтерлі тұрғын үйді басқару формасын үйдің кеңесі таңдайды. Бұған барлық тұрғын үй иелері қатыспайды. Сондай-ақ, ревизиялық комиссияның құрамын немесе 3 жылға бір ревизорды анықтау қажет. Мүлік иелері бірлестігінің жарғысын бекітіп, оны тіркеу жөніндегі құжаттарды тұрғындарға қызмет көрсету орталығына тапсыру керек. Қарапайым серіктестікке келсек, мұнда меншік иелері сенімді тұлғаны анықтайды. Бұл адам барлық пәтерлердің және бос бөлмелердің иелері берген сенім хат негізінде жұмыс істейді. Мүлік иелері бірлестігінің тағы бір өзгешелігі қарапайым серіктестік заңды тұлғаға жатпайды. «Тұрғын үй қатынасы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес, тұрғын үй кеңесі мүлік иелері бірлестігінің және қарапайым серіктестіктің сенімді тұлғасының жұмысын бақылай алады. Ол меншік иелері жиналысында үйді басқару, күтіп ұстау және пайдалану бойынша ұсыныс жасауға құқылы. Сондай-ақ, тұрғын үй кеңесі коммуналдық қызмет сапасының, сервистік компаниямен келісім-шарт жағдайы орындалуының, қаржы шығысының, үйді басқару және күтіп ұстау бойынша есеп беруді қамтамасыз етудің мониторингін жүргізеді.
Тұрғын үй кеңесінің шешімі оның мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады және тиісті хаттама толтырылады. Спикерлерге пәтер иелері кооперативтерінің жұмысы неге қысқа болды, бірнеше рет жаңғыртылған мұндай басқару формасынан кетудің басты себебі қандай?– деген сауалдар қойылды. Пәтер иелері жиналған ақшаның қайда жұмсалатынын білмеді. Мүлік иелерінің бірлестігі немесе қарапайым серіктестік арнайы шотта жиналған қаржы әр нақты тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге жұмсалатынына кепілдік береді. Сондай-ақ, өзге де нақты ұйымдастыру мәселесі бар. Мәселен, көптеген пәтер иелері кооперативтері аула сыпырушы, дәнекерлеуші, сантехниктер мен электриктерді ұстады. Олар өз күштерімен үлкен шығынсыз шағын апатты қалпына келтіріп, тұрғын үйлердің тұрмыспен қамтамасыз ететін жүйесін жөндеді. Сондай-ақ, ең мықты пәтер иелері кооперативтерінің өз жертөлесінде токарлық станоктары мен өзге қондырғылары бар шеберханалары болды. Сөйтіп, тұрғындар қайда жолығатынын білді. Ал, мүлік иелері бірлестігінде не бар? Ағымдағы қызмет көрсету, шағын апатты қалпына келтіру мүлік иелері бірлестігі мен қарапайым серіктестіктің келісім-шарты негізінде сервистік компанияның міндетіне кіреді. Яғни, кез келген жұмысты нағыз мамандар атқаратын болды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.