Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Мұқағалидың жерлестері - АРҚА АЖАРЫ

Мұқағалидың жерлестері

Алматының Қаскелеңінде Амангелді Омаров атты ақсақал болған. Бүгінде ол кісі арамызда жоқ, бақилық дүниеге аттанғалы 2-3 жылдай өтті. Амангелді аға негізі Арқаның қазағы, Көкшетау жағының қанжығалысы еді. Жас уағында бүгінгі Біржан сал ауданы жағында тұрған. Бірақ, одан кейінгі бар ғұмыры Мұқағалидың ауылында, Қарасазда өткен. Амангелді ақсақал ағаш пен темірден түйін түйетін ұста, зергер адам болатын. Халқымыздың – тері илеу, одан түрлі бұйымдар жасау, қайыс тіліп, өрім өру, ер қосу секілді ұлттық қолөнерін қайтадан жаңғыртып, кейінгі ұрпаққа үйретіп кеткен кісі.

Амангелді ағаның жұбайы Күләш тәтенің (ол кісі де марқұм болып кетті) сүйегі Көкшетаудың Қарауылы. Бірақ өзі «руым – Албан» деп сөйлейтін. Оның себебі, Күләш апамыз Қарасазда, Мұқағалидың ауылында, нағашы әжесінің қолында, Албан ішінде өскен. Оның мынадай бір қызық тарихы бар.
Күләш тәтеміздің шешесі Базархан деген кісі Мұқағали ақынмен замандас, Қарасаздың тумасы. Соғыс уақытында 16-17-лерге келіп, бойжетіп қалған Базархан қыз поштада жұмыс істеп жүріп, аяқ астынан істі болады. «Бір құжатты жоғалтты» деген жаламен 8 жылға сотталып, Иркутскіге жер аударылып кете барады.
«Бұны жасап жүрген елдегі Көке деген адам» дейді Күләш тәтеміз. Соғыс уақытында ер-азамат майданға кетіп, ауылда қалған шал-шауқан, мертік-шортықтар қыз-келіншектерге небір қиянат жасағанын оқып, естіп жүреміз ғой.
«Түн ішінде түндей қара шал қақты,
Кей жесірдің құлыптаулы есігін», –
деп балалық шағы соғыс жылдарына тап келген Жұмекен Нәжімеденов жазған жоқ па. Базархан апамыздың да тарихы дәл сондай. Жас қыз айтқаныма көне қоймады деп, жаңағы Көке сұм бір құжатын ұрлап алыпты. Сөйтіп жазықсыз бойжеткен сотталып кете барады. Бірақ, Базархан апай ол жаққа барғасын, біреулерден ақыл алып, жоғарыға қайтадан арыз жазып, жеті айдан соң толықтай ақталып шығады. Ол кезде пойыз Иркутскіден Қазақстанға қарай жылына екі мәрте ғана қатынайды екен. Билет алу үшін жарты жыл бұрын кезекке тұру керек. Базархан апай билетке кезекке жазылып, уақытша жұмысқа орналасып, жатақханада тұра береді.
Осы кезде Тоқсанбай Бексейітұлы деген Көкшедегі Қарауыл елінің бір азаматы да тұтқындар лагерінде жазасын өтеп, бостандыққа шыққан екен. Тоқсанбайдың қысқаша тарихын айтсақ, Фин соғысында тұтқынға түсіп, одан босап шыққасын сотталған. Бұндай оқиғалар ол кезде көп болғанын білеміз. Тоқсанбай Бексейітұлының сүйегі Қарауыл ішінде Жақсылық деген атадан, әз-Бөгенбай деген атақты бір адамның ұрпағы көрінеді.
Сөйтіп, аман-есен бостандыққа шыққан Тоқсанбай билет алмаққа Иркутскінің вокзалына барса, кезекке жазылған адамдардың тізімінде Нысанбаева Базархан деген қазақ қызының аты-жөні тұрады. Апырмай, бұл жерде қазақтың қызы қайдан жүр деп әркімдерден сұрап, іздестіріп, ақыры Базарханды жатақханадан тауып алады. Ұзын сөздің қысқасы, екеуі сол жерде танысып, ақыры ерлі-зайыпты болып қосылады. Сөйтіп, елге келгенде Базархан шешеміздің аяғы ауыр екен. Аз уақыттан соң, осы әңгімені бізге жеткізуші Күләш апамыз дүниеге келеді.
Тоқсанбай сау-саламат елге оралғанымен, жергілікті жер оған жұмыс бермей, сотталғансың деп түртпектей бастаса керек. Ақыры екеуі қырқынан шықпаған сәбилері Күләшті құшақтап, Қарасаздағы Базарханның шешесі Батпа апаға барады. Біраз уақыт аунап-қунағасын Батпа шешей екі жасқа:
–Бұл жақта сендерге күн болмайды, екеуің жұмыс іздеп, өлмейтін жағдайларыңды ойлаңдар, сәбиді маған тастап кетіңдер, бір балаға ие боларлық шамам бар, – деп ақыл береді.
Сөйтіп, кішкентай Күләш әжесінің қолында қалып, Тоқсанбай мен Базархан құжаттарын дұрыстап алып, қайтадан Ресейге, Амурдағы Комсомольск қаласына кетеді. Сол жақта бірнеше жыл тұрып, жұмыс істеп, елге Сталин өлгесін бірақ оралған екен. Және ол жақтан екеуі ғана оралмай, тағы да қос сәбиді жетектеп, елге, Көкшетауға біржола қайтып келеді.
Бұл кезде Нарынқолда оқып жүрген Күләш сегізіншіні бітіріп, оқуын әрі жалғастырмаққа Көкшетаудағы әке-шешесіне, Тоқсанбай мен Базарханға келіп, сол жақта он бір класты бітіреді. Осы елде дәм жазып, көкшетаулық азамат Омаров Амангелдіге жолығып, екеуі шаңырақ көтеріп, отау құрады.
Сөйтіп жүргенде Қарасаздан: «Батпа апаның баспана қылып отырған тоқал тамы құлап қалды», – деген хабар жетеді. Бұны естігесін, екі жас Амангелді мен Күләш қарияға қол ұшын бермекке Нарынқолға аттанады. Ойлары, аз уақыт әжелерінің жанында болып, үйін жөндеп беріп, елге қайтпақ. Бірақ, тағдырдың жазуы солай болған шығар, Амангелді мен Күләш Қарасазда біржола қалып қояды. Сөйтіп, Амангелді ағаның бар саналы ғұмыры Жетісу жерінде, Нарынқолдың Қарасазында өткен екен. Кейін Қаскелеңге қоныс аударады. Мен Қаскелеңге барғанда, Амангелді аға мен Күләш тәтеміз ақар-шақарлы үлкен бір әулеттің басында, 18 немере, 2 шөбере сүйген бақытты қариялар екен.
Бұл кісілермен танысып-біліскесін, небір әңгімелер, естеліктер айтылды. Амангелді аға өзінің ұстаханасын көрсетіп, ұлттық қолөнер жайлы тұшымды әңгімелер қозғап, көп нәрсеге менің көзімді ашты. Ол өз алдына бір бөлек сөз…
Осындай отырыста марқұм Күләш тәтеміз Қарасазда өткен балалық күндерін есіне алып, Мұқағали ақын жайлы мына бір естелікті айтып еді.
–Мен Мұқағалидың ауылы Қарасазда нағашы әжемнің қолында өстім. Осыдан шығар, туған шешемді – тәте, әжемді – мама дейтінмін. Әжем екеуміздің тұратын жалғыз бөлмелі шым үйіміз болатын. Бір күні сол құлап қалды. Осы кезде көмектесеміз деп Арқа жақтан шешем мен әкем келді. Бірақ, баспанамыз құлап қалған, оларға жатар жер жоқ. Әжем шешеме: «Осында бір тамыр орысым бар, үйімізді жөндегенше сонда тұра тұрыңдар», – деп ақыл берді.
Менің шешем Базархан Мұқағалимен бір мектепте оқыған және жамағайындығы бар адамдар. Сөйтіп, шешем жаңағы орыстың үйіне кетіп бара жатса, алдынан Мұқағали ағамыз жолығады. Екеуі көп жылдардан көріспеген, жылап амандасады. «Қайда барасың?» – деп сұрайды шешемнен Мұқаң. «Әне бір орыстың үйіне уақытша тұра тұруға барамын», – дейді шешем. Бұны естіген Мұқағали аға: «Орысың не айтып тұрған, әйда, біздің үйге барасыңдар, бірге тұрасыңдар!» – деп, шешемді жетелеп өзінің қоржын үйіне алып барып, бір бөлмесін босатып беріпті.
Ол кезде Мұқағалида 3 бала, біздің үйде 3 бала бармыз. Шіркін, қазақтың кеңдігі-ай дейсің қазір ойлап отырып! Екі бөлмелі кішкентай ғана құжырада сөйтіп қаншама жан тату-тәтті тұрып жаттық. Тұрмыстың қиын уақыты. Мұқаңның шешесі сауыншы, менің әжем маслопромда күзетші. Ана кісі бір тостаған сүт әкелсе, менің әжем кейде қол басындай май әкеледі. Соны бөлісіп қорек қыламыз.
Бірде Мұқаң менің шешеме: «Әпке, қазаныңды қайната бер, мен аңға кеттім», – деді. Зайыбы Лашын апай оны мысқылдап: «Сен аң атып әкелсең, мен оның етін шикідей жер едім», – дегені әлі есімде.
Сөйтіп, Мұқағали ағам мылтығын алып, тау жаққа кетті. Біз кілең 5-6 жасар ұсақ балалар, тоқал тамның төбесіне шығып алып, қарап отырмыз. Бір кезде мылтық гүрс ете қалды. «Әне, Мұқағали ағам атты!», – деп шуласып жатырмыз. Расында да бір кезде ол кісі көрінді. Бір елік атып алып, ішек-қарынын ақтарып алып тастап, өзін мойнына салып көтеріп алып келе жатыр екен. Топ бала шуылдап алдынан шықтық. Менің әжем Лашын апайға: «Енді етті шикідей жейсің», – деп әзілдеп жатыр.
Қарасазда ол кезде төрт-ақ класс болды да, бесіншіні үш шақырым жердегі «Энгельс» колхозына барып оқимыз. Класс жетекшіміз – Мұқағали ағай. Ол кезде ит-құс көп. Мұқаң жалғыз-жарым жүрсек бізді қасқыр жеп қояр деп, жеті баланы таңертең өзі жинап алып шығады. Және жол бойы үнемі ойланып, жерге қарап келе жататын. Мен басқаларға қарағанда өткірлеу едім: «Ағай, неге жерден көз алмайсыз, не іздейсіз, бізді қасқыр жеп кетсе көрмей қаласыз ғой?» – деймін. Сонда ол кісі: «Жерден өлең іздеймін, әне қараңдаршы, анау бозқараған, анау шөптің басы, анау өзен, бәрі өлең емес пе?!» – дейтін. Біздер ағаның өлеңі қай жерде тұр деп аң-таң болып, айналаға қарайтынбыз.
Сосын үйге қайтар жолда Мұқағали ағаның өлеңдері қайда тұр екен деп, үнемі тал басына қараумен болушы едік, – деп еске алады Күләш тәте.
Мұқағали ақын жайлы әңгімеге Амангелді ағамыз да араласып қояды.
–Біз сол келгеннен біржола Қарасазда қалып қойдық. Мен ауылда шопырмын. Мұқаңдар ол кезде Алматыға қоныс аударып кеткен. Әрине, бір-бірімізді жақсы танимыз. Менің атымды атамай, сол ауылға күйеу бала болғасын, үнемі «күйеу» дейтін.
Жасыратыны жоқ, қазір бәрі Мұқағалиды сырттай мадақтап, «сыйлас болып едік, құрметтеп едік» деп өтірік-шынды сықпыртып жазып жатады. Осыларды оқып отырып, ызам келеді. Бір ғана әңгімені айтайын. Алпысыншы жылдардың іші болса керек. Мұқағалидың бір жақын ағасы қайтыс болып, колхоз бастығы мәйіті зират басына апаруға көлік бермей қойып еді. Сонда мен «лесовоз» деген ағаш таситын үлкен машинада жүретінмін, соған салып алып барғанбыз. Осындай оқиғалар да болған, қарағым. Мұқаң елдің барлығын өзіндей көретін, көңілінде кірі жоқ адам еді. Оны біреу түсінді, біреу түсінбеді. Мұқағали ақынмен дәмдес болған мына бір оқиғаны айтайын.
Күздің күні егін орағы аяқталғасын, мүмкіншілігі барлар оншақты қап бидайын Алматының базарына апарып сатады. Бірде екі шопыр жігіт, екі машинамен бидайымызды Алматыға апарып сатып, күн кешкіріп кеткесін, қаладағы колхоздың «постоялый дворына» барып қонбақшы болдық. Ол кезде колхоз, совхоздар қалаға шаруамен барған жұмыскер, қызметкерлері түнейтін осындай үйлерді жалдап ұстайтын. Сөйтіп, машинамызды аулаға енгізіп жатқанда, Мұқағали ағамыз келе қалмасы бар ма. Сәлем беріп, қауқылдасып жатырмыз. Менің қасымдағы жігіт:
–Мұқа, мына күйеу балаңыз бүгін байып тұр, базарға бидай әкеп сатты, – деді жай тұрмай.
Бұны естіген Мұқаң:
–Әй, күйеу, әйда кеттік, дәмханаға барамыз, – деді.
Мұқаңа қарсы келер шама жоқ, көлігімізді орналастырып, дәмхананы бетке алып тартып кеттік. Жолшыбай Мұқаңның танысы, бір аққұба, арықшалау жігіт кездесіп, оны да ертіп алдық. Сөйтсек ол Тұманбай ақын екен. Ол кезде жас уағы ғой. Сонымен не керек, дәмханада біраз дуылдасып отырдық. Сол кездерде бір ассорти деген тағам болатын, қойдың, сиырдың кейде жылқы мен доңыздың еті де жүреді. Алып жатырмыз, ішімдік те мол. Даяшыға тапсырысты беріп, арқа-жарқа боп отырмыз. Отырысты орталағанда Тұмандай болдым деп кетіп қалды. Сонымен қалтадағы бидай сатқан бар ақша бітіп, қасымдағы жігіттің де қалтасын қақтық. Енді «постоялға» өз аяғымызбен бара қоятын шама жоқ, бір көлік жалдайық дедік. Қарасақ, бір қазақтың жігіті тұр екен. Мұқаң әлгіге барып:
–Бауырым, бізді пәлендей жерге апарып тастасаң қайтеді? Мен Мұқағали деген ақын ағаң болам. Жолыңа төлейтін ақшамыз жоқ, бірақ апарып салғаның үшін саған мынана сыйлаймын» – деп, төс қалтасынан бір қалыңдау дәптерді алып ұсынды. Сірә, өлеңдер болса керек.
Әлгі жігіт құдай оңдап, сөз түсінетін адам екен. Әлде Мұқаңды сырттай біле ме, дәптерді біраз қарап оқығасын, үн-түн жоқ көлігінен шықты да, дәмханаға кіріп, тағы да екі жартылық алып шықты. Сөйтіп, Мұқаңа қарап:
–Аға, ақшаңыздың қажеті жоқ, мына өлең дәптеріңізді де өзіңіз алыңыз, тегін апарып тастаймын, ал, мынау шишалар менің сіздерге сыйлығым болсын, – деп, бізді баратын жерімізге жеткізіп тастады.
Сөйтіп, отырысымызды «постоялға» барып жалғап едік. Бұл менің Мұқағали ақынмен соңғы әрі жалғыз мәрте дәмдес болуым еді, – деп аяқтады әңгімесін Амангелді ағамыз.

Сайлау БАЙБОСЫН,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Үш бақытым

Ең бірінші бақытым – Халқым менің,
Соған берем ойымның алтын кенін.
Ол бар болса, мен бармын, қор болмаймын,
Қымбатырақ алтыннан нарқым менің.

Ал екінші бақытым – Тілім менің,
Тас жүректі тіліммен тілімдедім.
Кей – кейде дүниеден түңілсем де,
Қасиетті тілімнен түңілмедім.

Бақытым бар үшінші – Отан деген,
Құдай деген кім десе, Отан дер ем!
… Оты сөнген жалғанда жан барсың ба?
Ойланбай – ақ кел дағы от ал менен.

Түтін түтет,
Өс, өрбі, көгере бер,
Немерелер көбейсін, шөберелер.
Жадыңда ұста:
Жақсылық күтпегейсің!
От емес, оқ сұрасаң менен егер!

Үш бірдей бақытым бар алақанда,
(Мені мұндай бақытты жаратар ма?!)
Үш күн нұрын төгеді аспанымнан,
Атырау, Алтай, Арқа, Алатауға!!!

Мұқағали Мақатаев

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар