Көктемгі су тасқынының алдын алу – басты міндет

Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен өткен әкімдік отырысында биылғы көктемгі су тасқынының алдын алу мәселелері жан-жақты талқыланып, «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 2020 жылы атқарылған жұмыстар қорытындыланды.

Мәжіліске облыс әкімінің орынбасарлары, аудан, қала әкімдері, департаменттер мен басқармалардың басшылары қатысты. Жиынды аймақ басшысы кадрлық өзгерістерден бастап, жаңадан тағайындалған аудан әкімдерін, департамент және басқарма басшыларын таныстырды.
Соңғы жылдарда көктемгі тасқын сулардың алдын алудың жинақталған тәжірибесіне сүйенсек, облыста биыл 43 елді мекен, яғни, 12 ауданның ауылдары мен Көкшетау қаласын су басу қаупі бар. Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Атығаевтың мәлімдеуінше, су тасқынының алдын алуға 1941 адам, 797 бірлік техника, 156 мотопомпа, 46 жүзу құралдары жұмылдырылмақшы. Қар суы еріген кезде өзендердегі жағдайға мониторинг жасау үшін 88 уақытша бақылау бекеттері тәулік бойы кезекшілік атқарады. Төтенше жағдайдың алдын алуға өңірлердің әкімдері жалпы 205 миллион теңгеден астам қаржы қарастырыпты.
Тасқынға ұшырау қауіптілігі жоғары Аршалы, Астрахан, Ерейментау аудандарының төтенше резервінде қаражат жоқ, Бұланды ауданы мен Көкшетау қаласы да шұғыл шығындарға қаржы қарастырмаған. Қазіргі уақытта аумақтарда 272,9 тонна жанар-жағар май, 6,8 мың тонна инертті материалдар, 66,7 мың қаптар дайындалған. Аршалы, Ерейментау, Зеренді, Астрахан, Бұланды, Бурабай Есіл, Қорғалжын, Шортанды, Целиноград аудандары мен облыс орталығында қаптар, инертті материалдар, жанар-жағармай дайындау деңгейі көңілдегідей емес. Бұл әкімдіктердің су тасқынына қарсы іс-шараларға тиісті инертті материалдарды, қаптарды, ЖЖМ-ды сатып алуға және дайындауға әлі де біраз жұмыстар жүргізулері қажеттігін көрсетеді. Облыстың елді мекендерінен осы күнге дейін 186,5 мың текше метр қар шығарылса, оның жартысынан көбі Көкшетау қаласы бойынша жүргізілген. Қалған аумақтарда қар шығару жағдайы төмен деңгейде. Қар ери бастағанда алқаптардағы, егістіктердегі ағын сулардың жиналуынан 10 елді мекен, нақты айтқанда, Астрахан ауданының Оксановка, Қоскөл, Біржан сал ауданының Қоғам, Макинка, Целиноград ауданының Нұр-Есіл, Ыбырай Алтынсарин, Қоянды, Жалғызқұдық, Қараменді батыр, Софиевка ауылдарын су басу қаупі бар. Аймақ басшысы мәжіліс барысында аудан әкімдерін жекелей тұрғызып, атқарылмай жатқан жұмыстарды қазірден бастап жандандыруды тапсырды.
–Айналдырған 2-3 апта ішінде күн жыли бастайды. Биыл жауын-шашын көп болды. Қар қалың түсті. Ертең тасқын болып, не қаржы, не техника қарастырмаған басшылар опық жеп жүрмесін. Ағын сулардың алдын алуға дайындықты күшейтіңіздер, – деген облыс басшысы кейбір аудан басшыларына ескертулер жасады.
Гидрология мәліметтері бойынша наурыздың алғашқы онкүндігі суық болғанымен, екінші-үшінші онкүндіктерінде 10 градусқа дейін күн жылынады деп болжануда. Сондықтан, барлық атқарылуы тиіс шараларға ертерек қамданған дұрыс. Темір жол, тас жол, олардың бойындағы көпірлердің тасқын суларға төтеп беру қауіпсіздігі, халықты тасқын су орын алған жағдайда қауіпсіз жерге жеткізу секілді мәселелер де назардан тыс қалмады.
Мәжілісте қаралған тағы бір өзекті мәселе – 2020 жылы халықты тұрғын үймен қамтудың жағдайы болды. Ақмола облысында 2020 жылдың қорытындысы бойынша 574 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Марат Әубәкіровтің айтуынша, жылдық жоспар 7,4 пайызға асыра орындалған. Дегенмен, тұрғын үй құрылысы жобаларына бөлінген қаражаттың 1,6 миллиард теңгесі игерілмей қалған. Бұл қомақты қаржыны Көкшетау қалалық әкімдігі игере алмапты. Жалпы алғанда, мемлекеттік инвес-тициялар есебінен облыста 50 көп пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілген.
Мәжіліс соңында облыс әкімі Ермек Маржықпаев аудан, қала басшыларына жоғарыда қарастырылған екі мәселе бо-йынша жұмысты жандандырып, төтенше жағдайға, яғни, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына тезірек кірісуді тапсырды. Сондай-ақ, отырыста коронавирус инфекциясының өңірдегі таралу жайы бойынша ақпарат беріліп, өңіріміздегі жағдайдың жақсарып келе жатқандығы айтылды.
Ырысалды ШАМШИЕВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар