Бурабайдың сұлу табиғатын көздің қарашығындай қорғап келеді

Қазақстан Республикасы Президенті Істері басқармасының «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жері Бурабай, Біржан сал, Бұланды аудандарында орналасқан. Парк аумағында еліміздің табиғи байлығын қорғайтын он шағын орман шаруашылығы жұмыс істейді. «Бурабай» паркінің тарихына аз-кем тоқтала кетсек, сонау 1898 жылы Ақмола мен Семей облыстарында қазыналық мүлік басқармасы ашылған екен. Осы жылдан бастап Бурабайдың қоғамдық және ғылыми қызметінде жаңа кезең басталыпты. Бармашино аумағында екі жылдық Бурабай төменгі орман мектебі мен тұрғын үйлер салынған. Саябақ ашылып, Бурабай қазыналық орман шаруашылығы ұйымдастырылыпты.

Төменгі орта мектеп 1924 жылы Бурабай орман техникумы болып қайта құрылады. Кейін осы білім шаңырағы Бурабай ауыл шаруашылығы техникумы, Бурабай аграрлық-техникалық колледжі болып өзгерді. Бүгінгі күні ол экология және орман шаруашылығы колледжі деп аталып, орман шаруашылығының әртүрлі техник-мамандарын даярлайды. 1938 жылы біршама елді мекендер орналасқан санитарлық-курорттық аймақта Бурабай қорығы құрылады. Осы сәттен бастап қорық қызметкерлері қоршаған ортаны қорғаумен бірге жер қойнауын, топырақтың бетін, аң-құстар және өсімдік әлемін ғылыми тұрғыдан зерттей бастайды. 1952 жылы қорық жабылып, Бурабай орман шаруашылығы ұйымдастырылды. Кейін ол ірілендіріліп, орман кешендерін сақтау, қалпына келтіру, зерттеу, флорасы мен фаунасын қорғау, аңдарын жерсіндіру жұмысын жетілдіреді. 1997 жылы бұл мекеме Бурабай табиғи сауықтыру орман кешені болып қайта құрылды.
Курорттық аймақ құрылғаннан бері бұл жер көптеген өзгерістерге ұшырапты. Алғашында Бурабай адамдар дем алуға келетін жай ғана қарапайым орын болған. Уақыт өте келе ол емдік қасиетімен бірге ойын-сауық орталығы ретінде туристердің, өзге де адамдардың қызығушылығына ие бола бастады. Сөйтіп, 2000 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Істері басқармасының бастауымен «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрылды. 2010 жылы ұлттық парк қарамағына Бұланды орман шаруашылығы кірді. Парктің бас директоры Сергей Быковтың айтуынша, парк өз ісіне кіріскеннен бері мұндағы жұмыстар аталмыш басқарманың бақылауында екен.
–Бүгінгі күннің басты міндеті сауықтыру орындарын тек сыртынан бақылау емес, Бурабайдың табиғатын адам қолымен жасалатын келеңсіз әрекеттерден сақтау, ара-жігін анықтау болып табылады. Жыл сайын ұлғайып келе жатқан туристер ағыны мен нәзік табиғаттың сақталуы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға тырысудамыз. Өрттен орманды сақтау, жабайы жануарлар әлемін қорғау басты міндетіміз. Ағаш өңдейтін екі цех жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ұлттық парктің жалпы аумағы 29,5 мың гектарды құрайды. Басқарма біздің алдымызға табиғи экожүйелерді қорғау, аң мен құсты сақтап қалу, табиғи кешендерді қалпына келтіру міндетін қойды. Парктің аумағында мемлекеттік қорғауға алынған Бурабай, Щучье, Қатаркөл, Үлкен және Кіші Шабақты көлі, Майбалық пен Балпаш сор көлдері орналасқан. Сондай-ақ, аумаққа Аютас, Бура, Жекебатыр, Көкше, Таз таулары, Жұмбақтас аралы, Галочья төбесі, Бастион, Оқжетпес, Бүркіт ұясы, Пахомовка, Үш қыз тәрізді нысандар кіреді. Жыл бойы орманды сақтау, оны қалпына келтіру жұмысы, өртке қарсы және биотехникалық шаралар жүргізіледі. Паркте 571 еңбеккер, оның ішінде 161 инспектор, сондай-ақ, жүргізуші, механизатор, балташы тәрізді өзге де қосалқы қызметтер жұмыс істейді. Шағын орман шаруашылығы учаскелер мен обходтарға бөлінеді. Әр инспектордың өз обходы бар. Олар арнайы автокөлікпен және рациямен жабдықталған,–деген бас директор парк аумағына 13 бейнекамера қойылғанын айтты.
Өткен жылы 20 өрт оқиғасы тіркелген екен. Оның көбі Сарыбұлақ ауылында тұрған «Казавиалесохрана» кәсіпорнының тікұшақтарымен сөндіріліпті. Өрт қауіпі көп мезгілде орман әлгі тікұшақпен бақыланады. Соңғы жылдары заңсыз аң аулауға қатысты заңның қатайғаны белгілі. Өткен жылы заңсыз бұғы аулаған аңшы ұсталыпты. Қазір оның ісі сотта қаралып жатқан көрінеді. Парк аумағында қабан, сібір елігі, Астана бұғысы, қасқыр, қоян, рис, аққу, қаз, үйрек және өзге де құстар мекендейді. Осы аң мен құстың саны ақпан айында белгілі болады. Олар әртүрлі әдіспен саналады екен. Жаз айларында 350 тонна шөп, 100 мың дана жапырақты сыпырғыш, тұз дайындалып, қарашадан сәуір айына дейін жабайы аңдарға беріледі. Одан әрі Сергей Быков жергілікті тұрғындарға бөлінетін отын жөнінде айтты.
–Тұтынушы шағын орман шаруашылығына келіп, отын дайындауға рұқсат алады, құнын төлейді. Әр жыл сайын 11 мың текше метр отын дайындалады. Өткен жылы сәуір айында қатты жел тұрып, біршама ағаштарды құлатты. Біз бұл ағаштарды Бурабай мен Бұландыда орналасқан арнайы цехтарда өңдеп, құрылыс материалдары түрінде тұрғындарға саттық. Жаз айларында орман ішін жарамсыз ағаштардан тазалап, отын ретінде босатамыз. Әр жыл сайын өртке қарсы шара ретінде орман айналасын жыртамыз. Орманның негізін қарағай, қайың, терек және жеміс ағаштары құрайды. Сәуір мен мамырда 100 гектар жерге ағаш көшеттерін отырғызамыз. Өзіміздің ағаш көшеттерін дайындайтын қорығымыз жұмыс істейді. Өз қажеттілігіміз үшін ағаш тұқымын да жинаймыз. Өрт болған жерді тазалап, ағаш көшеттерін отырғызамыз. Жыл сайын арнайы техника сатып алуға және жұмыс жүргізуге қомақты қаржы бөлінеді. Паркте Молдахметов, Красноусов, Рахматуллин, Махметов, Омаров сияқты орманшылардың отбасылар әулеті көп жылдардан бері еңбек етуде,–деді парктің бас директоры.
Ұлттық парк қайырымдылық акциялардан да құр алақан емес екен. Жергілікті әкімдік берген тізім бойынша әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбастарына тегін отын немесе құрылыс материалдары босатылады. Сондай-ақ, парк сәбилер үйінің шатырына тақтай беріпті. Жаз айларында бұл ұжым мектеп оқушыларымен «Таза жағалау», «Бұтақ, дем ал» тәрізді әртүрлі акциялар өткізіп, орман мен көлдер жағалауын тазалайды. Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан осынау игілікті істер зерлі Бурабайды одан әрі көркейте бермекші.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар