Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Тыныстың» аппараттары өмір сыйлайды - АРҚА АЖАРЫ

«Тыныстың» аппараттары өмір сыйлайды

Көкшетау қаласындағы «Тыныс» акционерлік қоғамы еліміздегі ірі кәсіпорындардың бірінен саналады. Бүгінгі таңда осы зауытта шығарылатын полиэтилен құбырлары, авиация, теміржол, мұнай салаларына қажетті қосалқы бөлшектер мен күштік құрылымдарға арналған бронжилеттер тапсырыс берушілер тарапынан жақсы баға алып, сұранысқа ие болуда.

Зауыт Ақмола облысында машина жасау ісінің көш басында тұр. Қазақстан Республикасы Үкіметінің үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өнеркәсіпті әртараптандыру бағытын жүзеге асыру мақсатында жұмыс істеп келе жатқан, жарты ғасырдан астам тарихы бар «Тыныс» акционерлік қоғамы 2003 жылы «Қазақстан Инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына енді. Бұл – кәсіпорынның келешегін айқындап, алдағы жоспарларын жүзеге асыруға жол ашты.
Зауыт 59 жылда өз өнімін үздіксіз шығарып, өнімнің жаңа түрлері мен кәсіпорын жұмысының жаңа бағытын игерді. Бұны зауытты салып, пайдалануға берген, әрі саналы ғұмырын осы кәсіпорынға арнаған жұмысшылардың баға жетпес еңбегі деп білеміз. Өз еңбектерімен құрметке ие болғандардың есімдері зауыт өмірінде басты орын алады. Күні кеше зауыт басшылығында іскер ұйымдастырушы Қуаныш Рыспаевты алмастырған жаңа бас директор Қайрат Қалманбаев бүгінгі таңда «Тыныс» акционерлік қоғамы көп салалы кәсіпорын екенін айтады. Оның құрамына авиация өнімдерін, өрт сөндіру құралдарын, полиэтилен құбырын жасау, газдалған қалып арқылы құю, әскери және азаматтық противогаздар, Қарулы Күштер жабдықтарын, темір жолдың электр жүйесі үшін тетіктер, сұйық зат шығынын есептеу аспаптары, медициналық қондырғылар, газды жабатын арматура жасау бөлімшелері кіреді. Соңғы жылдары мұнайгаз және темір жол секторындағы Қазақстан Рес-публикасы Ұлттық компанияларының қажеттілігі үшін өнімдердің үлкен шоғыры игерілді. Авиациялық өнімнің негізгі тұтынушылары – Ресей мен Беларусьтің авиажасау және авиажөндеу кәсіпорындары. Кәсіпорынның өнімін сату саясаты ішкі және сыртқы рыноктарға бағытталған. Бір кездері авиациялық өнімдерге сұраныс азая бастағандықтан, кәсіпорын отандық компаниялардың сұранысы бойынша жұмыс істеуге біртіндеп көшуді қолға алды. Мұның да сол кезде дұрыс қадам болғанына осы күні анық көз жеткізуге болады.
Қазіргі уақытта «Тыныс» республикамыздың экономикалық өміріне белсене қатысушы кәсіпорын ретінде де танымал. Осы күні «Қазақстан темір жолы», «Қазмұнайгаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қазақтелеком», «Қазтрансойл», «Қазтрансгаз», «KEGOK» акционерлік қоғамдары сияқты ірі компанияларға өнімдерін жеткізеді. Сондай-ақ, ресейлік компаниялармен әріптестік байланысы нығайып келеді.
Соңғы кездері «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамынан тапсырыс көптеп түсуде. Оған қоса, Қарулы Күштерге қажетті бронжилет шағырылуда. Зауытта адам ресурстарын басқаруды ұйымдастыру бойынша жұмысшылар мен инженерлік-техникалық мамандарды тиімді саралау жұмысына бағыттайтын бірқатар шаралар жасалып отыр. Осының бәрі зауыт шығарған өнімнің сапасына оң әсерін тигізуде. Бүгінгі күні кәсіпорын өзінің қаржылық-шаруашылық қызметін тұрақтандырып, тек қана кіріспен жұмыс істеп келеді.
Технологиялық үдерістердің қазіргі заманғы деңгейі мен мамандардың жоғары кәсіби шеберлігі шығарылатын өнім өндірісінің көлемін толық қамтамасыз етеді. Акционерлік қоғам стратегиясы ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Осының нәтижесінде өндіріс жаңғыртылып, әртараптандырылды. Жұмыстың жаңа бағыты игерілді. Мұндай жобалардың бірі – электр қозғалтқышты мүгедектер арбасын құрастыру жұмыстары. Мұндай мүгедектер арбасы елімізде мүлдем шығарылмайды. Негізінен Ресей, Қытай және Еуропа елдерінен тасымалданады. Бұл жолы оның алғашқысы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша жасалып отыр. Бұл серуендейтін электр қозғалтқышты мүгедектерге арналған арба. Оның салмағы 70 келі шамасында. Арба 15 және 30 шақырымға арналған екі аккумулятормен жабдықталған. Ал, жылдамдығы сағатына 6 шақырымды құрайды.
Зауыт басшылығы атап өткеніндей, электр қозғалтқышы істен шыққан кезде арбаны қолмен итеріп жүруге де болады. Сондай-ақ, жинап, автокөліктің жүк салғышына да салуға ыңғайлы. Қосалқы бөлшектерді де осы кәсіпорыннан алуға болады. Айта берсек, тыныстықтардың тынымсыз жұмысы соңғы жылдары «жылына 1 мың тоннаға дейін газдалған модельдер бойынша құю өндірісін игеру» және «матаға жатпайтын материалдар өндірісі» инвестициялық жобаларының жүзеге асырылуына да игі ықпалын тигізуде. Су өтпейтін, иілгіш, матаға жатпайтын синтетикалық материалға «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы мен мұнайгаз компаниясы тапсырыс беруде.
Сонымен бірге, кәсіпорынның биылғы жылы әлемді дендеген коронавирус инфекциясымен күресуге қосқан үлесі де зор болды. Бүгінгі таңда Көкшетау қаласындағы іргелі кәсіпорын – «Тыныс» акционерлік қоғамы коронавирус инфекциясымен күресуге қажетті 800 дана қазіргі заманғы «Көкшетау 4П» өкпені желдету аппаратын шығарып отыр. Өкпені оттегі-ауа қоспасымен жасанды желдетуге арналған аппарат жедел жәрдем көліктерінде, оқиға орнында, хирургия бөлімдерінде, жансақтау және интенсивті терапияда қолданылып келеді. Республика бо-йынша облыстарға осындай аппараттың 500-ден астам данасы жөнелтілген.
Облыс бойынша 60 өкпені желдету аппараты сатып алынды, олардың ішінде 17 аппарат денсаулық сақтау басқармасына қайырымдылық көмек ретінде табыс етілген. Зауытқа әлі де медициналық мекемелер мен жеке тұлғалардан тапсырыстар түсіп жатыр. Кәсіпорында өкпені желдету аппараттары жаңартылып, негізгі жинақтаушы комплектілері әзірленуде. Сондай-ақ, 200 дайын комплектілер бар. Бір сөзбен айтқанда, тыныстықтардың қызылтаяң шақта халыққа көмегі зор болды.
Бүкіл әлемде, оның ішінде біздің елімізде де кез-келген кәсіпорынның қызметі тек жоғары өндірістік көрсеткіштермен ғана бағаланбайды. Қаржылай түскен пайдамен бірге, техникалық қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілік сияқты көптеген көрсеткіштер алдымен ескеріледі.
Осы орайда, «Тыныс» акционерлік қоғамы тарапынан жаңа жылда да қолға алынып отырған мұндай қадамдар Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған өнеркәсіпті өрге бастыру ісіне өзіндік қомақты үлес болып қосылары айқын.

Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар