Облысымызда 590 ауыл немесе барлық елді мекендердің 81,5 пайызы интернетке қол жеткізіп отыр. Өңірімізде 250-ден астам тұрғыны бар 350 ауылдың 78 пайызы интернетке қосылған.
Биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында 25 ауыл интернетке қол жеткізді, жыл соңына дейін тағы 21 ауылды интернетке қосу жоспарланған. Сонымен бірге, өңірде 250-ден астам тұрғыны бар 350 елді мекеннің халқын сапалы мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша шаралар қолға алынуда. Биылғы жылы мобильді операторлар осындай 89 ауылда бұрынғы орнатылған станцияны жаңартуды және жаңасын салуды жоспарлап отыр.
– Шағын және халық саны аз ауылдар мен кенттерде интернет сапасының артуы үлкен оқиға. Осы ретте туристік әлеуеті зор Зеренді ауданындағы Красный кордон ауылында алты жыл бұрын орнатылған мобильді станса арқылы таратылатын интернеттің қызмет сапасы төмен болды. Бүгінгі күні тұрғындар жоғары жылдамдықты 4G интернетке қол жеткізіп отыр, – дейді аудан әкімдігіндегілер.
Бұдан бөлек, өңірде «Білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған» және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде білім саласы жүйесін цифрландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Осынау бағдарлама шеңберінде өңірдегі жалпы білім беретін 555 мектеп 4-тен 8 Мбит/секунд және одан жоғары жылдамдықты кең жолақты интернет желісіне қосылып отыр.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.