Аймағымызда «Менің туым – менің Отаным!» атауымен патриоттық челлендж өтуде. Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына бағытталған шараға аймақтың барлық елді мекендері белсене атсалысуда.
Зеренді ауданына қарасты Қарашілік ауылының тумалары да көк туды көкке көтеріп, патриоттық шарадан қалыс қалмады. Алдымен, аудандық балалар шығармашылық үйінің директоры Бақытбек Сейдахметов пен ауыл мешітінің имамы Ырымбек Нәкенов сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Бұл шараға ауыл азаматтары белсене қатысты. Олар көк байрақты аспанға көтеріп, құрмет көрсетті. Салт атты азаматтар көк туды қолына алып, ауыл ішін аралады. Патриоттық шараға жергілікті тұрғындармен бірге жырақта жүрген ауыл азаматтары да арнайы қатысып, бой көрсетті.
Аталмыш шараға Зеренді ауданының Ортақ, Қанай би, Молодежный, Үлгілі және өзге де ауылдары қолдау танытты. Олар өзара келісіп, патриоттық челленджді бір-бірлеріне жолдап жатыр. Бұл акцияны енді Бөгенбай би ауылдық округінің Бөгенбай би, Қызылқайнар, Викторовка, Красиловка елді мекендері де жалғастырады.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.