Болашағы зор Мақпал

Қазіргі таңда көптеген жас ақындар өз мәнерімен өлең әлеміне қанат қағуда. Олардың әрқайсысы өздеріне тән қолтаңбасымен танылып, қалыптасып келеді.

Солардың бірі – Мақпал Батталова. 2021 жылдың 27 қаңтар күні қашықтықтан онлайн форматта Аршалы ауданы Жібек жолы ауылы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектебінің мақтанышы, оқу озаты, аудандық, облыстық, республикалық сайыстардың жеңімпазы, жас ақын Мақпал Рахатқызы Батталованың «Жүрек – теңіз» атты шығармашылық кеші өткізілді. Шығармашылық кештің өткізілу мақсаты – жас ақынның талабын ұштап, үлкен өмір жолына ақ жол нұсқау, шығармашылығын дәріптеу. Атап кететін жайт, осы шығармашылық кешпен аттас Мақпалдың «Жүрек – теңіз» атты алғашқы шығармалар жинағы жарық көрді. Жинақтың шығуына мектептің ұлағатты ұстазы, тәрбие ісінің меңгерушісі Сұлушаш Тұрсынғалиқызы Тәтенова, Мақпалдың жетекшісі, қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі Әмина Құмарбекқызы Жүнісова, мектеп әкімшілігі себепкер болса, жинаққа өз бағасын беріп, пікірін білдірген Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Әсемгүл Насыритдинқызы Насыритдинова.
Шығармашылық кешке жас ақынды қолдап, халықаралық ҚазАқпарат агенттігінің редакторы, ақын, республикалық, халықаралық жыр мүшәйраларының жеңімпазы Ризабек Нүсіпбекұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Шолпан Шайкенқызы Кәрбаева, Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы орта мектебінің түлегі, аудандық, облыстық сайыстардың жеңімпазы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегі, жас журналист, магистрант Серік Әл-Фараби Теміржанұлы, Мақпал Рахатқызының ұлағатты ұстаздары, сыныптас достары, ата-анасы, еліміздің Нұр-Сұлтан, Алматы, Семей, Өскемен, Павлодар, Орал қалаларынан туған-туыстары ізгі тілектерін жолдады. «Бұлақ көрсең көзін аш» демекші, жас ақынның бұдан да биіктен көріне беруіне тілектеспіз!
Ұлболсын ИШМҰХАММЕДОВА,
Жібек жолы ауылындағы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәнінің мұғалімі.
Аршалы ауданы.

Абайға арнау

Жазылар ма еді жыр-дастан,
Күні мен айы сырласқан.
Ғаламның жаһұт маржанын,
Теремін қалай, сырлы аспан?

Асқар шыңдарға қол бұлғап,
Шыңғыстау маған тұрды ымдап.
Рухыңды сезіп аспаннан,
Тұлғаң көрінді бұлдырап!

Жырыңа жайсаң жанды үміт,
Өкінішімді қалдырып.
Дүниенің ғиззат құрметін,
Жарық жұлдыз ғып жандырып!

Ғұмырың көшкен керуен,
Өлеңдей кезіп серуен.
Сыңар дүние сылдырлап,
Жалғандық үшін жеріген.

Мейірімді сезіп Алладан,
Ғасырларымды жалғаған.
Күн нұры түсіп хикметке,
Елірмей кеткен бар ма адам?

Жапанда жалғыз бәйтерек,
Сұрауы келсе қайтер ек?
Қорғаның болған қапада,
Толғауың болып кетер ек!
Аспаннан асып тұлғаң тұр,
Бағасы биік жырың бұл.
Қаймағы қалың Алаштың,
Аспанын мәңгі нұрландыр!

Таңдағы ой

Тынып қалды,білемін тұнып Ай, Күн,
Жүрегімде жүрген-ай, құрықтай мұң
Қарманамын несіне оған қарай,
Алданамын болардай ұмыт қайғым!?

Жалықтырып жіберді бос күндерім,
Күндеріммен жалғасып ес білгенім.
Тамашалау ұнайтын бұрын маған,
Ұясына қызыл Күн кеш кіргенін!

Бос сағымның ойымда шырмалуын,
Дауыл болып жанымда жыр да адуын!
Желтоқсан да ұнайтын желді дауыл,
Желді дауыл санамда ырғалуын!

Армандардан тұрады, о, несіне
Өлең деген тартпай ма егесіне?
Жаңа таңым атады, көз ілеспей,
Тағдыр біткен таңдармен теңесуде!

Ағараңдап көрінген тылсым шуақ,
Ақ таңдардан ол дағы алсын қуат.
Жүрегімде арайлы ақ таң орнап,
Жанарымда жұлдыздар жансын, бірақ!..
Мақпал Рахатқызы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар