Бір тәулікте 99 науқас тіркелді

Елімізде өткен тәулікте коронавирус инфекциясы лабораториялық расталған 1003 науқас анықталды. Соның 99-ы ақмолалықтар. Пандемия басталғалы өңіріміздің 8341 тұрғыны COVID-19 індетіне шалдықты.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі таңда өңірімізде 562 науқас коронавирустан емделуде. Стационарлардағы төсек-орындарға найқастарды жатқызылуы 54 пайызды құрайды. Ал, барлығы мұндай науқастарды жатқызатын 1035 төсек-орын бар.
Айта кетейік, Ақмола облысы бір жұмадан бері «қызыл» аймақта қалып отыр. Біздің облыспен қатар, еліміздің тағы бірнеше өңірі «қызыл» аймақта. Бұл коронавирус пандемиясының еліміз үшін үлкен қауіп төндіріп отырғанын көрсетеді. Міне, сондықтан, өңірімізде коронавирус індетін жұқтырған науқастардың көптеп тіркелуіне байланысты 2021 жылдың 18 қаңтарында облысымыздың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің карантин талаптарын күшейту туралы жаңа қаулысы күшіне енді. Соған сәйкес, азық-түліктік емес сауда орындарының жұмыс уақытына шектеу қойылып, мәдениет орындарында топтық дайындықтар өткізуге тыйым салынды.
Өкінішке орай, мониторингтік топтардың тексерістері кезінде карантин талаптарын бұзған сауда, ойын-сауық орындары әлі де тіркелуде. Өткен сенбі күні азық-түліктік емес сауда орындарының қызметіне шектеу қойылса да, облыс орталығындағы «Орталық базар» сауда орталығы, «Мечта», «Рубин» сауда үйлерінің жұмыс істегені анықталды. Сонымен қатар, «Рио» ойын-сауда орталығында да санитарлық дәрігер қаулысының ережелері бұзылғаны анықталды. Кейбір бөлімдердің сатушылары тұтынушыларға маскасыз қызмет көрсеткен. Санитарлық қызмет жүргізген сараптамалардың нәтижесі науқастардың басым бөлігі індетті аумағы 2000 шаршы метрден асатын сауда орындарында жұқтырғанын көрсетіп отыр. Сол себепті, ондай сауда орындарының қызметкерлері, жалпы өңіріміздің барша тұрғындары карантин талаптарын қатаң сақтауға міндетті.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар