Өзге емес, өз заманы берген құйып,
Абай ақын уланған шерден күйіп.
Шындығың сол жалғанмен сиыспаған,
Бас шұлғисың, көне алмай кеудеңді иіп.
Сайтан мас боп, періштең уланатын,
Дүниенің қызығын сынға алатын.
Ақыл қайда сыяды бұл заманда,
Ақын қайда сыяды жынданатын.
Көкірек көзін шел басқан шендіге еріп,
Жерді сатып жатса да, кенді беріп.
Су жұқпайтын сыртына сыпайы көп,
Көннен ұтыс сыпырған елді қойып.
Арыстанның оққа ұшты ақырғаны,
Ауызына тас тістеп жүр ақылманы.
Алтын басты еркекті таппай жатыр,
Аттан салып шулаған қатындары.
Жүру үшін ұлы Абай жүрген жолмен,
Талай ақын қорысқа кірген белден.
Кешегі Абай алысқан мың да болса,
Кім екенін Абайдың білгендермен.
Жатқа шашып жиғанын» «шәупәле» – деп,
Өз жақсысын көзге ілмей, әнтек елеп.
Бес асылды құндамай Абай айтқан,
Бес дұшпанды оңбаспыз мәртебелеп.
Абай туған қазаққа Күні болып,
Әр сөзінен келеміз шырын еміп.
Абай — өлмей жасайтын соңғы қазақ,
Мәңгі сөйлер қазақтың тілі болып.
Көрмейсің бе бақырған қара аюды,
Айдаһарды зарлатқан ағайынды.
Біріңді дос, қазағым, бірің көріп,
Тыңдамайсыңдар неге Абайыңды.
Құдайберлі Мырзабек.