Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көненін көзі, өткеннің өзі - АРҚА АЖАРЫ

Көненін көзі, өткеннің өзі

немесе астаулар мен ас табақтар сыры

Биыл қазақ елі өз Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтеді. Осы бір ерекше жыл Ерейментау аудандық тарихи-өлкетану музейі үшін аса қастерлі, өйткені, дәл сол 1991 жылы 1948 жылы салынған қаламыздың ең алғашқы үйінде музейдің ашылу салтанаты болған еді.

Кезінде музей қызметкерлері, аудандық партия комитетінің, аудандық мәдениет бөлімінің және аудан жұртшылығының қолдауымен мыңдаған жәдігерлерді жер-жерлерден жинақтап, музей қорын молайтып алған болатын. Бүгінде аудан халқының өткен өмірін, тұрмыс тіршілігін, әдет-ғұрпын көз алдыңа келтіретін құнды жәдігерлердің көпшілігі музейіміздің этнография залындағы сөрелерден орын тепті. Соның ішінде қолөнер мұрасы болып, шебер-ұста бабаларымыздың ағаштан ойып жасаған оннан астам астау-астабақ коллекциясы көзіңе оттай басылады. Бертін халқымыздың ас мәзірінде сирек пайдаланылған бұл жәдігерлер тәуелсіздік алған жылдардан бастап еске алына бастағаны шындық. Алғаш рет үш астау мен бір ас табақты Бөгенбай батыр музейіне тапсырған Бозтал ауылының тұрғыны Мәкен Қаңтарбаева апамыз болды. Өте ақылды, инабатты, ата-баба тарихына зерек, ауыл өміріне белсенді араласып, өзінің парасаттылығымен, аналық мейірімімен жұртшылықтың құрметіне ие болған абзал апамыз ауданда музей ашылғанда көзінің қарашығындай сақтап жүрген осы астаулар мен астабақты:
–Бұл бабалар мұрасы, келешек ұрпақ ата-баба пайдаланған ас құралдарын біліп жүргені абзал, –деп музейге тапсырған еді. Мәкен апа сыйлаған екі астаудың біреуі шұңғыл да екіншісі жайпақтау, бірақ, ет салатын ыдыс екені айғақ. Ал, үшінші астау кішігірім-ұзындығы 30 сантиметр, ені 20 сантиметр, шұңғыл, тегі сұйық асқа арналған. Ал, төртінші бұйым кішігірім астабақ, астыңғы жағы тұғырлы келген дөңгелек пішінді. Негізі аса қадірлі қонағына бас тартатын ыдыс па деп топшыладық. Бұл ыдыстар тұтас терек ағашынан ойып жасалған. Астауларды ұста бабаларымыз тұтас ағашты белгілі мөлшерде ұзындығы мен қалыңдығын өлшеп, төртбұрыштап кесіп алып, сүргілеп дайындап алған соң, құрылғыға қозғалмастай етіп бекітіп шапашотпен ойып жасаған екен. Одан соң пышақ, қырғышпен тегістеп, құлақтарын қошқар мүйіз өрнектермен ойып, жан жағын, іші-сыртын жылтыратып, арнайы су сіңірмейтін майлар мен майлап қолданысқа алады екен. Ас табақ та осы әдіспен жасалған болу керек.
Дәл осындай кішігірім ас табақты Еңбек ауылына қоныс тепкен қандасымыз 90 жастың биігіне жеткен әжеміз Дидар Төйтенқызы 2018 жылы музейге сыйлыққа берді. Әжемізге кезінде қайын атасы мұра етіп табыстаған екен. Сонау Моңғолиядағы Баянөлгей жерінде жасалған бұл ас табақтан атамыз қазақтың тұрмыс-тіршілігінің ұқсастығы айқындалып тұрғандай.
Музей сөресінде орын алған құнды жәдігердің бірі – ардақты ұстаз, 80 жасты алқымдап қалған апамыз Ермек Шортан-
баева сыйлаған ас табақ. Бұл астабақ аумақты, бүгінгі эмальды астабақтар мөлшеріндей. Негізі терек ағашынан ойып жасалған. 1917 жылы Ермек апамыздың анасының жасауы ретінде келген ас бұйымы екен. Ғасырдан аса сақталып, бүгінгі күнге жеткен бұл ыдыс ескіріп, қоңыр түске енсе де, өткен өмір тіршілігін елестеді. Музей табалдырыған аттаған жұрт осы жәдігерге ерекше тоқтап, тамсанып, алақандарымен сипап, таңдай қағып тұрғандарының куәсі болып жүрміз.
Музейімізде сақталған тағы бір жәдігер шара – ағаш тегене десе болғандай. Бұл ыдыс дөңгелек келген, шұңғыл, сұйық асты қымыз, сорпа құюға арналған, бертіндері астыңғы жағы шатынаған соң бауырсақ салуға арналыпты. Бұл ыдыс Бөгенбай батырдың ұрпағы Сағымбай Атаевтың үйінде сақталған екен. Сағымбай атамыздың жұбайы Рабиға апай қайтыс болған соң немере келіні Гүлмира Елтай ауылындағы мектептің музей бұрышына тапсырыпты. Мектеп директоры Бағила Сағидоллақызы құнды дүниені Бөгенбай батыр музейіне тапсырған екен.
Ал, бұл ас ыдыстары адамзат тарихында қашаннан жасала бастаған? Осы күнге дейін айтылып жүрген деректерде астаудың ХIХ ғасырда жасалғаны туралы жазылып келді. Алайда, тарихи оқиғаларды саралай келе, сол заманның талабымен ойлайтын болсақ, «Вакуфнаме» өсиет хаты Әмір Темірдің көзі тірі кезінде жазылса, сол кезеңдерден бастап «Халим аба» тағамы дайындалса, демек, астау да әрі кетсе сол ХV-ХVI ғасырларда жасалған болуы керек деген тұжырым жасауға болады. Сондықтан, кесенеде сақталған ағаш астаулар да Әмір Темір дәуірінен қалған тайқазан, шырағдандардан кейінгі ХV-ХVI ғасырлардан қалған заттай дерек, құнды жәдігерлердің бірі деп топшылауға болады. Ендеше, қазақ қауымында астау мен ас табақтар, басқа да ағаштан жасалған ас тұтынатын бұйымдар ертеректен қолдана бастаған деп пайымдайық. Тағы баса айтатын бірден-бір айырмашылық белгісі, қазақ халқының ағаш ыдыстарының көлемді келетіндігі. Мысалы, бір қойдың еті түгел сиятын керсен сияқты ағаш ыдыс-
тар, астаулар қазақ арасында жиі кездеседі. Мұндай астаулармен белгілі, елге сыйлы кісілердің жылдық асы берілген кезде киіз үйлерге епті жігіттер астау толы етті атпен жүріп таситын болған.
Осының бәрі тарих. «Өткенсіз бүгін жоқ» демекші, өткен өмір соқпақтары жастар санасына Отанға деген ерекше сүйіспеншілік көзқарасты қалыптастырса, құба-құп. Бүгінде еліміздегі Гранкин сынды қолөнер шеберлерінің небір әсем астауларды жасап, халқымыздың өткен өмір тіршілігін жаңғыртып жатқаны «Рухани жаңғырудың» бір қыры деп білейік.
Манап ӘДІРЕШЕВ,
Ерейментау ауданының Құрметті азаматы,
өлкетанушы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар