Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, төрт бірдей қысқы Олимпиада ойындарына қатысып, еліміздің намысын қорғаған жерлесіміз, шаңғышы Николай Чеботько 24 қаңтарға қараған түні Бурабай кентіне жақын маңда жол апатынан қайтыс болды.
Николай Чеботько 1982 жылы 29 қазанда Ақмола облысының Щучинск қаласында дүниеге келген. 2013 жылы әлем чемпионатының қола жүлдегері атанған. Ол төрт бірдей Олимпиада ойындарына қатысқан әмбебап шаңғышы еді. Жарысқа кез-келген қашықтықта шыға беретін оның қоржынында Азия ойындарынан үш алтын, төрт күміс және екі қола медаль бар.
Үлкен спорттағы ең ірі жетістігі Валь-Ди-Фьеммеде өткен әлем чемпионатында командалық спринт бойынша үздік үштікке енгені болатын. Әлем кубогы жарыстарында 2001 жылдан бастап сынға түскен. 2012 жылы Квебектегі әлем кубогы жарысында жерлесіміз Денис Волоткамен бірге алтын жүлдені иеленді. Ол бірнеше дүркін Қазақстан чемпионатының жеңімпазы. 2020-2021 жылғы қысқы спорт маусымында спортшы ретінде соңғы рет өнер көрсетіп, одан әрі шаңғыдан Ақмола облыстық жастар құрамасын жаттықтырмақ ойы бар еді. Алайда, тағдыр оған жеткізбей, әйгілі шаңғышы 38 жасында мезгілсіз көз жұмды.
Белгілі спортшының ел үшін жасаған спорттағы елеулі істері әрқашан халқының жадында сақталады.
Ырысалды ШАМШИЕВА.