Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Кейбір карантин талаптары жеңілдетіледі - АРҚА АЖАРЫ

Кейбір карантин талаптары жеңілдетіледі

Ақмола облысының бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соңғы он күн бойы коронавирус инфекциясының таралуы-на жүргізілген мониторинг нәтижесі облыста эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақталғанын көрсетіп отырғанын, осыған байланысты 27 ақпаннан бастап кейбір карантиндік шектеу шараларының алынатынын мәлімдеді.

Мәселен, 23 ақпанға дейінгі жағдай бойынша бір тәулікте коронавирус инфекциясының лабораториялық расталған 63 дерегі тіркелген. Ал, соңғы аптада, яғни, 17-23 ақпанда індет жұқтырған 517 жағдай анықталыпты. Оның алдындағы аптада бұл көрсеткіш 525-ті құраған еді. Жалпы, пандемия басталғалы облыста 13305 адамға коронавирус диагнозы қойылған.
«Сары аймаққа» өтпей тұрып, облысымыздағы 90-нан астам білім ошағы қашықтықтан білім берсе, қазіргі таңда оқушыларға онлайн режимінде білім беріп жатқан мектептер саны – 34. Мектептерді қашықтықтан оқыту режиміне көшірудің арқасында оқушылар арасында коронавирустың таралуы 30-дан 7-ге дейін азайған көрінеді.
– Соңғы тәулікте 7 оқушыда COVID-19 вирусы анықталды. Олар Көкшетау қаласы мен Бурабай, Жақсы, Целиноград аудандарында тұратын, біреуі штаттық режимде, 6-уы онлайн режимде оқыған оқушылар. Пандемия басталғалы 761 оқушыда вирус лабораториялық расталды, – деген бас санитарлық дәрігер қазір коронавирусқа қарсы екпенің екінші компоненті егіліп жатқанын хабарлады. Осы уақытқа дейін облыста 1298 адам екпе алған. Оның алтауы мұғалім, жетеуі мемлекеттік қызметші және 1285-і медицина қызметкері.
Елімізде бірінші кезекте медицина қызметкерлері екпе алғаны белгілі. Енді, алдағы наурыз айында ақ халаттылармен бірге, ұстаздар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, ал, сәуірде студенттер, мамырда екпенің жеткілікті мөлшерде болуына байланысты қалған контингент екпе алады деп жоспарланып отыр. 23 ақпанға дейінгі жағдай бойынша 250 адамға екпенің екінші компоненті салынған. Екпе алғандар арнайы медициналық бақылауда. Айнагүл Мусинаның айтуынша, екпенің бірінші және екінші компонентін алғаннан кейін асқынулар тіркелмеген.
Брифинг барысында бас санитарлық дәрігер карантин талаптарының сақталуын қадағалайтын мониторингтік топтардың жұмысы туралы да айтып өтті. Бұған дейін көп кісінің қатысуымен той-томалақ өткізгені үшін мейрамхана және той иелеріне ғана әкімшілік айыппұл салынып келсе, енді көп кісі шақырылған ойын-сауық орындарына барғаны үшін жеке тұлғалар да жауапкершілікке тартылатын болады.
Жуырда Атбасар ауданында осылай топтасып жиын өткізген желілік маркетинг мүшелері мен қатысушылары жазаланған. Жыл басынан мониторингтік топтар түрлі меншік иелеріне жататын 6951 нысанда карантин талаптарының сақталуына тексеріс жүргізіп, оның 199-ында заң бұзушылықтарды анықтаған.
Облысымыздың бас санитарлық дәрігерінің 27 ақпаннан бастап күшіне енетін жаңа қаулысына сәйкес, бірқатар мекемелердің қызметі жанданады. Атап айтсақ, қоғамдық тамақтану нысандары енді аптаның барлық күндері жұмыс істейді. Ал, фудкорттарға тек тапсырыс қабылдау арқылы ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Ғимарат ішіндегі және сыртындағы азық-түліктік және азық-түліктік емес базарлар жұмыс және сенбі күндері қызметін жалғастырады. Сауда нысандары, яғни, супермаркеттер мен гипермаркеттер бұрынғы режим бойынша жұмыс істей береді. Сау-да үйлері, сауда-ойын орталықтары да бұрынғы режим бойынша жұмыс істеп, жексенбі күндері дем алады. Балалар ойын алаңдарына, аттракциондарға қызметтерін жалғастыруға бұрынғысынша рұқсат жоқ. Сонымен қатар, жаңа қаулыға сәйкес, сән салондары, шаштараздар, фитнес, спорт орталықтары клиенттерді алдын ала жазылу бойынша қабылдай алады. Мәдениет нысандарына да сыйымдылығын 20 пайыздан және дайындықтарда адам санын 30-дан асырмай қызмет етуге рұқсат берілді. Облыс тұрғындары бас санитарлық дәрігердің бұл қаулысымен санитарлық-эпидемиологиялық бақылау депармаментінің ресми сайтында толығырақ таныса алады.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар