Қазақстан Республикасының барлық аймақтары сияқты Ақмола облысында коронавирусқа қарсы вакцина егу ақпанның 1-інен басталып кетті. Осыған орай, алғашқылардың бірі болып вакцина қабылдаған облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нариман Сыздықовты әңгімеге тарттық.
– Бүгінде облысқа әкелінген ресейлік «Спутник V» вакцинасы облыс орталығы Көкшетау қаласындағы Назарбаев даңғылы, 13 «А» мекен-жайында орналасқан облыстық қан орталығында, яғни, дәл қазір «СҚ Фармацияның» арнайы қоймаларында сақталуда. Орталыққа тәулік бойы бейнебақылау орнатылған. Вакцина осындай қауіпсіз жерге орналасқан. Осылайша 31 қаңтар күні 21.30-да Ресейлік «Спутник V» вакцинасының 1300 дозалық бірінші партиясы барлығы үш жеткізілім бойынша бізге келіп түсті. Облыста екпе жасайтын арнайы 24 орын жабдықталды. Коронавирустық инфекцияны болдырмауға қарсы үшінші ақпанда жеті вакцинациналау пункті дайындалды. Оның бесеуі Көкшетау қаласында, ал, екеуі аудандардағы вакцинация пункттері. Мұздатқыш камералардың температуралық режимі минус 20 градус, – деді Нариман Сыздықов.
Жалпы, вакцина салу үшін арнайы тізім жасалып, алғашқы лекпен оны медицина қызметкерлері қабылдаған. Тізім барлық жағдайларды қарастыра отырып жасалған. Оларға қандай емханада екпе алатыны алдын ала ескертілген. Олардың бәрі де емханаға келіп дене қызуларын өлшетіп, қолдарын антисептикпен өңдегеннен кейін дәрігердің бақылауында болып, жағдайларының жақсылығына көз жеткізілгеннен кейін екпені қабылдаған. Әңгімесін одан әрі жалғаған Нариман Сыздықов:
– Кестеге сәйкес барлық медициналық қызметкерлер 19 ақпанға дейін екпе алуға тіркелді. Мәселен, вакцина алудың алғашқы екі күнінде 285 медицина қызметкері вакцина қабылдады. Ал, 3 ақпан күнгі сағат 12.00-ге дейін қосымша 37 медициналық қызметкерге екпе жасалды. Сөйтіп, алғашқы үш күнде 300-ден астам адам вакцина алды. Вакцина қабылдағаннан кейін асқыну белгілері тіркелген жоқ. Мен өзім облыста медицина қызметкерлері арасында бірінші болып коронавирусқа қарсы вакцина алдым. Алдымен, қан қысымымды тексеріп, пейдж берді, онымен жарты сағат ішінде стационар бекетінде бақылаудан өттік. Сондықтан, өзімнің жағдайым бо-йынша, аса бір қатты әсерді сезіндім деп айта алмаймын. Бәрі күткендегідей реакция берді. Аздап басым айналғандай, әлсіздік басқандай болды. Бірақ, бәрі қалыпты, – дей келе бүгінде өзін жақсы сезінетінін жеткізді.
COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинасы минус 18 градуста сақталады. Осыған сәйкес өңірде төрт мұздатқыш камера жабдықталған. Қажет болған жағдайда диапазоны бұдан да жоғары градусқа жетеді екен. Мұздатқыштардың жалпы сыйымдылығы 1,96 текше метрді құрайды. Сонымен қатар, облысқа бұған дейін сатып алынған мұздатқыш камера, белсенді термо контейнерлер мен мұздатқыш элементтеріне қосымша 11 мұздатқыш камераларын сатып алуды 15 ақпанға дейін жүзеге асыру көзделіп отыр. Сондай-ақ, облыстан аудан орталықтарына «Спутник V» вакциналары арнайы термо контейнерлерде жеткізіліп отырады. Оған қоса, барлық екпе жасау орындарында шокқа қарсы терапия құралдары бар.
Сонымен қатар, вакцина егетін 1104 медициналық қызметкер арнайы дайындық оқуынан өткен. Олардың 273-і дәрігерлер де, 831-і мейірбикелер. Өңірімізде алғашқы вакцина егу жұмыстары Бурабай, Зеренді аудандарында қолға алынған. Алғашқы кезекте инфекциялық аурулар ауруханаларының, жедел медициналық көмек, жансақтау бөлімдері мен қабылдау бөлмелерінің, санитарлық эпидемиология саласының қызметкерлері вакцинациямен қамтылған.
«Спутник V» вакцинасының екінші нұсқасы арада 21 күн өткен соң жасалады екен. Екі түрлі формуланы қолдану адам ағзасындағы иммунитетті күшейтетіні анықталған. Вакцина өзінің қауіпсіз екенін дәлелдеген. Сондықтан, оны қабылдағаннан кейін қатты ауырып қалған жағдайлар тіркелмеген. Аталған вакцина Ресейден бөлек Аргентина, Венесуэла, Венгрия, Иранда қолданыла бастаған.
Одан қорқудың немесе алаңдаушылық туғызудың еш қажеті жоқ екені, басқарма басшысының орынбасарымен болған әңгіме барысында анық байқалды. Сондықтан, сөзімнің соңын Нариман Сыздықовтың:
–Қалай десек те, коронавирус пандемия-сымен күресте барлық қиындықтарды жеңіп шығуға тиіспіз, – деген сенімімен аяқтағымыз келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.