Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ескі мектеп жаңарып шыға келді - АРҚА АЖАРЫ

Ескі мектеп жаңарып шыға келді

Биылғы жылы Оразақ ауылындағы мектеп толықтай күрделі жөндеуден өтті. Іргетасы 1975 жылы қаланған білім ордасына бұған дейін осынша ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмепті.

2015 жылы болған су тасқыны бұл мектепке де өз зардабын тигізбей қоймады. Бірақ, соған қарамастан, бұл ғимарат бірнеше ай бойы белшесінен суда тұрса да, іргетасына нұқсан келген жоқ. Биылғы жылдың мамыр айында Құрбан Әбілдаев басқаратын «Еңбек» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жан-жақты жөндеу жұмыстарын жүргізіп, мектепті мейілінше қысқа мерзімде, яғни, қыркүйек айында қайта оразақтықтарға табыс етті.
– Ауқымы үлкен істің жан-жақты жүргізілгенін көзімізбен көрдік, – дейді Оразақ мектебінің директоры Шолпан Жахина. – Іргетасы ұзақ уақыт бойы судың астында тұрған мектептің үлкен өзгеріске түскені ауыл балаларын да қуантып отыр.
Іші-сырты жаңарған ғимараттың алыстан көз тартатыны – құрылысшылардың атқарған жақсы жұмыстарының нәтижесі. Сүйегі асыл ескі нысанның жаңарып шыға келуі солардың жүргізген сапалы жұмыстарының айқын белгісіндей көрінеді. Жылу, су, әжетхана, сынып бөлмелері мен электр жарығы балалар үшін өте қолайлы болып тұр.
– Қос қабатты мектептің сырты мен ішіне бейне бақылау құрылғылары қойылды, – деп әңгімесін сабақтады Шолпан Ісләмқызы. – Бұдан басқа күннің жылы кезінде аулаға асфальт төселді, ғимараттың өзі жан-жақты қоршалды. Қазіргі кезде мектеп штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Топан су келген жылы мұнда 230 бала оқыса, бүгіндері олардың саны 100 адамға өскен. Даярлық тобының өзінде 30 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр.
Шолпан Жахина (суретте) Оразақ аралас орта мектебінде 1984 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 2013 жылы ол осы мектептің директоры болып тағайындалған екен. Целиноград қаласының педагогикалық институтының түлегі шет тілінен және орыс әдебиетінен сабақ береді.
Бүгінгі хал-ахуал біраз қиындықтар туғызғанымен Оразақ орта мектебінің мұғалімдер ұжымы тығырықтан шығудың амал-тәсілдерін ойлап-тапқанға ұқсайды. Пандемия ережесі мұнда мұқият сақталған. Сырттан келген кісілер барлық талапқа сай міндетті түрде профилактикалық шаралардан өтеді. Тазалық пен қатаң талап – бүгінгі күннің негізгі ережесі болса, бұл сынақтан мектеп сүрінбей өтуде.
Оқу ордасы компьютермен, сондай-ақ, басқа да заманауи электрондық оқу құралдарымен толықтай жабдықталған. Ауыл балаларының өмірі қаладағы замандастарынан бірде-бір кем еместігіне көзіміз жетті. Әрбір сыныптың өзіне тән жиһаздары, тақталары жеткілікті. Мұғалімдердің бөлмелерінде де жаңа мүліктер тұрғанын көзіміз көрді. Оқуға қажетті кітаптар баршылық.
Біз Оразақ ауылына жасаған арнайы сапарымыздан көңіліміз марқайып қайтты. Оған себеп – қайта жаңарған мектеп, сондай-ақ, жұмыстары алға басқан ұстаздар ұжымының ауызбірлігі мен ілгері ұмтылысы.
Жанат Түгелбаев.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар