Облыс әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен кеңесте сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері қаралып, осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға баға берілді және алдағы міндеттер пысықталды.
Кеңестің күн тәртібіне сай, Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев баяндама жасап, аймақта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, профилактикалық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келе жатқандығын мәлімдеді. Департамент қоғамда жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыру және оның салдары туралы әртүрлі топтар арасында түрлі түсіндірмелік жұмыстарды жүргізіп келеді. Сыбайлас жемқорлық қылмыстарын болдырмай, оған қарсы мәдениет қалыптастыруда бірлескен желілік кесте әзірленген. Жалпы, облыста 2020 жылы 2800-ден астам ақпараттық-түсіндірмелік сипаттағы іс-шаралар өткізіліпті. Олардың басым көпшілігі пандемия салдарынан онлайн форматта ұйымдастырылған. Департамент басшысы мемлекеттік органдармен, азаматтық қоғам институттарымен бірлесіп, «Adal Komek», «Antikor.Live», «Адалдық алаңы» секілді жобалар негізінде атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы айта келіп, «Адалдық алаңы» жобасы шеңберінде «Құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында 17 аудан мен екі қалада сервистік әкімдіктер құрылғандығын жеткізді. Бұл сервистік әкімдіктердегі жұмыстарды жандандыру мақсатында әлі де жергілікті жерлердегі әкімдіктерге бірқатар мәселелерді шешіп, халыққа жағдай жасау қажет.
Облыста 77 фронт офистар мен Open space жұмыс істейді. Бірақ, бұл көрсеткіштер бойынша облыс республикада алдыңғы орындардан көріне алмады. Жалпы, департамент басшысы сыбайлас жемқорлықпен күресу барысында қандай жұмыстарды атқару керектігіне тоқтала келе, 2020 жылы облыста 136 қылмыстық іс сотқа жіберілгендігін және бірталай азаматтардың сотталғандығын айтты. Мұндай жемқорлық әрекетіне барғандардың 60 пайызы қазынаға қол салғандар болса, 35 пайызы сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне жол бергендер мен делдалдар. Қазіргі уақытта облыстық сотта 8 қылмыстық іс қарауда жатыр. Сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне 2020 жылы мемлекеттік атқарушылық органдардың қызметкерлері көбірек жол берген. Сонымен бірге, департамент басшысы сыбайлас жемқорлық әрекеттерін болдырмау мақсатында мекеме басшыларына өз ұсыныстарын айтты.
Елімізде өткен жылы респонденттердің қатысуымен қай сала бойынша сыбайлас жемқорлыққа жол беріледі деген мониторингтік сауалнама жүргізіліпті. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттері делдалдар арасында 6 пайызға дейін артқаны анықталған. Адамдар көбіне емделуге жолдама алу, жұмысқа орналасу, баласын балабақшаға орналастыру, жер қатынастарын реттеу, халыққа қызмет көрсету орталықтарынан анықтама алу үшін ақша бергендіктерін айтыпты. Қылмыстық жауапкершілікке тартып жатқандықтарына қарамастан, кінәлілерді осындай жолға баруға не итермелейді екен? Қазіргі уақытта бұндай қылмыскерлерді жазалаудың шаралары да қатаңдатылған.
Кеңес барысында «Ақмола – Адалдық алаңы» жобасының кураторы Қанат Ыдырысов та өз міндеттері шеңберінде дайындалған бейнесюжетті көрсетіп, баяндама жасады. Ол халықтың мемлекеттік қызмет түрлерін алу жолында кездесетін қиындықтар тұрғысында және анықталған жағдайлар орайында айта келіп, аудан әкімдеріне өз ұсыныстарын айтты. Әсіресе, «Smart-Aqmola» бағдарламасын енгізу бойынша аудан орталықтарында жағдай жасалу қажеттігін ескертті.
Облыс әкімі Ермек Маржықпаев кеңес соңында баяндалған мәселелерге байланысты аудан әкімдеріне кемшіліктерді жоюға тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әкімдердің шыны кабинетте отыруларына дайындалулары қажет.
– Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бо-йынша 2020 жылғы қылмыстық статистика көңіл көншітпейді, бірақ бұл көрсеткіштер алдыңғы 2019 жылға қарағанда аз да болса кеміген. Өткен жылы 76 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 29-ы лауазымды тұлғалар, –дей келе аймақ басшысы мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өз азаматтық парыздарына адал болуларын тапсырды.
Жиын соңында Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев облыс әкімі Ермек Маржықпаевқа Агенттіктің төрағасы Алик Шпекпаевтың атынан бірлескен нәтижелі жұмыстары үшін Алғыс хат табыс етті.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.