Басты мәселе – кәсіпкерлер құқығын қорғау

2020 жылы кәсіпкерлердің 3,2 миллиард теңгелік мүлік құқы қорғалған. Бұл туралы Ақмола облыстық кәсіпкерлер Палатасы жұмысының қорытынды мәжілісінде мәлім болды.

Жыл ішінде өңірлік Палата қарауына аталған мазмұндағы 215 өтініш түсіп, мұның 50-ден астамына қатысты оң шешім қабылданған. Палата Кеңесінің кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылы нәтижесінде лауазымды 17 тұлға жауапкершілікке тартылды.
Қолымыздағы деректерге сүйеніп, бизнес өкілдерінің өтініш-тілектері әртүрлі саланы қамтитынын аңғардық. Бұлардың қатарында жер қатынастары, салық мәселелері, мемлекеттік органдардың қызметіндегі олқылық, мемлекеттік сатып алу, агросектордағы, экология, темір жол мен автомобиль тасымалындағы, экономиканың басқа да буындарындағы өзекті мәселелер бар.
– Мұндай сұрақтар мен шағымдар елімізде төтенша жағдай жарияланған уақытта мейлінше көп түсті, – деді аймақтық кәсіпкерлер Палатасының директоры Ақылбек Смағұлов. Карантин жарияланған 16 наурыз бен 12 мамыр аралығында бизнес өкілдерінің 1800 өтініші тіркелді. Талдап айтар болсақ, бұлардың 41 пайызы шектеулер мен қозғалыс логистикасына, 19 пайызы – салық мәселесіне, 11 пайызы – мемлекеттік сатып алу, 9 пайызы – кредитті өтеу мерзімін шегеру, 5 пайызы – жалға алу құны мен коммуналдық қызмет ақысына қатысты болып отыр. Сондай-ақ, Палата кәсіпкерлер тарапынан жиі қойылатын сұрақтар: санитарлық-эпидемиологиялық жағдайлар кезінде кәсіпорындар жұмысын қайта жалғастыру, дайын өнімдерді өткізу және импорттық шикізатты жеткізу мәселелері бойынша белсенді жұмыс атқарды.
Мәжілісте аймақтық Палатаның кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінде агроөнеркәсіп кешенінде қызмет ететін кәсіпкерлердің өзекті мәселелері күн тәртібіне жиі қойылатыны айтылды. «Атамекен» Ұлттық Палатасының басшысы Тимур Құлыбаевтың Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Маминмен онлайн-кездесуінде өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері саланы артқа тартып отырған проблемаларды талдамалық түрде жеткізе білді. Республика Үкіметі аграршылардың агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімді дайындау ұйымдарын субсидиялау бғағдарламасын 2021 жылы да жалғастыру туралы ұсыныстарына қолдау білдірді. Сондай-ақ, «Қолдау» ақпараттық жүйесін пайдаланудың абоненттік бағасының негізсіз қымбаттауы туралы сұрақтар Ауыл шаруашылығы министрлігінің бақылауына алынып, қаралу үстінде екен.
Басқосу барысында Палатаның Жоба офисінде, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 30,8 миллиард теңгенің 202 жобасы қаралу үстінде екендігі алға тартылды. Мұның 28,1 миллиард теңгенің 196 жобасы мақұлданып, 26,1 миллиард теңгенің 186 жобасы қаржыландырылған. Салалар бойынша да мәлімет берілді. Онда агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар өндіру және өңдеу кәсіпорындарының 179 жобасын жүзеге асыру үшін 17,8 миллиард теңге, өңдеу өнеркәсібіндегі 12 жобаға 6 миллиард және қызмет көрсету саласындағы 5 жобаға 4,2 миллиард теңге қаржы бөлінгені белгілі болды.
Коронавирус пандемиясы «Атамекен» ҰКП ірі жобаларының бірі – «Бастау» бағдарламасын іске асыруға қатысты біршама өзгертулер енгізуге мәжбүр еткенін атап өту қажет. Карантиндік шараларға байланысты «Atameken Academy» жобасына қатысушылар онлайн-платформа негізінде қашықтықтан дәріс алды. Облысқа белгіленген жоспар бойынша 1350 адам оқуға тартылуы керек болса, 1368 кісі кәсіпкерлік негіздері курсын ойдағыдай аяқтады. «Бастау» куәлігін алған 432 түлек қазірдің өзінде 450 миллион теңгенің жобасын жүзеге асыру үстінде.
–Біз пандемия кезінде бизнес нысандарының жұмысына қатысты жеңілдіктер шарасын қарастыру ісін жалғастыратын боламыз, – деді А.Смағұлов қорытынды сөзінде. Облыстың бас санитарлық дәрігерімен тұрақты байланыстамыз, осының нәтижесінде өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойылды. Біздің бастамалық ұсыныстарымыз, пандемиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, мереке күндері сауда-сауықтыру орталықтарының, сауда үйлерінің, супермаркеттер мен қоғамдық тамақтандыру орындарының жұмыс істеуіне және жұмыс кестесінің ұзартылуына негізделген. Сондай-ақ, өңірішілік санитарлық постылар алынған жағдайда, ПТР тестінің оң нәтижесі анықталған кісілердің Ақмола облысының аумағынан шығуына рұқсат беру туралы ұсынысымыз да қолдау тапты.
Мәжіліс соңында бір топ азаматқа өңірлік Палата мен кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Кеңесінің Алғыс хаттары табыс етілді.
Бақберген Амалбек,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар