Мал бақсаң, асылын бақ

Бұрын екі қолға бір күрек таба алмай қиналған ауыл тұрғындары қазір мемлекеттік бағдарламалардың арқасында туған жердің төскейін мыңғырған малға толтырып отыр. Оның ішінде асыл тұқымды қара малға аңсарлары ауған.

Жергілікті тұқымның өнімі аз. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін дүние. Қанша бақсаң да табыс табуың неғайбыл. Қиындықтан шығар жалғыз жол, бағымындағы мал тұқымын асылдандыру. Бірер жыл бұрын ауылда бірді-екілі қарасының арқасында күн көріп отырғандардың қолындағы малды асылдандыру бағытында тәп-тәуір жұмыс қолға алынып еді. Соңғы кезде сұйылып кеткен сыңайлы. Қалай болған күнде де өнімі мол, күй талғамайтын асыл тұқым қымбат болса да өзін-өзі ақтап шығады. Ақтағаны былай тұрсын, шаруаға мұқият болсаңыз, төрт құбылаңыз теңеліп қалары сөзсіз. Осы жайды түйсінген ауылдағы малсақ қауым бағымындағы мал тұқымын біртіндеп асылдандыруға ұмтылуда. Бұрын қаражаттан қысылатын, қазір мемлекеттік бағдарламалар көпкөрім демеу болып тұр. Әсіресе, «Сыбаға» және «Құлан» бағдарламалары арқылы қорасын асыл тұқымды малға толтырып отырғандар аз емес. Сонау Еуропаны жайлаған, атағы алысқа кеткен ангус сиырларын да Көкшенің бір қиырына әкеліп, жерсіндіріп, төл малындай бағып отырғандар бүгінде «мал бақсаң, асылын бақ» деп мақалдайтын болып алды. Соның бірі Бурабай баурайындағы Златополье ауылындағы шаруа қожалығының жетекшісі Дастан Зейноллаұлы.
Әуел баста шаруа қожалығын еңбекқор әке ашып, қалыптастырған екен. Кейін тепкен тасы өрге домалай бастаған шаруасын баласына аманаттаған. Жұмыс десе ішер асын жерге қоятын Дастан да ата кәсіптің қыр-сырын жетік меңгерген адам. Әкеден қалған шаруа қожалығының ісін алға жылжытуды өзіне парыз санаған. Бір арманы өнімі шашетектен асыл тұқымды мал бағу еді. Енді мемлекеттік бағдарламаның арқасында оған да қолы жетіп отыр. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 30 миллион теңге несие алып, 50 ангус сиырын сатып алды.
– «Көз қорқақ, қол батыр» деген емес пе, бағымдағы мал төлдеп, өнімін өткізсек, қарызымыздан да құтылармыз. Негізі, төңіректегі мал баққан ағайынмен ақылдаса келе, ең ұтымдысы ангус деп түйсіндік. Себебі, бұлар салмағын тез жинайды. Егер жақсылап күтіп бақса, тірідей салмағы 800-900 келіге дейін жетуі әбден мүмкін, – дейді шаруа қожалығының басшысы Дастан Құлақнанов, – жергілікті тұқымы азған малды қанша бақсаң да мұндай көрсеткішке ешқашан жете алмайсың. Мал төлінен өседі емес пе, алдағы уақытта бағымдағы малдың ішінен сұрыптап алып, басын көбейтеміз бе деп отырмыз.
Өңірде қара мал етіне деген сұраныс мол. Сондықтан, мал баққан малшы қауым өнімдерін қиналмай өткізері анық. Оның үстіне курортты өлкеде ет тағамдары жылдың қай уақытында болсын қажет. Бурабай баурайы тұнып тұрған қара от. Бұл жерде төрт түлікті тегіс өсіруге мүмкіндік әбден бар. Қара малмен бірге өзіндік құны арзан жылқы өсіруге ниеттенген шаруашылық «Құлан» бағдарламасы арқылы 5 миллион теңге несие алып, 30 бас жылқы сатып алыпты. Ондағы мақсат төлін өсіріп сатумен бірге, қымыз өндіру. Өткен жылы жаман тұмаудың уыты шарпып тұрғанда курортты өңірде қымыз жарықтық қасқалдақтың қанындай қат болып кетті. Тіпті, саумал ішуге аңсары ауғандар қаншама. Осы бір қажеттілікті өтеу үшін жылқы құлындаған соң бие байлауға да әбден болады.
–Бұл істі 2016 жылы бастап едім. Бағдарлама арқылы қолыма қаражат тиген соң Көкшетау қаласынан таңдап тұрып бірнеше жылқы сатып алдым. Жылқы малы қайратты мал ғой, қыс қанша қатал болса да өз тамағын өзі тауып жейді. Әйтсе де, сақтық керек, курортты аймақта бейсауат жүргінші көп. Сондықтан, күндіз жайылымда жайып, кешке жылы қораға қамаймын, – дейді шаруа қожалығының басшысы Дастан Зейноллаұлы.
Мал басы көбейген соң техникаларын да жаңартып, қора-қопсысын да сайлап алыпты. Алажаздай жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбек етіп, қажетті жемшөп қорын да молынан жасаған. Енді алаңдамай мал басын көбейтуге әбден жағдай бар.
– Ауылға көңіл бөлінуі керектігі туралы талайдан бері айтылып түр. Сол көмек осы бағдарламалар ғой, – дейді ел ақсақалы Серік Алпысбаев, – мына Үлкен Түктінің бауырындағы бірнеше ауылдар жабылып қалды. Себебін сараптасаңыз, адамдардың еңбекке қырсыз болып кетуі ғой деп ойлаймын. Әйтпесе қазір мемлекеттің қамқорлығы ұшан-теңіз ғой. Алғашқы демеу ретінде бірнеше бағдарлама арқылы несие беріліп жатыр. Тіпті, техника алуға да, қора салуға да көмек көрсетіледі. Ал, шөбі шүйгін, оты мол жерді тастап, кір жуып, кіндік кескен топырақтан үдере көшіп жатқандарды түсіне алмай жүрмін. Бар жағдай тудырылған, келіп малыңды жайлап бергеннен басқаның бәрін істеп отыр ғой. Ендеше, неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа.
Шынында да ел ішінде алға ұмтылғанның ауызға аққа тиіп отырғандығын жолсапарға шыққан сайын көріп жүрміз. Ел ағасы айтса айтқандай, береке белсенгенге бітеді емес пе?!
Байқал БАЙӘДІЛОВ.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар