Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының отыз жылдық мерейтойына орай, 2020 жылғы желтоқсан айында өткен «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІV республикалық онлайн форумында «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттары қабылданды. Көкірек көзі ояу мұсылман жамағат пен зиялы қауым Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылған уағыздарға ишарат еткенімен, өкінішке орай, шынайы өмірде бұрмалаушылықтарға жиі жол берілуде. Әрине, жетпіс жыл бойы санамызға сіңіп қалған әдет-ғұрыптан тез арыла қою оңай болмаса да, заман талабына сай жаңа үрдістерге бейімделгеніміз жөн. Сол себепті де рухани-діни рәсімдер қоғамда қызу талқыға түсуде. Ұлттық мүддемізге қатысты көкейтесті осы мәселелер төңірегінде ой бөлісу үшін Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп қажы Әлиевті әңгімеге тартуды ұйғардық.
Сұрақ:–Сіз екі дәуірдің, екі идеологияның куәгерісіз. Сөйте тұра, мұсылмандықтың бес парызын өтеуге шұғыл бетбұрыс жасауыңыздың себебі неде?
Жауап: –Біздің ұрпақ кеңестік дәуірдің шапағатын көп көрді. Ұнатқан мамандығымызды меңгеріп, іскерлік қабілетімізді шындап, білікті азамат болып қалыптастық. Сондықтан да өткен уақытқа ешбір өкінішіміз жоқ. Ал, рухани-діни рәсімдерге келер болсақ, коммунистік идеология «Дін – апиын» деп ұрандатқанымен, қайтыс болған жамағаттың жаназасын шығаруға тиым салған жоқ қой. Керісінше, елге танымал адамдарды жерлегенде жылқыға қоса, ұсақ мал да сойып аста-төк ас берілді. Ол аздай бата жасағандарға жыртыс та таратылды. Бертіндері өлік жөнелтуді астамшылдыққа, тіпті бәсекеге айналдырып алдық.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ас беру мәдениеті жөнінде арнайы құжат қабылдап, зандастыруы құптарлық бастама. Ендеше, қабылданған бұл шешімдерді жүзеге асыруда барлық жауапкершілікті имамдарға ғана жүктеп қоймай, оған кеудесінде намысы бар әр мұсылман баласы жеке үлесін қосуы керек. Мәселен, осыдан екі жылдай бұрын етті турап әкелу, шай мәзірін шектеу, жыртыс таратпау жөнінде айтқан ұсыныстарым жамағат тарапынан қызу қолдау тапты. Кей отбасылары ысырапшылдыққа жол бермей, үнемделген қаражаттың бір бөлігін мешітке тапсыра бастады. Бұл ақша тұрмысы нашар отбасыларына, көп балалы және жалғызбасты жандарға көмек ретінде таратылды. Тағы бір ұсыныс – жаназа асына қатысушыларды шектеу мәселесі. Оған тек алыстан ат сабылтып келгендер ғана қатысса, жергілікті азаматтар бұған ренжімес деп ойлаймын. Тіпті, коронавирус індетіне байланысты зиратқа барушылар саны да шектетіліп жатқан жоқ па?
Мұсылмандықтың бес парызын өтеуді құдайға құлшылық ету ғана деп түсінбеу керек. Жалпы, ислам – ізгілікті, мейірімділікті, бейбітшілікті насихаттап, өркениетке бастайтын дін. Білім үйренуді, ғылымды меңгеруді меңзейді. Ендеше, кез-келген жамағатқа қайырымдылық жасап, жанашырлық танытсақ несі айып?! Қоғамда болып жатқан үрдістерге дер кезінде үн қатып, рухани-діни рәсімдерге қолдау көрсету де – адамгершіліктің бір белгісі. Зейнетке шыққан соң, бірте-бірте мұсылмандық салт-дәстүрге бейімделіп, сәждеге жығылдым, қажылық сапар жасадым. Көкше еліне кеңінен танымал дін қайраткері, теолог-ғалым, Шұңғырша әулетінен шыққан аталас ағайыным Науан хазіреттің мұрасын зерттеуді қолға алдым. Былтыр жазда Көкшетау қаласының орталығындағы ескі зират қоршалып, Науан Таласұлына кесене тұрғызылды. Жеңіс көшесіндегі үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Келешектегі ойымыз – осы үйді сатып алып, мұражайға айналдыру. Әр мұсылман жамағат осылай сергектік танытса, нұр үстіне нұр емес пе! Пайғамбарымыз: «Мұсылман – мұсылманның бауыры. Ол бауырына зұлымдық жасамайды және оны залымдарға тастамайды. Кім бауырының мұқтажын өтесе, Алла да оның мұқтажын өтейді,–дейді. Бұл өміршең қағиданы дана Абай: «Адамның баласы бауырың»,– деген пікірмен қуаттайды.
Сұрақ:–Зират көтеру, зиярат жасау – бүгінгі жаңа қоғамда қызу пікірталас тудырып жүрген көкейтесті мәселе. Оның рухани-діни рәсімдерге қайшы келетін тұстарын біле тұрсақ та, ескі дағдыдан әлі де арыла алмай келеміз ғой. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
Жауап: – Пәниден бақилыққа өткен адамға зират тұрғызып, зиярат жасау – ұрпағының, ет жақын туыстарының борышы. Адамгершілік тұрғысынан алып қарағанда, осы талаптар қандай дәрежеде орындалуда. Мәселенің мәні міне, осында жатыр. Зират көтерудің үкімдеріне сәйкес қабірге жерленген кісінің кім екендігін айқындау мақсатында және жүргіншілер тарапынан тапталып, аяқ асты болмауы үшін биіктігі бір метр, ені елу сантиметр құлпытас қоюға болады. Алайда, оған марқұмның суретін салмау керек. Құлпытасқа қайтқан кісінің толық аты-жөнін, туған және қайтыс болған күндерін, руын, кімдер орнатқанын жазуға рұқсат етіледі. Алайда, зираттарға құлпытас қою кезінде адамдар арасындағы теңдік ұстанымы сақтала бермейді. Марқұмның бірінің қабірінің басына мәрмар тастан сарай тұрғызып, екіншісіне биік ескерткіш немесе кеуде-мүсін (бюст) соғу әділеттілікке жатпайтын, шариғаттың теңдік қағидаттарына қайшы келетін әрекет. Зират – барша адамзаттың жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттерімен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. «Тірілер көрсін немесе естісін» деген ниетпен жасалатын шаруалар Алланың разылығынан алыстатады. Өйткені, шариғат бойынша таза ниетпен жасалған ықыласты істер ғана сауапқа кенелтеді.
Сұрақ: – Зиярат жасаудың әдебі бойынша мұсылман жамағатқа қойылар талаптар жайлы не айтар едіңіз?
Жауап: –Зиярат жасау үшін зиратқа кіргенде «Иасин» сүресін оқып, сауабын марқұмдарға бағыштау сүннет және қабір иелері үшін жеңілдік береді. Арнайы зиярат мақсатымен барғанда «Фатиха», «Бақара», «Аятүл курсиді», «Мүлк», «Тәкәсур», «Ықылас», «Фәлақ», «Нас» сүрелерін оқып, соңында: «Уа, Алла тағалам, осы оқыған қасиетті аяттардың сауабын (тегі, аты, әкесінің есімі) пендеме бағыштадым, қабыл ете гөр»,– деп дұға жасаса сауабы тиеді. Сондай-ақ, «Уа, мүміндер мен мұсылмандардан болған қауым! Алла бізден бұрын дүние салғандарға және бізден кейін бақилық болатындарға рақым етсін. Алладан өзіме де, сіздерге де есендік тілеймін!»–деп сәлем берген жөн. Шариғат бойынша әйелдердің де қабірлерді зиярат етуіне рұқсат етіледі. Ол үшін мына талаптарды қатаң сақтаған жөн: орамал тағып, ұзын көйлек кию, дауыс шығарып жыламау, ер азаматтармен араласып жүрмеу, күйеуінен рұқсат алу, т.б. Сонымен бірге, зиярат барысында дәретті болу, марқұм жайында жақсы сөз айту, орынсыз сөйлемеу, темекі тартпау, телефонмен сөйлеспеу, жалпылама айтқанда тәртіпті болу қажет.
Сұрақ: –Рухани-діни рәсімдер төңірегінде салиқалы әңгіме болып жатқан сияқты. Осыған орай, мешіттердің қызметі мен имамдардың жауапкершілігі жайлы не айтар едіңіз?
Жауап: –Ас беру, зират және зиярат, зияраткер имам мәдениетіне қатысты құжаттар – рухани-діни рәсімдерді, бір жүйеге келтіруге бағытталған ізгі қадамдар. Сол себепті ғасырлар бойы санаға сіңген әдеттен тез арылу үшін, мұсылман жамағат арасында насихат жұмысын жандандыруды қажет деп санаймын. Алланың елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадисінде көрсетілгеніндей: «Кімде-кім ниетін имандылыққа, тазалыққа, тілін шыншылдыққа, өзін тыныштыққа, мінезін туралыққа, құлағын тыңдаушыға, көзін өнегелі бақылаушыға айналдырып алған болса, демек, ол бақытты». Міне, имандылық белгісі осындай. Дегенмен, барлық жауапкершілікті имамдарға ғана жүктеп қоймай, зиялы қауым да алда тұрған міндетті бірге бөліскен жөн. Мәселен, қалалық ардагерлер кеңесі коронавирус індетіне байланысты «Зекет» қорымен бірлесіп жеті жүздей отбасыға азық-түлік тағамдарын таратты. Намазхандар жинаған қаражатқа тұрмысы нашар мұқтаж 10 отбасыға пәтер сатып әперілді. Небір қысылтаяң сәттерде шұғыл шешім қабылдап, ұйымдастырушылық қабілет таныта білетін Науан хазірет мешітінің бас имамы Қуаныш Жұмабайұлына айтар алғысымыз шексіз.
Облыс орталығында жаңа мешіттердің бой көтеруі – жақсылықтың нышаны. Мәселен, Еркін Әуелбеков көшесіндегі жаңа мешітті «Алуа строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерлік Өмірғали өз қаражатына салып берді. Ерлер мен әйелдердің намаз оқитын үлкен залдары, жеке асханасы, жеке қызмет кабинеттері бар мешіттің әрлендірілуі көз жауын алғандай. Жалпы көлемі 1,5 мың шаршы метр, сыйымдылығы 1000 адамдық ғимараттың жобасын жасап, ондағы құрылыс-монтаж жұмыстарына жетекшілік еткен білікті инженер Арман Қайырбековке де айтар алғысымыз шексіз. Мердігерлік ұйым сөзінде тұрса, Жақия қажы атындағы ескі мешітті де жөндеп бермекші. Өйткені, мұнда медресе ашу жоспарланған. Застанционный поселкесіндегі жаңа мешіттің құрылысын Нұр-Сұлтан қаласының екі мердігерлік ұйымы атқарды. Оны қаржыландыруға жеке кәсіпкер Ербол Жауаров сүбелі үлес қосты.
Дін – адамдарды мейірімділік шуағына бөлеп, ізгілікке, парсаттылыққа, жақсылыққа бастайтын рухани күш. Мұсылман жамағат әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, айт мерекесінде мешітке барып, пітір садақасын береді, сәбиіне азан шақыртып ат қойғызады, жас жұбайлар некесін қиғызады. Көнеден келе жатқан өнегелі бұл қағиданы берік ұстанымға айналдыру сауапты іс. Теріс ағымдардың жетегінде кетпес үшін ұрпақ тәрбиесін отбасынан, мектептен бастау керек. Мәселен, араб елдеріндегі жастар намаз оқуды, мешітке баруды сабақтан соң атқарады екен. Өз балаларымызға айтарым, білім мен ғылымды меңгерген адам ислам ілімін біліп қана қоймай, жүрегінде таза күйінде ұялатады. Рухани-діни рәсімдерді уағыздауда имамдарға, теолог-мамандарға жүктелер жауапкершілік зор. Өйткені, мұсылман жамағат, жалпы адамзат баласы олардың айтқан әр сөзін мұқият тыңдап, зердесіне құюға тырысады. Мұндай сенімділік болған жағдайда ауыл молдалары өздігінен оқып, білім деңгейін жетілдіргенін қалар едік. Қасиетті дініміздің шапағатымен жүзеге асатын қуанышты сәттер адам өмірінде жиі қайталанып, халқымыз ауызбірлікте, еліміз тыныштықта, ұрпақтарымыз шаттықта болсын десек, мұсылмандық салт-дәстүрімізге адалдық танытайық.
Сұхбатты жүргізген
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.