Облыс әкімі Ермек Маржықпаев облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы №26 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде болып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде жаңадан ашылған «Төтенше жағдайлар департаменті – Адалдық алаңы» фронт-офисінің жұмысымен танысты.
Облыс әкіміне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаев фронт-офистің жұмысы туралы айтып берді. Оның сөзінше, фронт-офисте үш адам жұмыс істейді. Мұнда азаматтар азаматтық қорғаныс, нысандарды өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру, төтенше жағдайды жоюдың алдын алу, сондай-ақ, жұмысқа орналастыру мәселелері бойынша мамандардан жедел және кедергісіз көмек алатын болады.
– Мемлекет басшысының мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жұмыстың «сервистік» моделіне тек жергілікті атқарушы органдар ғана емес, басқа мемлекеттік ұйымдар да көшуде. Бұл түрлі салалардағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға және халыққа қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы өз сөзінде.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін ашық диалог алаңы бірінші қабатта орналасқан, сондай-ақ, күту үшін ыңғайлы орын, ақпараттық стендтер, имидждік бейнематериалдар көрсетілген теледидар қарастырылған.
Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев атап өткеніндей, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде қазіргі уақытта облыстың барлық 19 өңірі мен Краснояр ауылының әкімдіктері «сервистік» жұмыс форматына көшті, ал, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда Ореn space және front office форматындағы 96 кабинет ашылып отыр.
Сондай-ақ, барлық аудан мен қала әкімдіктерінің бірінші қабаттарда азаматтарды қабылдауға арналған Ореn space форматындағы кабинеттер орналасқан.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.