Қазақстанның аймақтарында «Министрлік күндері» басталды. Іс-шаралар стратегиялық сессия форматындағы онлайн түрде өткізілуде.
Іс-шараның негізгі мақсаты Министрлік жетекшілік ететін өзекті мәселелер мен міндеттерді талқылау және түсіндіру, мемлекеттік органдар мен өңір жұртшылығы өкілдерінің сындарлы диалогын құру, сондай-ақ, қойылған сұрақтарға жауап беру болып табылады.
Азаматтық қоғам, дін, этносаралық келісім, жастар, отбасы және БАҚ салаларында барлығы 14 кездесу мен семинарлар өткізу жоспарланған.
Ақмола облысында Стратегиялық сессияларды өткізу аясында «Жастар және отбасы саясаты саласындағы өзекті мәселелер» тақырыбында онлайн-семинар өткізілді.
Диалог алаңына ішкі саясат басқармасының, аудандық ішкі саясат бөлімдерінің қызметкерлері, жастар саясаты саласындағы өңірлік және республикалық ҮЕҰ өкілдері қатысты.
Іс-шара аясында Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов 2020 жылдың қорытындысын баяндады.
Өткен жылы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған 2025 жылға дейінгі Жастарды қолдау жөніндегі кешенді жоспар қабылданды, ол 10 бағыт пен 55-тармақтан тұрады. ҚР 2030 жылға дейінгі отбасылық гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының екінші кезеңі бекітілді, «Қазақстандық отбасылар – 2020» және «Қазақстан жастары-2020» Ұлттық баяндамалары әзірленді.
Министрлік әлеуметтік маңызы бар жобаларды, онлайн форматта іске асырды, бұл, біріншіден, шалғай ауылдарға дейін қатысу географиясын кеңейтуге, екіншіден, қатысушыларды қамтуды бірнеше есеге арттыруға мүмкіндік берді. Барлығы 16 ҮЕҰ-ны тарта отырып, жастар және отбасы саясаты саласында 22 әлеуметтік жоба іске асырылды, 300 мыңнан астам адамның қатысуымен 200-ден астам іс-шара ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, Ш.Байманов 2021 жылға арналған Жастар және отбасы саясаты саласындағы негізгі міндеттерді атап өтті. Бұл – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасын әзірлеу. Аталған заң жобасының мақсаты мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру болып табылады.
Сондай-ақ, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінің қызметін жетілдіру, «Тәуелсіздік ұрпақтары» Ұлттық жобасын әзірлеу; «Қазақстан Республикасындағы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және «Қазақстан жастары – 2021» жыл сайынғы Ұлттық баяндамаларын дайындау; елімізде әлемдік тәжірибеге сәйкес «Жастардың даму индексін» әзірлеу.
Айта кету керек, заң жобасы аясында 46 түзету қарастырылған. Жоғарыда аталған заң жобасын дайындау шеңберінде «NEET санатындағы жастарды», «Жастарды дамыту индексін» және «Жастармен жұмыс жөніндегі маман» және тағы басқа заңнамалық бекітулер ұсынылады.
Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Үкіметінің 2021 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына енгізілген.
Бұдан басқа, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Аян Сакошев заң жобасы аясында «Жастарды дамыту индексі» ұғымын мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бөлігінде білім беру, денсаулық және әл-ауқат, жұмыспен қамту және мүмкіндіктер, саяси және азаматтық қатысу, бос уақыт және инфрақұрылымға қолжетімділік, қауіпсіздік салалары бойынша негізгі индикаторларды қамтитын жергілікті атқарушы органдар қызметі тиімділігінің кешенді көрсеткіші ретінде толықтыру ұсынылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына жастарды дамыту индексін енгізу ұсынылады. Мүдделі мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарлары және аумақтарды дамыту бағдарламалары, елдегі жастар саясатын іске асыру бойынша орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тиімділігін рейтингтік бағалауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Бұл индекс ұлттық ерекшелікке бейімделген жастардың жаһандық даму индексінің нұсқасы болады.
Мемлекет басшысының көрсетілген тапсырмасын уақтылы және сапалы іске асыру мақсатында Министрлік жастар саясатын дамыту бағдарламаларын мониторингтеуге және бағалауға бағытталған индекстерді енгізу жөніндегі халықаралық тәжірибені зерделеді және жастар саясаты индексінің қазақстандық нұсқасының жобасын әзірледі.
Өз кезегінде Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов жастар және отбасы саясаты саласында қойылған міндеттерді іске асыру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Семинар қорытындысы бойынша қатысушылар жастарды қолдау бойынша жүргізіліп жатқан шараларды жетілдіру бойынша өз ұсыныстарын айтты.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.