Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Сәкеннің әкесі –Нұрмақ ұстаз - АРҚА АЖАРЫ

Сәкеннің әкесі –Нұрмақ ұстаз

І.Тектілер туған топырақ

Көкшетау облысының ежелгі бір астық өңірі – Қызылту ауданы 1928 жылдың 17 қаңтарында құрылды. Бұрынғы Кішкенекөл, Шүмектікөл, Боқбасар секілді шағын-шағын көлшіктердің басында мөлдір суың шопылдатып, су астында асыр салған балығын қолмен аулап, ана-апаларымыз басында кір шайқап, алаша жуғанын көрген, бүгінде жетпіс қайдасың деп төбесіне көтеріліп бара жатқан біздердің қасиетті мекеніміз содан бері неше мәрте созылып, тарылып, үлкейіп, дамып, небір тоқырауды да бастан өткерді. Аты өзгерген, Шоқан Уәлиханов ауданы бүгінде. Солтүстік Қазақстан облысына қарайды. Аудан солтүстік және солтүстік шығысында Ресей Федерациясының Омбы облысымен, шығысында Павлодар, батысында Солтүстік Қазақстан облысының Ақжар, оңтүстік шығысында Ақмола облысының Біржан сал ауданымен шектесіп жатыр. Көліктегілер төтелей дала жолымен бір жарым-екі сағатта Бурабайдың тура төбесінен шығады. Биыл ауданға – 93 жыл.
Жақсы жылдары, дамып көркейген жылдары Қызылту Қызылту боп тұрған заманмен дөп келді. Бүгінде осы туған елдің өзіміз талай шапқылап жүрген кезіндегі Набережный, Колхоз, Школьный көшелері атымен жоқ, қирауға ұшырап, аппақ қудай сортұзданып кеткен.
Әу баста, тұрғындары Кішкенекөл жағасына жақын салынған 500-дей ғана саман үйлерге қоныстанған аудан әлденеше үлкейіп, қанатын кеңге жайған зор тарихы бар, қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен мәдениетіне қосқан қомақты үлесі бар байтақ ел деуге толық негіз бар.
Төрт жылға жуық уақытқа созылған қаралы соғысты да халық бастан өткерді.
Шаруашылықты күйрете қиратқан зұлым соғыс зардабын қалпына келтіріп үлгермей жатып, ауыл-төбенің қарабарқын топырағына шынжыр табанды трактормен түрен тартылып тың игеру басталды… Осылай аудан халқы жанталаса тырмысып, бір саяси науқаннан біріне көшіп, соғысты басынан өткеріп, соңғы онжылдықтарда ғана мамыражай тіршілік кешуде. Көш оңалып, тұрмыс түзелді. Жоғарыда айтқанның бәрі бүгінде кино көріп отырғандай тізіліп жатқанымен, қаншама қиындық еңсерілді, қаншама адам сол жанкештіліктің құрбаны болды. Бүгінгі ұрпақ оны ұмытпауы тиіс. Елдің қай жетістігінде болмасын, ортамызда жоқ сол есіл ерлердің еңбек ізі жатыр, көрсеткен сара жолы жатыр.
Ауданның алғашқы қазығын қағып, сол жүздеген тұңғыштардың қатарындағы ерен еңбектің басы-қасында жүргендердің бірі, бүгінде елімен қайта қауышып отырған – Нұрмақ Жүніс.

ІІ.Ұстаз еңбегі

Ұстаз болу – жүректің батырлығы. Ұстаз еңбегін жыл мезгілінің табиғаттағы ерекшелегімен ұқсатуға болады. Мұғалім, көктемдегі тіршілік секілді, шәкіртіне – жас тал тамырына нәр беріп, қуаттандырып, оны білім жолына жетектейді. Білім беру ісінде ұстаз қыстың ызғарына, небір борандарға төтеп беріп, жаздың шіңгір ыстықтарына күйеді. Бірақ, күз мезгілі келгенде еккен егіннен жемісін татып, қырманы алтын дәнге толғандай, арманы орындалып, төбесі көкке жетіп, балаша қуанады. Мақаланың басты кейіпкерінің өткен жолын саралай отырып, осылайша ой толғаймыз.
Шын мәнінде, ұстаздық қызметіне адалдығын Нұрмақ Жүніс білімімен ғана емес, жанкешті ерен тірлігімен де дәлелдеді. Ол қатардағы ұстаз ғана емес, басшы ретінде шалғайдағы Қызылтудың ен түбінде жатқан кезіндегі қазақы Шапай, Қайрат, Жасқайрат секілді елді мекендердегі қай мектептің де әр кірпіші мен тасын арқалап тасып, өз қолымен қалаған жан.
Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның бірі – терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек. Осының екеуі де бағамдай білсек, Нұрмақ Жүністің бойынан табылды.
Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан, ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Әлі күнге оның алдын көрген шәкірттері байтақ елдің түкпір-түкпірінде еңбек етіп, ұрпақ өсіріп, ұстаз рухына тағзым етіседі.
Қызылту төңірегіндегі ұстаздардың ұстазы атанған Нұрмақтың ата жұрты да, нағашылары да ел билігіне қатысқан, барын бөліскен әділ бай болған. Ата жұрты Атбасар ауданының Қаратомар, Сәтпек ауылының тұрғындары бертінге дейін, оның атасы қазған құдығын, жайқалып жатқан жайлауың Жүніс атаның қонысы деп келді. Нұрмақ әкесінен небәрі он алты жасында айырылып ерте есейеді.
Жасынан зерек ол сұрқия заманда орыс патшасының жарлығымен Атбасарда да орын алған жас балаларды қара жұмысқа жегуге әскерге алмақ болғандармен алысып, таяқ та жеді. Нұрмақ Жүнісұлы 1898 жылы Атбасар төңірегіндегі 16-шы /Қаратомар/ ауылында дүниеге келген. Атбасар ревкомы Сабыр Шәріповтың бастауымен сауатсыздықты жоюға араласты. Атбасардағы оқытушылар курсын, одан соң Қызылжар педучилищесін, тағы да Көкшетаудағы педтехникум жанындағы кадрлар білімін жетілдіру курсын тәмамдайды.1921 жылдан еңбек жолын бастаған Нұрмақ Жүніс осы Қызылту ауданында, оның орталығы Қулыкөлде орта мектепке директор болған. Ол Кішкенекөл орта мектебін халық мектебі дәрежесіне көтерді. Өмірінің соңына дейін ұстаз, мектеп директоры, аудандық оқу ағарту бөлімінің меңгерушісі болған. Атап айтсақ, 1933 жылы Кішкенекөл орта мектебінде мұғалім, 1939-1942 жылдары Жасқайрат ауылдық мектебінің директоры, 1942-1948 жылдары Қызылту аудандық оқу бөлімін басқарады. Ал, 1948-1952 жылдары Шапайдағы Папанин, 1952-1955 жылдары Маленков, Ұялы ауылдық мектептерінің директоры қызметін атқарған. Білім ошағы жоқ кішкентай ауылдардың бәрінде тікелей араласуымен мектептерді ашып отыруы, аңыз іспеттес. Осы аймаққа есімі кеңінен танымал республикаға еңбек сіңірген мұғалім Сабыр Мәліков оның сүйеніші, тірегі бола білді.
Тәжірибелі, іскер маман ретінде оны білім алмақ түгілі тізе бүгіп жайғасатын орыны да жоқ, ат тұяғы баса бермейтін шалғайдағы ауылдарға жиі ауыстырып отырды. Ол кезде дүниенің бәрі қат, әр сом түгілі тиын үшін қатаң сұраныс бар, «былай тартсаң арба сынады, былай бұрсаң өгіз өледі» дейтіннің заманында еңбек ету оңай болмады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін осы орайда, Нұрмақ Жүністің Астанада тұрып жатқан қызы Роза Нұрмаққызының әкесімен қатарласа елге қызмет еткен қайраткер анасы Мағрипа Мұхамбетәліқызы рухына бағыштаған «Сөнбейді жаққан шырағың» атты /2016 ж./ кітабынан үзінді келтірелік.
«…1948 жылы аудандық атқару комитетінің ұйғарымымен әкеміз Нұрмақты үшінші ауыл Шапайдағы Папанин мектебіне директор етіп жіберді. Мектеп жоқ. Оны салу үшін жаз бойы құрылыс материалдарын сырттан өзі басы-қасында жүріп тасумен болды. Нәр татпай аш құрсақ жүрсе де бар ойы мектептің құрылысын тезірек аяқтау. Соңынан көп ұзамай отбасымыз Сілеті өзенінің жағасындағы қора-қопсысы жапсарлас екі бөлмелі үйге көшіп келді. Таң қылаңдағаннан тұрып кететін әкені көрмейміз.
Не керек, күндіз-түні саз балшықты белшесінен кешіп, Арқаның суық желінің өтіне, жаңбырлатқан көктемнің өңменнен өтетін ызғарына бой бермей еткен еңбегі зая кетпей, бір қабатты мектеп сол жылы жаңа оқу жылына дайын болды. Қарбалас істегі әкем Нұрмақ тағы да Көкшетаудың Бұландысынан жетіспей қалған қосымша заттарды әкелуге кеткен…
Бірде даладан жүгіре кірген мектеп кілтшісі Құрман анам Мағрипаға бірдеңе деп сыбырлағаны сол еді, ол көзі шарасынан шыға тез киіне бастады. Кейін білдік, арғы жағаға түнделетіп жеткен жүргізуші тәуекелге бел буып, тура өзеннің ортасымен өтем дегенде мұз ойылып, мәшина суға батып кете жаздаған. Кейін құтқарушы құрдастары, «Нұрекеңнің ажалы алыс екен» деп әзілдесетін.
Одан кейін де Ұялыдағы Маленков, Жасқайраттағы мектептерде де осындай бейнетті шаруа күтіп тұрды.
Осылайша әкем Нұрмақ жазғытұрым басталысымен мектеп салу «әуенімен» аяқ-қолы жерге тимей аудандық қаржы, оқу бөлімдерінің табалдырығын тоздырып, ашпаған есігі қалмайды ғой деп ойлаймын. Үйден гөрі түзде жиі түнейтін. Бұланды, іргелес Омбыдан қарадүлей суық, қар аралас жаңбыр астында қалатынына қарамастан, құрылыс заттарын жеткізетін әкем есіктен кіргенде үсті-басы малмаңдай су-су, тісі-тісіне тимей дірілдеп-қалшылдап келетін. Бала болсам да қатты жаным ашып, аяйтын едім. Сол көріністер күні бүгінге көз алдымда.
Соғыстың алдында да, сондай қиындықпен ауданның Қондыбай колхозында мектеп-интернат салғызғанын біреу білсе, біреу білмейтін болар. Мұғалім қашанда саясаттың жауынгері ғой. Дүркіреп сардалаға түрен түскенде жан-жақтан жеткен сан алуан ұлт өкілдерін дымы жоқ Ұялы ауылында жайғастырып, ас-суын қамдау да сол кездегі партия ұйымының хатшысы өзіне жүктелді. Көп ұзамай жанкешті еңбегінің зейнетінен гөрі бейнеті мол болған әкемнің науқасы меңдеп, біржолата төсек тартып жатып қалды.
Талай жылға төгілген тер, жанын жеп жасаған іс, жүйкені жұқартар, шырмауықша шырмалған небір жағдаяттар қойсың ба. Ақыры, көп ұзамай аяулы әкемізден айырылдық. Мыңдаған шәкірттерінің алғысын арқалаған әке алыстап ұзай берді…».Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов, «Мұғалім – мектептің жүрегі» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» адамға ілтипат танытудан жаңылмай, өзіңе ұнаған кәсібіңе адал болсаң, өз ұлтыңның туын көкке көтере алсаң – бақыт деген осы! Ғұмыры келте болса да, шамшырағы әлі жарқырап тұрған оның есімі алтын әріппен тарихқа жазылды. Соның бір дәлеліндей, арада қаншама жылдар өтсе де, Нұрмақ Жүністей тұлғаның еткен еңбегі жанып, ері елімен қайта қауышты.

ІІІ. Ағартушылар әулеті

­Өз заманында. «Нұрмақтың үйі – өнер ордасы» болды. Қызылтулық өнер саңлақтары ән-жырларымен қоса, «Едіге батыр», «Қыз Жібек», «Арқалық батыр», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» секілді сахналық қойылымдарды назарға ұсынып, халықты рухани сусындатты.
Нұрмақ Жүністің өзі де, зайыбы Мағрипа Мұхамбетәліқызы да керемет әнші, небір ұлттық саз аспаптардың құлағында ойнаған. Соғыстың алдында Мағрипа ана Қызылжар және Алматыда өткен ән байқауында алдыңғы жүлденің бірін жеңіп алып, елге сол кездері көптің қолы жете бермейтін патефонды саз табақшаларымен қоса құшақтап оралады. Тағы бірде Алматыда өткен Қазақстанның екінші съезіне делегат боп қатысып, қазақтың жыр алыбы абыз ақын Жамбыл Жабаевтың батасын алды.
Ұлы Отан соғысы жылдарында бел шешпей ел аралап, майдан тылына азық-түлік жөнелтіп, арасында ән айтып қамкөңіл жандардың рухын көтеріп отырды. «Мағрипаның орындауындағы «Ақбөпе», «Сұржекей», «Қанатталды», «Аққұм» әнімен әсерленген қауым дуылдасып тарасатын» деп еске алады, онымен қатарлас қызмет атқарған менің анам Бәтиха Тұрсынғожина /Омарова/.
Мағрипа ана әрі ұстаз, әрі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы қызметтерін де атқарды. Мағрипа ана қолдың саласындай өмірге әкелген бес перзент өмірден өз орындарын ойып алды. «Ұлын ұяға, қызын қондырған», әке мен ананың жолын қуған тұңғыш қызы, ұстаз Зекеннің өмірі ұзақ болмағанымен жұбайы, құрметті ел азаматы Мұса Иманбаевпен тату-тәтті өмір сүрді.
Тағы бір ұлы, мамандығы энергетик Абылайханы Талдықорған облысы әкімінің орынбасары болып қызмет етіп жүргенде қайтыс болды.
Сәкен – Сәкен сері Жүнісов Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, әдебиет зерттеушісі, драматург. Оның алғашқы романы арқауы Қызылтудың өзінен алынған «Жапандағы жалғыз үй», немістің лирик жазушысы Стефан Цвейгтің «Бейтаныс әйелдің хаты» /«Письмо незнакомки»/, намысшыл қазақ жауынгерінің басынан кешірген оқиғасы баяндалатын «Мүгедек» повесі сол кезде-ақ оқырмандарын баурап ап, іздеп жүріп оқитын туындысы еді. «Өшпейтін іздер», «Өткен күндер белгісі», әкем театрынан түспеген «Ажар мен ажалы», «Аманай мен Заманай» драмалары бір төбе. Сондай-ақ, «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қос анар», «Өліара», «Қысылғаннан қыз болдық» драмалары республика театрларының сахнасынан әлі күнге түспеген. «Аманай мен Заманай» және «Ақан сері» романдары бойынша көркемфильмдер түсірілді. Әншілігі де ерекше еді. Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас», Ақан серінің «Қараторғай» әндерін керемет шырқайтын. «Құдайым-ау, не деген дауыс, сен тек жазушы ғана емес, нағыз ән құдыретінің тарланысың» деп Алматының небір нарқасқасы маңдайынан сүйген. Сәкен сері әлемі – бізді биік ойларға жетелейтін суреткердің ұлт биігіне көтерілген әлем. Жерлестерінің құрметімен осы Солтүстік Қазақстан облысындағы Қызылту, бүгінгі Уәлиханов ауданындағы Мәдениет сарайы – Сәкен сері атында. Баса айта кету керек, өткен жылы Сәкен сері Жүнісов, тірі болғанда марқайып 85 жасына шығып, ортамызды толтырып отырар еді. Амал нешік. Қызылтулық жерлестері, одан әрі Көкшетау қаласының басында даңғайыр жазушыны еске алу мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылды.
Ал, Орал Нұрмақұлы Жүнісов белгілі кинорежиссер. Бүгінде Алматыда тұрады. 40-тан астам фильмдердің авторы, оның көбі халықтың этнографиялық салт-дәстүріне арналған.
Роза Нұрмаққызы Жүніс Астана қаласында тұрады. Ағасы өзі еркелете, «Сәкен серінің Рузасы» деген атына сай, оның мұраларын жинақтап, сақтап, барынша нәсихаттаушысы. Роза Жүністің де негізгі мамандығы ұстаз. Бірақ, бар ғұмырын журналистикаға арнап, қазақ телевидениесінде ұзақ жылдар редактор-режиссерлік қызметтер атқарды. Әлі де ұлғайған жасына қарамастан, «жарғақ құлағы жастыққа тимей», талай есікті қағып, ұлтымыздың маңдайалды қайраткерлерінің есімін жаңғыртуға аянбай атсалысып жүр.
«Нұрмақ Жүніс кім болған» деген сауалға жауап осы. Ұстаздың еңбегі жанды, оты өшкен жоқ, ұрпағы өрбіді, елі болса ер есімін жаңғыртты. Ғасырлар бойы өзінің кіндігінен тараған бала, немере, шөбере, немене… оған қоса мыңдаған шәкірттерінің дүрсілдеген жүрегінің түкпірінен оның есімі мәңгі өшпек емес. Сөнбейтін артында із қалдырған жанды, өлді деуге бола ма, жоқ! Нешеме жылдар өтседе ол алғыскер ұрпақтарымен жаңғыра бермек. Ендеше, біздердің құлағымызға, міне, осылайша Нұрмақ Жүністің жаңғырығы жетуде!
«Иә, өмірде ізі қалған ұстаз, аяулы әке Нұрмақ Жүністің, думан-той ортасының ән-гүліне айналған «жүректер емшісі» Мағрипа ананың балалары болғанымыз үшін біз бақыттымыз», – дейді әкесі Нұрмақтың және ағасы, даңғайыр жазушымыз, шебер суреткер-драматург Сәкен серінің рухани жоқтаушысы, Қазақстан білім беру ісінің үздігі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Роза Нұрмаққызы.
Сіздей жандардың қазақтың ұл-қыздары болғанын біз де мақтаныш етеміз!
Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Нұр-Сұлтан қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар