Вакцина вирус жұқтыру қаупін төмендеді

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде  «Заманауи кезеңдегі коронавирустық инфекцияның алдын алу» тақырыбында брифинг болып өтті.

Брифингте Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ғылыми кеңесшісі Әлім Әкімбаев, Астана медицина университетінің жұқпалы аурулар және клиникалық эпидемиология кафедрасының доценті, қалалық жұқпалы аурулар орталығының бөлім меңгерушісі, медицина ғылымдарының кандидаты Зәуреш Смағұлова және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Манар Смағұл қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

– Коронавирустық инфекцияның алдын алуда вакцина вирус жұқтыру қаупін төмендетіп, иммунитеттің қалыптасуына мүмкіндік беріп, індеттің асқынуына жол бермейді. Бүгінгі күні коронавирусқа қарсы вакцинаны егудің қаншалықты маңызды екеніне өзіміз де куә болып отырмыз. Оны көп ел енгізіп жатыр. Сондықтан, коронавирусқа қарсы вакцинаның шығарылуы – бүкіл әлемді алаңдатқан індеттің алдын алу шарасына қол жеткізгеніміз деп ойлаймын. Вакцина – медицина саласындағы айтулы жетістіктердің бірі.  Вакцинаның арқасында дүние жүзінде шешек дерті жойылды. Осыдан 20 жыл бұрын әлем бойынша көп мемлекетте полиомиелит ауруы өршісе, қазіргі уақытта осы вакцина арқылы оның таралуы азайды, – дейді  Манар Смағұл. Сондай-ақ, ол вакцина егу арқылы әлемде қызылша, қызамық, дифтерия, гепатит ауруларының жұғу деңгейі төмендегенін де айтып өтті.

Жалпы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсаты – жаман дертті түбегейлі жою. Әлем бойынша 42 мемлекет коронавирусқа қарсы вакцинаны қабылдауға шешім қабылдап отыр. Оның ішінде 36 мемлекет – Италия, АҚШ, Израиль сияқты дамыған елдер. Ал, ТМД мемлекеттері арасында әзірге Ресей мен Беларусь сондай шешім қабылдап отыр. Бұл шараға Қазақстан биыл ақпан айынан бастап қосылады деп күтілуде. ДДСҰ мәліметіне сүйенсек, осы уақытқа дейін дүние жүзі бойынша 95 612 000 адам ауырған, оның 2 миллионнан астамы өлім-жітім жағдайымен аяқталған. Брифингке қатысқан дәрігерлердің пікірінше, вакцина егудің ең басты мақсаты – аурудың алдын алу, оны өлім-жітім жағдайына жеткізбеу, болып отыр.  Сондықтан, дәрігер вакцинаны екпес бұрын оған қарсы көрсетілімдер бар-жоғын анықтап алуға тиіс. Дәрігерлердің сөзінен ұққанымыз, ешкімді вакцина салдыруға мәжбүрлемейді.  Алайда, ең бастысы – одан бас тартпаған дұрыс. Өйткені, вакцина ектірген адам коронавирус жұқтырған жағдайдың өзінде жеңіл түрде ауыратыны айтылды.

Бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, коронавирусқа қарсы вакцина ектірген ең алғашқы ел Израиль болып отыр.
Манар Смағұлдың айтуынша, қазіргі уақытқа дейін бұл елде 2 миллион адамға вакцина егілген. Ал, жалпы әлем бойынша 56 миллионнан астам доза қабылданған. Біздің мемлекет Ресейде шығарылған вакцинаны қолданатындықтан, өткен аптада сол жақтың мамандарымен кездесу өткізген. Ресейдің мамандары вакцина ектірген адамдар вакцинаны жеңіл қабылдағанын және ешкім зардап шекпеген алға тартады.

Бүгінде бұл қауіпті індет денсаулық сақтау саласына ғана емес, өмірдің барлық саласына қатысты кері әсерін тигізіп отырғаны даусыз. Сол себепті қысқа мерзімде вакцина жасап шығарудың маңызы зор болғаны байқалады. Мәселен, кейбір вакцинаны жасауға 10 жыл уақыт қажет болса, енді бір вакцинаға одан аздау уақыт кетеді екен. Ал, коронавирусқа қарсы қолға алынған вакцинаның саны – 150-ге жеткен. Алайда, соның  үшеуі ғана қолдануға ресми түрде рұқсат алған.

Брифингте вакцина егуге қатысты дүние жүзіндегі басқа мемлекеттердің тәжірибесі алға тартылып, өлім-жітімді азайту мақсатында оны қолданбай болмайтындығы баса айтылды. Сондықтан, қоғамдық орында, үйде санитарлық режимді сақтап, көпшілік орындарға бармай, мүмкіндігінше вакцинаны алғанымыз дұрыс болатын шығар.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,

«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар