«Тобылғы жарған» салқындығы

Бесқонақтан кейін келетін де бірнеше салқын күндер бар. Ол сәуір айының соңғы жағында келетін «Тобылғы жарған» деген салқындық. 

«Тобылғы жарған» – сәуірдің соңғы күндері болатын салқын. Ол кем дегенде бір-екі күн болуы мүмкін. Бұл күндері тобылғы салқыннан бүршік жарады. Сәуір айы аяқталып, мамыражай мамыр келгенімен табиғат тосын мінезін көрсетуден жалықпауы мүмкін.

«Тобылғы жарған»   2-3 күнге созылып, суық жел соғады. Осы кезде түз ағашы – тобылғы бүршік жарып, өсімдіктер тамыр жаяды. Одан әрі қарай шуақты көктемнің шырайы кіре бастайды. Жерге көк шығады. Бұрынғы көнекөз қариялар табиғаттың бұл құбылысын «Тобылғы жарған» деп атаған.

Ертеде адамдар күн райы бұзыла қалған жағдайда мал мен өнімнің қауіпсіздігін ойластырған. Кейбір бағбандар бақ ішінде түтіндік салған. Түтіннің жылуымен жеміс ағаштарын сақтап қалған.

Жапондарда сакура гүлдеген шақ – ұлы той. Мемлекеттік маңызы бар мереке, ұлттық мейрам. Сол үшін саяхатшылар жан-жақтан мыңдап ағылады екен. Шие талы сакураның бүршік жарғанын, гүлдегенін керемет көріп қызықтайды, сөйтіп, наурыз айының ішіндегі бірер апта арасында сакураның гүлі ұшып жоғалады екен. Сол сияқты біздің қазақ даласындағы то­былғы да сондай.

Сәуірдің со­ңын­да­ тобылғы бүр жарады. Мұны ертеде қа­зақтар жақсы білген, тіпті, ертеректе атап өткен болуы да мүмкін. Себебі, тобылғы жарған бізде амал аты.­ Сәуірдің соңына таман бірер күн суық жел соғып өткен соң, то­был­ғы бүршік жарады. Қазақ дала­сын­да бүр жармақ гүлдің бәріне то­былғы жол ашады. Сондықтан, қа­зақ амал атын «тобылғы жарған» деп қойған. «Тобылғы жарғаннан» соң м­а­­мырдың басында тобылғы гүл­дейді.

Осылайша Арқа даласына біткен тобыл­ғы­­ның ақсары гүлдерінің бояуы­на­н­ күн нұры алтын­дай нұрланып, шалқиды екен. Иісі күллі бай­­тақ даланы алып кетеді. Қа­лың бітпесе де, шоқы-қыраттың қол­тығында, бір беткейінде тұта­сып­ тобылғы өскен жерлер гүлге тұ­нып, көздің жауын алғаны былай тұрсын, иісі жансарайыңды аша­тыны тағы бар.

Жалпы, сіз тобылғының гүлін иіскеп көрдіңіз бе? Ендеше, мамыр­дың­ алғашқы онкүндігінде далаға бар­ып байқап көруіңізге болады. Тобылғының тастай қатты тәнін жарып өскен гүл алтынның ұсақ­та­рындай қызғылықты ұш­қын­ атып, нұрланып тұрады екен. Тек қана қазақ даласына тән мұн­дай құбылысты бірақ өзге түгі­лі, өзіміздің ел де біле бер­мей­ді. Көрсе де мәніне жете қой­майды. Сакурадай құрметтелмейді.

 «Көктем дегенің көгілдір арман,
Көгертер кез бұл көңілді қалған.
Сәуірдің айы сәуле шашарда,
Тобылғы жарған, тобылғы жарған…

Қыратқа барсам жолыма жақын,
Бұлаққа барсам толып ағатын,
Тобылғы жарған бүршік жармаса
Тобылғы сынды торығады ақын»­,  

деп жырлаған тобылғыны ақын Ғалым Жай­лы­бай.

Осы өлең арқылы ақын адам өмірі мен табиғаттың етене­лігін сипаттап, сезіндіреді.  Бәрімізге танымал тобылғының тү­сі де тек біздің далаға тән, то­ры. Қоңырдан соң қазаққа келің­кірейтін бояудың өзгеше тү­рі. Мұндай түс сосын қазақ жыл­қы­сында бар. Қызыл тобылғы бо­лады-ақ, бірақ сирек. Болған күн­де шымқай қызыл емес, ойлан­дыратын мұңға бейім, ал, тобыл­ғы­дай торығу түсінгенге – ауыр се­зім екен. Ол үшін жаңбыр жаумай қой­ған жылы күзге салым елмен бір­ге күңіренгендей жапырағынан айы­рылып, түнеріп кеткен торы тобыл­ғының тұтыққан түрін көру­ керек… Тобылғыдай торық­тыр­ма­сын­ Құдай, деп айтылатыны да, сондықтан-ау. Тобылғының да он-ақ күн гүл­дегенін елемейтіндіктен, біз өмір­дің де сондай өтпелілігіне мән бере-бермейтін сияқтымыз.

Қазақ тобылғыны қамшыға сап қылады, күбі ыстап, қымызынан жұпарын сіміреді, тобылғының майымен теміретке сынды тері ауруларын емдейді, ет ыстайды, бастысы – тобылғы сапты қамшы жасайды. Жер бетінде суға батып кететін тастай қатты жалғыз ағаш – осы тобылғы екен. Қазақ оны сондықтанда киелі санамаған. Тобылғыны судың асты­нан алып шығып, майлы қабы­ғын аршып, кептірмей-ақ тұтатса, жана береді екен. Ұлы қазақ даласынан шетелге сатылатын, яғни, алтынға айырбасталатын жалғыз сап та осы тобылғы екен. Бұл туралы атақты «Бабырнамада» жазылады. «Тобылғы сапты қамшы алып, тұмар мойын ат мінген» жыраулар жырында көп кездеседі. Осыншама қасиеті бола тұра қазақта «тобылғы жарған» мейрамы жоқ болса да, есесіне «Тобылғы жарған» жы­ры бар екен.

Мен өзім ауылда  дүниеге келгендіктен, тобылғыны көріп өстім. Әжелеріміз тобылғының қасиеттілігін айтып отырғаны құлағымда қалыпты. Байқасаңыздар, тобылғы өскен дала­ның­ қасиеті де ерекше-ау. Жапондардың сакурасын жырлағаны сияқты, біз де тобылғының қасиетін ұғындыра білсек қандай жақсы. Өйткені, адам баласы табиғатпен тамырлас, содан қуат алып, өсіп-өркендейді емес пе? Ендеше, «Тобылғы жарған» сәттерді біліп жүрейік.

Дайындаған Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар