Көкшетау қаласындағы Науан хазірет мешітінде Ақмола облысы аудандары мен қалаларының имамдары бас қосқан жиналыс болып өтті.
Басқосуды ашқан облыстың бас имамы Қуаныш қажы Сәбит қазіргі санитарлық талаптар өрістеген кезде барынша құлшыныспен жұмыс істеп жатқан әріптестеріне өз ризашылығын білдірді. Алдымен бірқатар аудандарға бас имам болып тағайындалған Қобыланды Надырбаев (Біржан сал ауданы) пен Нұрбол Байқоңыровты (Сандықтау ауданы) таныстырды.
Одан әрі пандемиядан туындаған қиындықтар мешіттеріміздегі насихат жұмысын саябырсытып жібергеніне тоқталды. Бірақ, діни насихат мұнымен тоқтап қалмауға тиіс. Қазір әлеуметтік желі негізгі діни жұмыстардың өзегіне айналып отыр. Сондықтан қашықтықтан жүргізілетін насихат шараларының сапасын арттыру маңызды екені баса айтылды.
– Биылғы жыл айтулы оқиғаларға толы болмақ. Тәуелсіздіктің отыз жылдығы аталып өтіледі. Бұған да арнайы бағдарламалар жасап, шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Мүфтияттың жеті бағытқа негізделген жұмысына да селкеу түспеуі керек. Осының бәрі жергілікті имамдардың белсенді жұмысына қатысты болмақ. Салғырттықты уақыт көтермейді. Онсыз да мешіттерімізде жамағатпен намаздар өткізілмейді. Адамдар бізге емес, біз адамдарға жақындай түсуіміз керек, – деді бас имам.
Бұдан кейін сөз алған дін қызметкерлері әр бағыттың жұмысы жөнінде баяндады. Биылғы жылы атқарылатын жұмыстардың жоспары да қаралып, пысықталды. Шара соңында Данияр Кенжалин мен (Науан хазірет мешітінің наиб имамы), Серікжан Камалашқа (Жақия қажы мешітінің наиб имамы) Бас мүфтидің Алғыс хаттары, ал, Медет Әубәкіровке (Степногорск қаласындағы Паң Нұрмағамбет мешітінің наиб имамы) Бас имамның Алғыс хаты табыс етілді.
Қ.КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.