Жақыныңа қол ұшын созудан жалықпа!..

Өткен мереке күндерін көкшетаулық аз қамтылған 200 отбасы ерекше жағдайда атап өтті. Олардың шаңырақтарына «SAMRUK» мейрамхана кешенінің қызметкерлері барып, азық-түлік жинақтары бар пакеттерді тапсырды.

Осылайша, мейрамхана директоры Болат Жақыповтың бастамасымен қолға алынған мекеменің он жылдық мерейтойы үш күндік қайырымдылық акциясымен атап өтілді. Бұл іс-шараға үш миллион теңге қаржы жұмсалды.
Биылғы жылы мейрамхана кешені аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі балаларды асырап отырған отбасыларды шақырып, дәстүрлі түрде дастархан жайып атап өтуді жоспарға алған. Алайда, қазіргі еліміздегі карантиндік шектеулер негізінде мейрамхана кешенінің қызметкерлері 16-18 желтоқсан аралығындағы үш күнде әлеуметтік көмекті қажет ететін отбасылардың үйлеріне барып, сыйлықтар таратты. Отбасылардың тізімін Көкшетау қаласының әкімдігі ұсынған екен. Сонымен бірге, азық-түлік жиынтықтары мен ыстық тамақтарды тасымалдауға да көлікті қалалық әкімдік бөлген. Ал, сыйлықтарды мерекелік безендіруге «Дизайн сити» ЖШС-нің директоры Қанат Жүнісов көмектесіпті.
Кешен ұйымдастырған азық-түлік пакеттерде бір литр сұйық май, екі келі ұн, бір келіден салынған макарон өнімі, картоп, сәбіз, пияз, қарақұмық, күріш болса, оған қоса бір қорап шай мен сүті және наны бар. Әрбір тиынын санап отырған отбасылар үшін бұл айтарлықтай демеу деп атап өтуге болады. Сонымен бірге, көпбалалы отбасыларға мерекелік түскі ас жеткізілді.
–Осы үш күн ішінде біз қаншама адамның алғысына бөленіп, қуаныштың көз жастарын көрдік. Біз елімізде қаншама аз қамтылған, көмек қолын созуды қажет ететін отбасылардың барын білетінбіз, алайда, олардың осыншалық қиын жағдайда өмір сүріп жатқандығын ойлаған да жоқпыз. Мысалы, арбаға танылған бір мүгедек әйел өзі жалғыз генетикалық дертке шалдыққан ұлын асырап отыр, 80-нен асқан жалғызбасты екі қарияға күтім керек екен, үйлері өртеніп кеткен бір отбасының тұрмысы қандай ауыр, үш адамы бірдей төсек тартып қалған көпбалалы отбасының трагедиясы да сұмдық, айта берсе өте көп… Шынын айтқанда, осы отбасылар біздің апарған сыйлықтарымызға емес, оларға бөлінген көңілге, есімізге алғанымызға риза болды. Иә, қазір олар қиын жағдайда өмір сүруде, бірақ, осынау ауыртпалықтарды олар шыдамдылықпен бастарынан өткеруде. Бұларды көрген дені сау, тұрмысы жақсы адамдар өз бастарындағы мәселелерді ұсақ-түйек деп түсінері сөзсіз. Біз осылайша, адамдарға кішігірім жақсылық жасау, әсіресе, көмекті қажет ететін адамдарға қол созу аса маңызды, қайырымды және рақымды іс екеніне көзімізді жеткізе түстік, –деп өз ойымен бөлісті «SAMRUK» кешенінің басқарушысы Алмас Рахматуллин.
–2020 жыл еліміз үшін ауыр болса да, аяқталуына жақын қалды. Бұл жыл шынымен, өмірімізде көп нәрсені өзгертті, көп нәрсені үйретті, адамдар ненің қымбат екендігін ұғынды. Біз баршаға тек жақсылық, денсаулық, қуаныш тілейміз. Біздің әсем қаламызда, елімізде бақытты, табысты, дені сау адамдар көп болсын. Жақындарына қол ұшын созып, жоғын беріп, қайырымдылық акцияларына қатысып, бір адамның болсын кішігірім бақытты болуына септігімізді тигізейік дегім келеді, – деп сөзін аяқтады Алмас Рахматуллин.
«SAMRUK» мейрамхана кешені көкшетаулық бірнеше аз қамтылған отбасыларды өзінің ұдайы қамқорлығына алатын болды.
Ырысалды АХМЕТҚАЛИЕВА.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар