Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Цифрландыру – әлемнің озық елдерінің қатарына қосылу жолы - АРҚА АЖАРЫ

Цифрландыру – әлемнің озық елдерінің қатарына қосылу жолы

Халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтерді цифрландырудың тиімділігі неде және бұл өңірлік деңгейде қалай іске асырылып жатыр? Цифрлық дамуды қоғамның барлық санаттары оңай қабылдап жатыр ма? Міне, бұл жолы осы туралы да әңгіме қозғаудың әбден реті келіп тұр.

Бүгінгі таңда күллі әлем күн санап цифрландыру заманына көшуде. Халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің сапасы мен жылдамдығын арттыру үшін қызмет көрсету процестерін оңтайландыру, қағазбастылық пен сөзбұйдаға салуды және қажеті жоқ артық рәсімдерді жою, үздік цифрлық технологияларды енгізу, бизнес-процестерді автоматтандыру кеңінен қолға алынуда.
Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласында өткен «Digital Almaty» жыл сайынғы форумында еліміздегі интернет желісін пайдаланушылардың мөлшері 15 миллионнан асқанын мәлімдеді. Бұған дейін Халықаралық электр байланыс одағы Қазақстан халқының шамамен 80 пайызға интернетті қолданатынын растады.
Цифрландыру бағытында Ақмола облысы да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде. Облыста мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы қағаз құжаттардың айналымы азайды. Азаматтардың Egov.kz порталы мен оның басқа сервистері, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың ақпараттық порталдары арқылы электронды түрде қызмет алуға өтініш білдіру саны артты. Мәселен, 2020 жылы мемлекеттік органдар 6 миллион 342 918 мемлекеттік қызмет көрсетсе, олардың 5 миллион 938 296-сы немесе 94,8 пайызы электронды түрде ұсынылған. 2019 жылмен салыстырғанда электронды түрде көрсетілген қызметтер мөлшері 9,3 пайызға артып отыр.
Біз үшін цифрландыру электронды қызметтердің саны мен сапасын арттырумен ғана тындырылатын іс емес. Ол сондай-ақ, халықтың барлық топтарын, оның ішінде жасы үлкен кісілерді, мүгедектерді, мүмкіндіктері шектеулі, не болмаса денсаулық жағдайына байланысты халыққа қызмет көрсету орталықтарына баруға қиналатын азаматтарды электронды тәсілмен қызмет алуға үйрету, яғни, цифрлық сауаттылықты арттыру.
Мысалы, мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының мамандары осындай азаматтармен кездесіп, электрондық-цифрлық қолтаңбаны алуға, мобильді азаматтар базасында қашықтықтан тіркелуге, түрлі анықтамалар алуға және тағы басқа да қызмет түрлеріне қол жеткізуге көмек көрсетеді. Бұл халықтың осындай осал топтарының қызметтерді электронды түрде алу мақсатында түрлі мекемелерге бару қажеттілігін жояды, оған қоса, уақыт пен қаражат шығындарын айтарлықтай үнемдеуге мүмкіндік береді. Осындай үйрету сабақтарына мұқтаж азаматтар
8 (716 2) 51 81 33 телефоны арқылы хабарласып, кездесуге жазыла алады.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мемлекеттік қызмет көрсететін мемлекеттік органдар мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін қолайлы жағдай жасауға міндетті. Әрине, осы орайда халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына көбірек көңіл бөліп жатырмыз. Жоғарыда айтып өткендей, олар тек қана мүгедектер емес, сонымен қатар, жасы үлкен, не болмаса денсаулық жағдайлары нашар адамдар. Біздің міндетіміз, олардың цифрлық сауаттылығын арттырып қана қоймай, сонымен қатар, халыққа қызмет көрсететін мемлекеттік органдарда, мекемелерде, соның ішінде халыққа қызмет көрсету орталықтарында қызмет көрсетудің қолайлы жағдайларының жасалуын қадағалау.
Департамент өз тарапынан осы тұрғыда үнемі қоғамдық бақылау шараларын ұйымдастырып отырады. Мысалы, «ШАНС» қоғамдық бірлестігінің төрағасы В.Л.Шиманскиймен бірлесіп, қоғамдық мониторингтер жиі жүргізіледі. Мониторинг барысында арбамен жүретін мүгедектер, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар және халықтың жүріп-тұруы шектеулі басқа да топтары үшін тиісті жағдай жасауға ерекше назар аударылады. Ғимараттарда пандустар, шақыру бастырмалары, арнайы тұрақ және жеңілдік терезелері міндетті түрде қарастырылуы тиіс. Жуы-натын бөлмелер арнайы жабдықталуы қажет. Мемлекеттік қызмет көрсету туралы ақпарат орналастырылған стендтер үнемі өзектендіріліп отырғаны жөн.
Жалпы, облыс бойынша көптеген қызмет көрсету мекемелерінің осы талаптарды сақтайтынын айтып өткен абзал. Алайда, жуырда білім беру ұйымдарында жүргізілген кезекті қоғамдық мониторинг нәтижесінде бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Мысалы, кейбір ұйымдарда мүмкіндігі шектеулі азаматтардың автокөліктерін қоятын арнайы белгілер жоқ, мамандарды шақыру батырмалары жұмыс істемейді, санитарлық тораптар арнайы жабдықпен қамтамасыз етілмеген, ақпараттық стендтерде мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы өзекті ақпарат орналастырылмаған. Бұл бұзушылықтар департамент жанындағы Мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының отырысында қаралып, оларды жоюға бағытталған тиісті ұсынымдар енгізілді.
Азаматтар шағымдары туындаған жағдайда «Цифрлық Агент» мобильді қосымшасы арқылы шағым білдіре алады не болмаса департаментке Egov.kz арқылы өтініш жібере алады.
Өз қызметімізде азаматтардың өтініштерін сапалы және уақтылы қарауға ерекше ден қоямыз. Бүгінгі таңда облыста мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасына қатысты шағымдар саны төмендеуде. Мысалы, 2019 жылы азаматтардың өтініштері негізінде 40 тексеріс жүргізілсе, 2020 жылы осы көрсеткіш 20-ны құраған.
Азаматтарымыз өздерінің құқықтарын қорғау үшін өтініштерді мемлекеттік органның кеңсесі арқылы тапсырудан гөрі «Электрондық үкімет» веб-порталының электрондық өтініштер сервисін пайдаланған ыңғайлы екенін түсініп жатыр.
Атап айтқанда, 2020 жылы мемлекеттік қызмет сапасына қатысты Департаментке келіп түскен 38 өтініштің 27-сі немесе 71 пайызы электрондық нысанда түскен. Яғни, бұл көрсеткіш халқымыздың цифрлық дағдыларымен қатар, құқықтық сауаттылығы жоғары екендігін растайды.
Департамент қызмет көрсету саласындағы құқық бұзушылықтардың салдарын жоюдан бұрын, олардың алдын алуға да көп көңіл бөледі. Өткен жылы осы саладағы заңнаманы түсіндіру бойынша 332 іс-шара ұйымдастырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсету мерзімдерінің бұзылу фактілері едәуір төмендеп, тәртіптік жауапкершілікке тартылған тұлғалардың саны азайды.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын арттыру, оны үздіксіз жетілдіру бойынша жұмыс әрі қарай жалғасады. Бұл сала тек мемлекеттік органдардың қатысуын ғана емес, барша тұрғындарымыздың белсенділігін қажет етеді.
Қазіргі бүкіләлемдік пандемия мемлекет тарапынан реттелетін көптеген салаға өз әсерін тигізгені анық. Алайда, құқық бұзушылықтар мен шағымдар мөлшерінің азаюы күрделі кезеңге қарамастан, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өз қызмет тәсілдерін ауыстыра отырып, халыққа қызмет көрсетуді электрондық тәсілге көшіру бойынша тиісті шаралар қолданғанын көрсетуде.
Осы іспеттес шаралар мемлекеттік аппараттың жұмысын реттеп, оның тұтынушыға бағдарлану деңгейін арттырып, тұрғындарға барынша оңтайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік берді және бере түседі деген ойдамыз.
Берген БЕСПАЛИНОВ,
Қазақстан Республикасы
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақмола облысы бойынша
департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар