Шәкірт жетістігі – ұстаздан

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында», – деп мұғалімдер қауымына үлкен сенім, жауапкершілік артқан болатын. Олай болса, адам баласын ұлы мақсаттарға жеткізетін ұлы күш – білім, оны жас ұрпақтың бойына дарытушы ұстаздар қауымы екені сөзсіз.

Абай атамыз «Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз – тұл» деп адам баласының жеке тұлға болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты екенін ерекше атап өткен. Шәкірт ұстазға қарап өседі. Ол ұстазының білімін, берген тәрбиесін, кеңесін алады. Ұлағатты ұстаздан тәрбие алған адам ұлы тұлға болып өседі, өмірін дұрыс бағытқа бейімдеп, көркейеді. Алайда, оқушыны білімге қызықтырып, өз әлеміне баурап алу үшін ұстазға дариядай терең білім, биік парасаттылық, талмас еңбекқорлық, таза ниет керек. Осы орайда, біздің мектебіміздегі дәл осындай қабілет пен қасиеттерді бойына сіңірген ұстаз – жоғары санатты бастауыш сынып мұғалімі Бейнегүл Шайзада.
Ол ұстаздық тәжірибесінде көбіне оқушылардың қабілеті мен ыңғайын бағдарлап, дарынды оқушылармен көптеген жұмыс жүргізу нәтижесінде жақсы жетістіктерге жетті. Қабілеттілік – табиғаттың әрбір адамға сыйлайтын ғажап сыйы десек, ұстаздың қабілетті оқушысының бірі Аяулым Закер. Аяулым өте қабілетті, дарынды, сыныбындағы үздік оқушылардың бірі. 2018 жылы ол Зеренді ауданына қарасты Шағалалы орта мектебіне 1 сыныпқа қабылданып, содан бері ұстазының жетекшілігімен көптеген халықаралық, республикалық, облыстық олимпиада, ғылыми жобаларға қатысып, өзінің нағыз дарынды оқушы екенін көрсетіп келеді. Ұстаз оқушысының бойындағы қабілетін ашып, ғылыми жоба қорғау бағытына дайындады.
Аяулымның алғашқы жетістігіне 2018-2019 оқу жылында халықаралық ПОНИ «Пифагорда қонақта» олимпиадасының жеңімпазы атанғанын жатқызуға болады. 2019-2020 оқу жылында «Жылдың жүз үздік ғылыми жобасы» атты республикалық байқауының ІІ дәрежелі дипломымен және медалімен марапатталды. 2020-2021 оқу жылында 1-7 сынып оқушыларына арналған «Зерде» ғылыми-зерттеу және шығармашылық жобасы республикалық қашықтық байқауының облыстық кезеңіне қатысқаны үшін ІІ дәрежелі диплом мен медальға ие болды. Мектебіміздің абыройын асқақтатқан Аяулым сияқты дарынды оқушыларымыз көбейе берсін демекпіз! Осындай жетістікке жеткен оқушылар ұстаздарының ғана емес, ауданның, облыстың мақтанышы екені анық.
Роза ЗАВОДХАН,
Шағалалы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.
Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар