Сұлу сөздің сүлейі Сәкен сері

1 ақпан қазақ әдебиетінің алтын қорына өзінің өшпес шығармаларымен олжа салған қабырғалы қаламгер, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәкен Жүнісовтің (1934-2006) дүниеге келген күні. Жерлес жазушы тірі болса, биыл 87 жасқа толар еді.

Сұлу сөздің сүлейі Сәкен серінің қуатты қаламынан туған өшпес шығармаларын бірнеше ұрпақ жата-жастана оқып, сөз зергерінің қайсар талантына тәнті болғаны белгілі. Қазақ әдебиетінде өзіне ғана тән талантты шығармашылығымен, кең тынысты суреткерлігімен танылып, қайталана бермес бірегей туындылар берген қаламгерлер шоғырындағы Сәкен Нұрмақұлы Жүнісов 1934 жылдың 1 ақпанында Солтүстік Қазақстан облысына қарасты қазіргі Уәлиханов ауданындағы Кішкенекөл ауылында дүниеге келген. Ол Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетінде оқып жүргенде-ақ әдебиетке деген құмарлығымен көзге түскен. Алғашқы туындысы – «Бір шофердің әңгімесі» атты балаларға арналған шағын әңгімесі республикалық «Қазақстан пионері» газетінде 1953 жылы жарияланған. Алғашқы кітапшасы да балаларға арналып «Сонарда» деген атпен шыққан.
Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй» романы (1965) кезінде қазақ әдебиетіндегі елеулі құбылыс ретінде бағаланды. Мұнда тың игеру кезіндегі қазақ даласындағы әлеуметтік қайшылықтар алғаш рет көркем шығарма арқауына айналды. Жазушы халықты тоғайтуда тың игерудің елеулі рөл атқаруымен қатар заманның, уақыттың адамға, оның тағдырына қайшылықты әсер етіп жатқанын жан-жақты тереңдей ашып көрсетеді. Бүгінде көріп отырғанымыздай, оның игі ықпалымен қатар, әкелген зияны да мол болғаны белгілі. Алғашқы сәтте мол өнімге малданып, бір ғана егін шаруашылығымен айналысудың салдары халқымыз ежелден айналысып келе жатқан мал шаруашылығын тұралатқанын, ұзақ жылдар бойы үздіксіз пайдаланғандықтан, жер құнарын төмендетіп, «жел эрозиясының» зардаптарын жоюдың қандай қиындықтарға ұрындырғанын білеміз. Ол кездегі жас жазушы осы қиындықтардың біразын болжай алған. Тың игеруге келгендердің арасында өктем мінезбен келген жандар да аз болмаған. Бүкіл Кеңес Одағының түкпір-түкпірінен ағылған сан ұлт өкілдерінің көбеюі, айналып келгенде, жергілікті қазақ ұлтының азшылыққа айналуы, қазақ мүддесінің аяққа тапталуы, қазақ мектептерінің жаппай жабыла бастауы сияқты әлеуметтік қайшылықтар да белең ала бастаған еді. Жазушы мұның барлығын ашып айтпағанмен, көркем тілмен кестелеп, сары майдан қыл суырғандай, шебер жеткізе білген. Осындай проблемаларды өмірі осы өлкеде өсіп, жергілікті халықтың салт-санасын бойына сіңіріп, тілін де жетік игерген Күргерей қарттың пікірі арқылы айқындай түседі. Оның өзіндік себебі де бар. Егер бұл сөздерді жергілікті ұлт өкілдеріне айтқызса «ұлтшылдық» делініп, романның мүлде басылмай қалуы да мүмкін еді. Түрлі шегіністер мен естеліктер, даланың өткен тарихы, адамдар тағдырының тоғысы арқылы оқиға желісін ширата түскен.
Жазушының бұдан кейінгі көрнекті эпикалық шығармасы екі томдық «Ақан сері» дилогиясы. Әрине, қазақ әдебиетінде өнер адамдарына арналған қарымды шығармалар аз емес. М. Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, Диқан Әбілевтің Сұлтанмахмұт Торайғыров туралы «Ақын арманы» (1965), «Арман жолында» (1969), «Баянауыл баурайында» (1975) деп аталатын трилогиясы, Әлжапар Әбішевтің «Найзағай» романы, Зейтін Ақышевтің «Жаяу Мұсасы», Сәбит Мұқановтың Шоқан Уәлихановтың өмір жолын баяндаған «Аққан жұлдыз» романы, Жанайдар Мусиннің «Балқадишасы» және тағы басқа көптеген шығармалар бар. Солардың қатарында Ақан сері туралы көлемді эпикалық шығарма жазу екінің бірінің қолынан келмес еді. Бұл арада көкшелік екі дарынды тұтастырып тұрған заңдылық та жоқ емес. Көкшетаулық белгілі қаламгер Төлеген Қажыбай былай дейді: «Бұл тақырыпқа Сәкен Жүнісовтің баруы кездейсоқтық па, әлде көбіміз біле бермейтін бір заңдылық бар ма деген сауалдарға жауап іздеп көрелікші. Меніңше, заңдылық бар, бұл заңдылық Сәкеннің ішкі творчестволық таным-түйсігімен Ақанға біртабан жақын характерлік үйлесімділігі дер едім». Кезінде заңғар жазушымыз Ғабит Мүсірепов Сәкенге «Мен Ақан сері-Ақтоқты» пьесасын жаздым. Енді бұл тақырыпты сен жалғастырып, Ақан серіні жазсаң қайтеді?» деген көрінеді. Сәкен бұл аманатты қал-қадерінше ақтауға тырысқан. Кейін Сәкенге «сері» деген атауды да берген Ғабең көрінеді. Өзі де сегіз қырлы бір сырлы, өлең де айтып, ән шығара алатын, домбыра тартып күй шертетін, сөйлесе шешен, Сәкеннің өзі де айтса айтқандай, сері болатын. Өкінішке орай, Сәкен бұл көлемді кесек туындының соңғы кітабын аяқтай алмады, нағыз шығармашылық кемел шағында өмірден озды. Жазушы өнерде жарқын із қалдырған ақын, әнші-композитор Ақан сері Қорамсаұлының әдебиеттегі көркем образын бұл дилогияда шығармашылық адамынның қоғамдағы жеке трагедиясына ғана бойлап қоймай, ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы қазақ қоғамындағы әлеуметтік қарым-қатынастарды терең қопара көрсетіп берді.
Жазушы қаламынан туған ендігі бір айтулы туынды «Аманай мен Заманай» романы жиырмасыншы ғасырдың басындағы ел екі айырылған зобалаң шақтың шындығы…
Жиырмасыншы жылдардағы ақ пен қызыл тартысы, ұжымдастыру, қызыл қырғыннан шетел асып, бас сауғалаған қазақ жұртының трагедиялық азапты ғұмыры осы шығармаға арқау болған. Осындай аласапыран заманда ауа көшкен Балзия ел ауған шақта іште жатқан Заманайының баласы Аманайды туған жеріне жеткізіп барып, өмірмен қоштасады. Сол бір тар жол, тайғақ кешулерден бүгінгі заман көшіне сенделіп келіп қосылған Аманай бала қыруар жұрттан тірі қалған жетім бала, бүтін бір әулеттің, қуғынға ұшыраған өңір халқының соңғы тұяғы екен. Романның желісімен «Заманай» көркем фильмі түсірілді.
Сәкен Жүнісовтің шығармашылығынан мол орын алған Абылай хан бейнесі арқылы да Сәкен Көкше тағдырын толғады. Замана сырына терең үңілген жазушы хан заманы мен замандастары туралы көп ізденіп, талай публицистикалық дүниелермен қатар, толғау, эсселерін жазып, Қарауыл Қанай би, Бұқар жырау, Қабанбай мен Бөгенбай батырлар туралы толғамды ойларын ортаға салды. Келесі романның сұлбасы даярланған сәтте Елбасы тапсырмасымен Абылай хан туралы киносценарий жазуға кірісіп, оны абыроймен орындап шықты. Оның мәтіні 1997 жылы «Жұлдыз» журналында жарияланды әрі байқауда бас жүлдені иеленді. Алайда, ұлы қаламгердің бұл еңбегі әртүрлі жағдайлармен өзгерістерге ұшырап, қолды болды.
Жазушының творчестволық тұрғыдан ендігі бір құнарлы өрістерінің бірі – драматургия саласы болды. С.Жүнісовтің «Ажар мен ажал» (1967), «Тұтқындар» (1972), «Жаралы гүлдер» (1973), «Қызым, саған айтам» (1973), «Қос анар» (1974), «Әр үйдің еркесі» (1975), «Қысылғаннан қыз болдық» (1976), «Кроссворд» (1981), «Елім-ай», «Сабалақ Абылай», «Сәукеле» сияқты тағы басқа пьесалары республикалық және облыс театрлары сахналарында қойылған. Сәкен Жүнісов – әдебиет пен театрдың келелі мәселелерін қозғаған жүзге жуық зерттеулер мен сын мақалалардың авторы. Драматург-жазушы өз шығармаларында мінез-құлық өрбітуде, тартыс-талас құруда, кейіпкерлерінің ішкі-сыртқы әлемін даралауда, олардың аузына сөз салуда еш мүдірген емес. Халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, дәстүр-дағдысын, жетік білетіндігі айрықша көзге ұрып жатады. Дүниетанымының кеңдігі, философиялық топшылау деңгейі оны замандастарына етене ете түсті.
Жазушы, драматург жастар өміріне көбірек ден қойды. Өз замандастарының тұрмыс жағдайына қатты мән берді. Соның арқасында қазақ көрермені Рәзия, Шәрипа, Бақыт, Баттал, Қарасай сынды сахналық кейіпкерлерімен жүздесті. Кезінде Әуезовтей заңғар драматургтің аспиранты атанған, жалғыз академиялық драма театрының көп жылдар бойы әдеби бөлімін басқарған Сәкен Жүнісов шығармашылығының сахна сырын меңгеруде алғашқы саптан көрінуі заңды үдеріс. Мұхаң, Сәбең, Ғабең сияқты алыптармен аралас-құралас болып, соңына ерген Сәкен кейіннен «Кемеңгер мен көлеңкелер» деген драма да жазды. «Сәкен драматургиясында артистизм элементтері басым болып жатады. Ол оның, жазушының жеке басынан, болмыс бітімінен туындайтын қасиет. Қаламгер табиғаты, тұнған драма іспетті. Туа бітті осындай табиғи қасиеттің күшінен де ол қалам, қағаз «сырқатына» ұшыраған шығармашылық тұлға. Сөз жоқ, ол қалам ұстамаған жағдайдың өзінде не артист, не режиссер, не әнші болары басы ашық құбылыс» деп жазған еді белгілі театр сыншысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әшірбек Сығай «Сәкен сері – Ел жайында. Ел – Сәкен сері жайында» атты кітапта.
Сәкен Жүнісов көркем аударма саласында да жемісті еңбек етіп, Л.Толстойдың, П.Федоровтың, В.Кочетовтың, С.Цвейгтің, О.Гончардың шығармаларын қазақ тіліне аударған. Өзі де текті жерден шыққан Сәкеңнің ірі болмайтын жайы жоқ еді. Елдегі қариялардың айтуына қарағанда, Сәкен өз әкесі Нұрмақтан гөрі, арғы атасы Жүніске көбірек ұқсайтын көрінеді. Жүніс ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрынды, қыран қабақты, екі иығына екі кісі мінгендей еңгезердей кісі болыпты. Сонысына қарамай жылдам, епті болған деседі. Ел ішінде оқыс оқиғалар болмай тұрмайды. Біреу суға кетіп бара жатса, енді біреуі өрт ішінде қалса, алды-артына қарамай қойып кетіп, ақыры құтқарып алып шығатын жарықтық Жүкең екен. Сәкеңнің, әсіресе, мінез жағы осы атасына тартыпты. Өзі әкесі Нұрмақ бүкіл ғұмырын ағартушылық жолында сарп еткен, оқымысты һәм қайырымды кісі болыпты. Анасы Мағрипа да ұстаздық еткен, көзі ашық кісі болатын. Бертініректе дүние салды.
P.S. Мақаланы әзірлеу барысында белгілі ақын Серік Тұрғынбековтің естеліктері, жергілікті әдебиетші-ғалымдар Аманжол Есмағұлов пен Сәбит Жәмбектің зерттеулері, интернет материалдары пайдаланылды.
Дайындаған
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар