Арлы азамат – ауыл тірегі

Ақмола облысының ту сонау шығысында, Павлодармен шектесер тұста, Өлеңті өзенінің жағасында Ажы деп аталатын шағын ауыл бар. Ертеректе бұл аймақ Баянауыл ауданына қараған екен, бірақ жердің шалғайлығына байланысты соғыстың алдында, 1939 жылы үкімет Баяннан бөліп алып, Ақмола облысының Ерейментау ауданына қосыпты.

Бұл ауыл аттары халыққа кеңінен танымал Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Зейін Шашкин, Аллажар Теміржанов секілді тұлғалармен байланысы бар мекен.
Мысалы, Мәшһүр Жүсіп кезінде осы ауылмен іргелес, өзен бойындағы Шикібас қажының ауылын екі жыл қыстаған екен. Жүсіпбек жас уағында осы ауылда мұғалім болып бала оқытады. Және Жүсіпбектің алғаш ескіше тілін сындырған Қапар қажы Орманбасұлы деген адамның сүйегі осы Ажының қорымында жатыр. Зейін Шашкин де осы ауылдың етене адамы, туған әпкесі Ұмсынған деген кейуана ғұмыр бойы осы Ажыда тұрып қайтты. Ал ақын, драматург Аллажар Теміржанов осы ауылдың тумасы, Ажыдан төмен Түгелбай, Тілеубай деген жерлер осы Аллажардың аталарының қоныстары.
Қазақ жеріндегі басқа ауылдар секілді Ажы да не түрлі қоғамдық өзгерістерді бастан өткеріп, бүгінде бақуат тұрмыс кешіп жатыр. Әрине, ел болғасын, оның ішінде бір бас көтерер жігіттер, жоғарыға халықтың атынан дат айтатын азаматтар болады. Бүгінде Ажыда кім бар дегенде, аузымызға алдымен сол ауылдың тумасы Жұмажан Ахметов атты бауырымыз түседі. Аудан басшыларымен өтетін кездесу, жиналыстарда алдымен тұрып сөйлеп, ел ішінің түйткілді мәселелерін жеткізетін осы Жұмажан. Сонау бір жылдары ауыл аузы судан тарығып, бір-екі құдыққа қарап қалғанда, осы жағдайды күн тәртібіне қойып, ауданның әкімінің жетектеп құдықтың басына алып барып, ақыры Ажыда орталық су жүйесінің іске қосылуына мұрындық болған еді.
Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан-Павлодар тас жолы (автобан) тартылғанда, құрылыс компаниясы «жобада қарастырылмаған» деген сылтаумен, Ажы ауылына бұрылатын жолды жауып тастаған. Сол кезде министрлік пен комитеттердің босағасын тоздыра жүріп, туған ауылына жолды қайтадан ашуға қол жеткізген тағы осы Жұмажан болатын. Осыған қарап отырып, шіркін әр ауылда осы Жұмажан секілді азаматтар болса, елдің еңсесі төмендемес еді деп ойлайсың.
Қазақта: «Би бол, би болмасаң, би түсетін үй бол» деген нақыл бар. Бүгінде Ажы ауылына ат басын тіреген адам Жұмажанның шаңырағына соқпай кетпейді. Бұл оның ел ағасы болғанының белгісі. Арғы атасы Ақым атты қария өз заманында ел ақсақалы атанған, соғыс уақытында халыққа қамқоры мол болған кісі екен. Жұмажанға кісілік қасиеті сол бабасынан ауысқан шығар деп топшыладық.
Бұл азаматтың тағы бір ерекшелігі, ауылдық жерде тұрса да, ізденіп жүріп оқиды. Осыдан болар, ол кез-келген тарихшымын деген адаммен терезесі тең дәрежеде сөйлесе алатынын байқап жүрміз. Бүгінде Ақмола, Павлодар – екі облыстағы өлкетану, руханият төңірегінде жүретін адамдардан Жұмажанды білмейтіні кемде-кем. Оның себебі, қандай да бір рухани маңызы бар шаруалардың ортасында Жұмажан жүреді. Өзінің таным-түсінігімен, үлкенді аға, кішіні іні деп сыйлай білетін адамгершілік қасиетімен құрметтеліп жүрген азамат.
Осыдан болар, Абылай заманының қаһарманы, өзінің арғы бабаларының бірі Қозған Бекше мергеннің Түркістандағы Әзірет Сұлтан кесенесінде жерленгенін дәлелдеу мақсатында айтарлықтай іс атқарып, сол жерге барып ас беріп, дұға бағыштауға себеп болған адамдардың бірі осы Жұмажан.
Бүгінде Жұмажан Рахымбекұлын 50 деген еңселі жастың биігіне шығып отыр. «Туған ауылым» деп ту көтеріп жүрген азаматты мерейлі жасымен құттықтаймыз. Жұмажанның өзімен рухтас ағасы, Ерейментау аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Сайлау Қабыкенұлы мынадай өлең арнаған екен.

Жүреді оның ойында,
Сан сауал, сұрақ түйіні.
Талай сыр тұнған бойында,
Ажының анау биігі.

Толғантса, көне биік қыр,
Түсіне білген жүрекпен.
Кеудеге аңыз, жиып жыр,
Ой-санасында түнеткен.

Жанына жақын Дала әні,
Ақындық оның жолдасы.
Өлең боп, ағып барады,
Өлеңті өзен арнасы.

Самалмен жеткен жеріне,
Тыңдаған тылсым тау үнін.
Қызмет қып туған еліне,
Жанындай сүйген ауылын.

Осындай ұлы Ажының,
Елуге бүгін келуде.
Даланың ұғып саз үнін,
Арнасы оның кеңуде.

Жасына ердің келдіңіз,
Жұмабек, біздің Жұмажан.
Бір серпілейік, енді біз,
Жыр арнап, Сізге ұнаған.

Өлең мен жырдың өрінде,
Жан-тәні ада күнәдан.
Жүр, аман, Ажы төрінде,
Жұлдызы биік Жұмажан!

Сайлау БАЙБОСЫН.
Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар