Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қиындық адамды шыңдайды - АРҚА АЖАРЫ

Қиындық адамды шыңдайды

Адамдардың көбі өмірде кездесетін түрлі қиындықтардан қорқады. Олар өздерінің өмір жолдарының тақтайдай тегіс, еш кедергі-қиындықсыз жеңіл болуын армандайды. Тірлікте сәл-пәл қиындықтар кезіге қалса абыржып, өмірден түңіліп, иықтарынан су кетіп жатады. Шындығында, өмірде кездесетін қиындықтар біздің дұшпанымыз ба, әлде досымыз ба?

Сіз темірдің өзін кесетін болат деп аталатын темірдің шыңдалған түрінің қалай жасалатынын білесіз бе? Білмесеңіз айтайын: кәдімгі темірден жасалған құралды отқа салып қып-қызыл болғанша қыздырады, содан кейін оттан ала сала әлгі қызған темірді мұздай суға салады, содан кейін төске қойып соққылайды. Осыдан кейін темір бұйымды отқа қайта салып қып-қызыл болғанша тағы қыздырады, содан кейін суға салып, төске қойып тағы да соққылайды. Осылайша темір болатқа айналғанша қайталай береді.
Қиындықтан қорқатын адам болбыр, бос адам. Ондай жандар әдетте өмірде кездесетін түрлі қиындықтарға шыдамай бірден омырылып сынады. Біреулері өмірден түңіліп, тіпті өздеріне қол жұмсап жатады, енді басқалары стресс, депрессия деп аталатын дертке шалдығады. Ал, сондай қиындықтарға қарсы тұрып, жеңе білген жандар әрбір қиындықтан шыңдалып, ширығып шығады. Кейін келе олар қиындық тағдыр талқысы немесе басына түскен бақытсыздық емес, өмір мектебінің ұстазы екендігін сезініп, сол қиындықтардан сабақ алып, білімі мен біліктілігін арттырады.
Қарадан шығып хан болған, яғни, кедейшіліктен өз ақылымен байыған адамдардың өмір жолына үңіліп қарайтын болсаңыз, олардың қиындықтардан шыңдалып, шыныққандығын бағамдайсыз. Бүгінде АҚШ президенті болып отырған миллиардер Дональд Трамп өз өмірінде әлденеше рет банкрот болып, бар жиған-тергенінен айрылған адам. Бірақ, әр жолы ол қиындықтан шығар жол тауып қана қоймай, бұрынғыдан да мол байлыққа жетіп отырған.
Қиындық шыңдаған мұндай адамдардың өзгешелігі – олар қиындықтан қорықпайды және керісінше қиындық кездескенде құлшынып, қуаттанып, аруақтанып кетеді. Қиындықты жеңу арқылы олар рахат алады, қанағат сезіміне бөленеді, тіпті кейбіреулері үшін өмірдегі қиындықтар өмірінің мәніне айналады.
Жапонның аты әлемге танымал машина жасайтын ірі Хонда компаниясының негізін салушы миллиардер Хонда өзінің оқу бітіріп келген жалғыз ұлын цехқа қара жұмысшы етіп жібереді және цех бастығына оны қожайынның ұлы деп санамай аямай жұмсауды тапсырады. Егер ұлы өз міндетін орындай алмаса, бұл туралы жасырмай айтуын сұрайды.
Сөйтіп, қожайынның жалғыз ұлы қара жұмысшылықтан бастап, цех бастығы, инженер, басқа да барлық қызмет баспалдақтарынан өтеді, жай өтіп қоймай өзін жақсы маман ретінде көрсетеді. Міне, осыдан кейін ғана сынақтан өткен ұлына қожайын компанияны түгел тапсырып, өзі демалысқа кетеді. Бұл – өмір тәжірибесі мол жанашыр әкенің тәлімі.
Ал, бүгінде қызмет арқылы байлыққа қол жеткізген отандық алпауыттар балаларының бетіне жел тигізбей бағып-қағып өсіруде. Солай түк көрмей өскен жастар егер өмірде бір қиындық кездесе қалса, оны жеңе ала ма? Жоқ, әрине.  Өмірдің қиындығын көріп, соны жеңу арқылы шыңдалмаған адам болбыр, бос және әлжуаз болады.
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар