Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Алмагүл Қадыралина осы саладағы өкілетті мекемелердің қызметінің қорытындысы жайында баяндап берді.
Жалпы, Ақмола облысының жер қоры 14 миллион 613,2 мың гектарды құрайды. Оның ішінде 10 848 мың гектар алқапты ауыл шаруашылығы саласы пайдаланады. Бұл барлық жердің 74 пайызы. Елді мекендерге 1359,2 мың гектар жер тиесілі. Өнеркәсiп, көлiк, байланыс және ауыл шаруашылығының мақсатына жатпайтын өзге де жерлер 108,8 мың гектарды құрайды. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға 519,0 мың, орман қорына 514,8 мың, су қорына 200,8 мың гектар, бос жатқанға 1061,4 мың, Нұр-Сұлтан қаласына 1,2 мың гектар жер тиесілі. Басқарма басшысы алдымен, конкурс пен аукцион арқылы учаскелер беру жөнінде айтып берді.
– Облыс аумағында жерді ресурс ретінде экономикалық айналымға тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты басқарма жер учаскелерін сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) арқылы беру бөлігінде аудандық атқарушы органдардың қызметін үйлестіруге ерекше көңіл бөледі. Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде облыс аумағында ауыл шаруашылығы айналымына көлемі 159 391,9 га (егістік – 38 271,2 га, жайылым – 119 745,7 га, шабындық – 1232,2 га, басқа алқаптар – 142,8 га) 275 учаске тартылды. Аукциондар арқылы 581 жер учаскесі сатылды, бұл ретте мемлекеттік бюджетке 1 180 435 041 теңге сомасында ақшалай қаражат түсті. Жер қойнауын пайдалану, қорғаныс және ұлттық қауіпсіздік мұқтаждары үшін учаскелері беріледі. Басқарма Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 32 бабын орындау барысында жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін жер учаскелерін беру бойынша жұмыс жүргізуде. Бүгінгі күні Ақмола облысының аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру құқығына 148 келісім-шарт және 23 лицензия қолданылады. Оның ішінде, заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма 132 келісім-шарт пен лицензия бойынша жер учаскелерін ресімдеді, оның ішінде 2020 жылы 22 учаске ресімделді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы қорғаныс мұқтажы үшін 6 жер учаскесі және өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру бо-йынша объектілер құрылысы үшін 3 учаске ресімделді,–деді басқарма басшысы.
Ағымдағы жылы басқармамен Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 17 сәуірдегі №346 «Бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобаларын әзірлеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» бұйрығына сәйкес 2020 жылдың басынан бастап жалпы ауданы 772 гектар жер қойнауын пайдалану жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде бүлінген жерлерді қалпына келтірудің 15 жобасы келісіліпті. 2020 жылдың басынан бастап жер қойнауын пайдаланушылардан ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын өтеу ретінде бюджетке шамамен 44 миллион теңге төленген екен, оның ішінде 1,1 миллион теңге сот тәртібімен өндіріп алыныпты. Одан әрі Алмагүл Қадыралина «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салынуы жөнінде айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қазіргі уақытта халықаралық қаржы институттарының қаржысын тарта отырып, Нұр-Сұлтан қаласын, ҚР Орталық және Солтүстік өңірлерін газдандыру үшін «Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салу жобасын іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Сарыарқа» магистральдық газ құбырын салу жоспары үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең Аршалы, Целиноград және Шортанды аудандарын қамтиды. 2018 жылы облыс әкімдігінің жалпы ауданы 448,8 гектар «Қауымдық сервитут белгілеу туралы» қаулысы қабылданды. 2019 жылы облыс әкімдігінің «Жерлерді резервте қалдыру туралы» 5 жыл мерзімге жалпы ауданы 267,1 гектар жөнінде қаулы қабылданды. Газ құбыры құрылысының екінші кезеңі Нұр-Сұлтан-Көкшетау автомобиль жолының бойында орналасқан аудандардың жерлері бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл Көкшетау мен Щучинск-Бурабай курорттық аймағын қоса алғанда, Ақмола облысының негізгі бөлігін газдандыруға мүмкіндік береді. 2020 жылғы 28 тамызда Шортанды (2 924,5 гектар), Ақкөл (1 809,4 гектар), Бұланды (2 323,8 гектар), Бурабай (3 182,7 гектар) және Зеренді (2 276,4 гектар) аудандарының аумағында жалпы алаңы 12 516,8 гектар жерді резервте қалдыру туралы қаулы қабылданды. Елді мекендердің шекараларын орнату жөнінде айтсақ, бүгінгі күні Ақмола облысының 605 елді мекенінің 236-ында шекара орнатылды және бекітілді. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында 2017-2020 жылдарға Ақмола облысының аудандары/қалалары елді мекендерінің әкімшілік шекараларын белгілеу бойынша жұмыстар жүргізудің жол картасы әзірленді, оған сәйкес 2020 жылға жоспарлы көрсеткіштер 22 елді мекенді құрайды. Ағымдағы жылы Жол картасының жоспарлы көрсеткіштері асыра орындалды. Ақмола облысының аудандары мен қалаларының жер қатынастары жөніндегі өкілетті органдарының ақпараты бойынша ағымдағы жылға 60 елді мекеннің шекараларын белгілеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлінді. Бүгінгі күні аталған аудандардан облыстың 49 елді мекенінде жұмыстар аяқталды. Әкімшілік шекараларды белгілеу бойынша жұмыстар жалғасуда, –деген басқарма басшысы Алмагүл Қадыралина жер қатынастары саласындағы цифрландыру жөнінде айтып, Қазақстан Республикасы Жер заңнамасының нормаларын түсіндірді. Брифинг соңында журналистердің сауалдарына нақты жауап берді.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Советбек МАҒЗҰМОВ.