Тоқсан жасында кітап шығарған

Бүгінгі таңда жасы тоқсанға толып отырған Қапан Баукеқызы 1930 жылы Ақмола облысы Ақкөл ауданы Ақкөл қаласында дүниеге келген. Ата-анасынан ерте айырылып, немерелес аға-жеңгесінің қолында тәрбиеленіпті. Анасы дүниеден өткенде бес жаста екен. Ал, әкесі қайтыс болғанда он бес жаста болатын. Сөйтіп, өмірде көзін ашпай жатып, тағдыр тауқыметіне тап болған жас қыз осы аға-жеңгесінің арқасында өмірлік азығын жинап, қатарластарынан кем қалмайды.

–1949 жылы Ақмола педагогикалық училищесінің қазақ бөлімін бітіріп, бас-тауыш класқа мұғалім болдым. 1950 жылы Бозайғыр ауылының жігіті Хамит Садғожиновқа тұрмысқа шықтым. Кейін мектебімізде қазақ класының жабылуына орай маған кітапхана жұмысын сеніп тапсырды. Уақыт өте келе, ол да жабылып қалды. Содан Күлшін, Аполоновка, Сасық бөлімшелерінің балалары үшін мектеп жанынан интернат ашылып, сонда жұмыс істедім. Әйтеуір, білім, мәдениет саласында атқармаған қызметім жоқ. Ақыр аяғында сол интернат та жабылып, директорымыз орыс класын алыңыз деді. Оған да көндім. 1985 жылы осындай көптеген өткелектерден өтіп, құрметті зейнет жасына жеттім. Сонда да басшылардың сұрауымен мектепте тағы да екі жыл қызмет атқарып, үйде ауру қайын енем болған соң біржола демалысқа шықтым, – дейді Қапан әженің өзі өткен өмір жолы туралы.
Өмірі өнеге, өткені шежіре десек, шындыққа сай келетін әженің адал еңбегі үшін мемлекет тарапынан алған марапаттары да аз емес. Солардың ішінен Ұлы Жеңістің құрметіне, тың және тыңайған жерлерді игергені үшін наградталған медальдарын ерекше атап өткен жөн.
–Аллаға ризамын. Өкінішсіз, жақсы өмір сүрдім. Қосағыммен 51 жыл, қайын енеммен 42 жыл, қайын сіңіліммен 67 жыл тату-тәтті, әй-шәй деспей ғұмыр кешіппін. «Төртеу түгел болса төбедегі келеді» дейді ғой, Алланың берген төрт баласы бар. Солардан төрт немере, 10 шөбере көріп отырмын. Немерелерім өз алдарына отбасын құрған. Бәрі де жоғары білімді, атқарып жүрген өз жұмыстары бар. Менің бар байлығым солар және жасым тоқсанға келгенде бүкіл саналы ғұмырымды қамтып жазған «Өмірге іңкәр жүрек» атты кітабым. Бұл менің үнемі ат үстінде жүріп, өмірде үлкен із қалдырған жан әкем туралы, осы өмірде мен үшін ерекше орны бар басқа да жақсы-жайсаңдарымыз, ағайын-туыс, ел-жұрт, құрбы-замандастарымыз жайлы көрген-білгенім, көкірекке түйгенім. Онда өзім тұрып жатқан Шортанды ауданы Бозайғыр ауылының қалыптасу тарихы, осы елді мекеннің дамуы мен өсіп-өркендеуі туралы айтылады, – дейді тағы да сөз арасында Қапан әже.
Біз де өз тарапымыздан осы кітапқа аз-мұз тоқтала кетсек, ол «Менің өмірбаяным», «Өмір белестері», «Әулеттің шежіресі», «Мектеп – өмірімнің мәні», «Өмірімде із қалдырған жандар», «Қайнаған өмір ортасында» атты алты бөлімнен тұрады. Кітапқа кезінде автордың Ақмола облыстық «Арқа ажары», аудандық «Өрлеу», «Вести» газеттерінде жарық көрген мақалалары да енген. Солардың ішінен әр жылдары «Арқа ажары» газетінде жарияланған «Алғыс айтайын деп едім», «Әкемді ұмытпаған екен», «Қолыма қалам алғызған «Көпен» кітабындағы жаңсақ пікір», «Елімнің тілеуін тілеймін», «Сағынышпен өткен он бес жыл», «Аяулы есімі, өнегелі ісі жүрегімізде», «Жақсы тәрбие – жақсы ата-анадан», «Жанымызда жүрген жақсы аға», «Салт-дәстүрімізді сақтайық», «Сүйіп оқитын газетім – «Арқа ажары» әр үйге жетсе екен» деген мақалалары да бар.
Осының бәрінен көріп отырғанымыздай, Қапан әже өзінің өнегелі ғұмырында біздің басылымның да қаламы қарымды жергілікті тілшілерінің бірі болған. Ал, енді осы еңбектерінің бәрінің басын қосып, әрі оларды жаңа дүниелермен толықтырып, тоқсан жасында кітап шығаруы тіпті ғанибет. Сондықтан да, осындай елге сыйлы асыл жанды, өткеніміздің шежіресіндей қарт әжені тоқсан жасымен құттықтап, еңбек ардагері, ұлағатты ұстазға әлі де зор денсаулық, жүз жастың биігін тілейміз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар