Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың басында Ақмола облысы аумағында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың кейбір учаскелерінде дизельді және қоғамдық көлік түрлері үшін қозғалыс уақытша шектелді. Сол себепті, полиция қызметкерлері патрульдеу мен жол мониторингін күшейтті. Осы уақыт ішінде полиция қызметкерлері жолда қалған 30-ға жуық адамды құтқарды. Солардың бірі – елордалық жүк көлігінің жүргізушісі Қайрат Құдайбергенов. Ол «Азат – Степногор» автожолының 136-шы шақырымында көмекке келген Ақмола облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының патрульдік полиция ротасының полицейлеріне алғыс білдірді.
– Қатты аяздың салдарынан Ақкөл қаласында бірнеше күн тұруға тура келді. Жолды жалғастыру мүмкін болған кезде көлік бұзылып, жол полициясы қызметкерлері жүргізушіге көмекке келді. Тәртіп сақшылары дереу жүк көлігін жақын маңдағы елді мекенге жеткізіп, оны жөндеуге көмектесті, – деді полицияның кіші лейтенант Қуаныш Мұқанов.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.