Министр елдегі эпидемиологиялық ахуалды баяндады

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой республикадағы эпидемиологиялық жағдай және халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау туралы баяндады.

Қазақстанда 10 ақпандағы жағдай бойынша 198 086 науқас COVID-19 жұқтырған және 48 388 азаматқа КВИ- диагнозы қойылған. КВИ+ 179 277 науқас және КВИ- 37 998 науқас сауығып шықты. Инфекциялық төсектердің 26 пайызында (5 348 төсек) науқас бар, реанимациялық төсектердің 18 пайызында (352 төсек) пациент жатыр.

«Осы аптада эпидемиологиялық жағдайдың матрицасы бойынша еліміз орташа қауіпті аймақтан тәуекелі төмен аймаққа өтті. 3 өңір (Ақмола, Павлодар облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы) қызыл аймақта тұр.  Сары аймақта – 3 өңір (Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары) бар. Қалған 11 өңір жасыл аймақта» – деді министр.

Министр ҚР аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия 2 ақпанда ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібіне өзгерістер енгізгенін айтты.

ҚР азаматтары үшін, сонымен бірге, шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін де шекараны кесіп өту жиілігі 3 есеге (90 тәулікте 1 реттен 30 тәулікте 1 ретке дейін) ұлғайтылды.

Ерекше жағдайларда: емделуге, оқуға бару, қызметпен, отбасы мүшелерін жерлеуге, отбасындағы жағдайы ауыр науқасқа күтім жасау, жолаушы тасымалы, халықаралық тасымал үшін шектеу жоқ.Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша тікелей әуе қатынасы қайта қалпына келген (тұрақты, тұрақты емес чартерлік рейстер) мемлекеттерге шетелдіктердің шығуына, Қазақстан Республикасының аумағына кіруіне/аумағы арқылы транзитпен өтуіне рұқсат етіледі.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2021 жылғы 1 ақпаннан Қазақстан Республикасында Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасын пайдалана отырып, КВИ-ге қарсы вакцинациялау басталды. Вакцинация барлық өңірде жүруде, 778 егу пункті ашылды, олардың 166-сы қазір іске қосылды, барлығы тоңазытқышпен қамтамасыз етілген. 9 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды.

«Бүгінгі күні 13 301 адам егілді. Вакцинацияны бірінші болып инфекциялық стационар, жедел медициналық көмек, сондай-ақ, КВИ-мен сырқаттанудың жоғары қаупі бар басқа да бейіндегі медицина қызметкерлері алады. Одан кейін қатарға педагог, күш құрылымдарының қызметкерлері қосылады»,  – деді А.Цой.

Вакцинацияның ағзаны қорғау әсері бірінші дозадан соң 12-14 күннен кейін байқалады, бірақ толық иммунитет қалыптасу үшін екі доза қажет, сондықтан екпені араға 21 күн салып  қайталау ұсынылады. Толық курстан кейін 1,5 ай ішінде организмде иммундық реакция пайда болады, осыған байланысты егілген адамдар профилактика шараларын сақтауы қажет.

«Вакцинациялау жоспары бірнеше рет айтылды. Қазақстанда Қарағанды фармацевтикалық кешені шығаратын «Спутник V» вакцинасын жеткізу және пайдалану жоспарлануда. Қазірдің өзінде 90 мың доза көлемінде бірінші партияның өндірісі басталды, ол Бірыңғай дистрибьютордың қоймаларына және одан әрі өңірлерге ақпан айының соңына қарай жөнелтіледі. Шілде айына дейін өндіріс көлемі 2 млн. дозаға  жетеді»,- деді министр.

Оның айтуынша, 65 жастан асқан адамдарды вакцинациялауға қатысты көптеген сұрақ келуде. Министрлік созылмалы ауру, аллергиялық реакция, басқа да қарсы көрсетілімдерді ескере отырып, осы санатты вакцинациялау жоспарына енгізу мәселесін қарастырады.

А.Цой вакцинация 400 жылдан астам уақыт бойы адамзаттарды шешек, оба сияқты қауіпті, өлімге әкелетін аурулардан қорғап келгенін айтты. Соңғы 30 жылда эпидемиялық паротитпен сырқаттанушылықтың 870 еседен артық төмендегені, халық арасында «В» вирустық гепатитімен сырқаттанудың 150 есеге, көкжөтелмен сырқаттанудың 7,3 есеге төмендегені байқалды. Қазіргі уақытта полиомиелит, дифтерия, сіреспе, қызамық сияқты инфекциялар ұмытылған.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар