Серік Әкімбаевтың есімі Ақмола өңіріне ғана емес, Қазақстан халқына жыға таныс. Ол кісінің жасап жүрген қайырымдылық істері ел аузында. Жас кезінен көз жанарынан кемістік көріп өссе де, жігері жасымаған, керісінше, жанындағы жандарға қамқорлық көрсетіп, жүрген жерінде мейірімділіктің, ізгіліктің шуағын шашып, өзгелерге үлгі бола білуде. Бір ғана мысал, жан жары екеуі 40-қа жуық жетім балаларды асырап, тоғыз ұлттың баласын бір үйдің баласындай тәрбиелеп өсіргені кім-кімге болмасын үлгі емес пе? Қазіргі таңда Серік Әкімбаев Ақмола облысындағы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған ерікті қоғамның төрағасы болып жұмыс істейді. Таяуда біз, игілікті істің басы-қасында жүрген абзал ағамен сұхбаттасып, қоғамдық қордың жұмысы туралы, жалпы мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру үшін қандай жағдай тудыруымыз керек деген сұрақтар төңірегінде әңгіме өрбіттік.
– Серік аға, сіз жетекшілік ететін қоғамдық қордың жұмысы туралы тарқатып айтып берсеңіз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында қоғамның әлсіз топтарын үнемі қолдап отыру керектігін баса айтты. Өңірімізде осы бағытта көптеген игі істер жүзеге асып келеді. Біздің қоғамдық қор «Nur Otan» партиясы облыстық филиалымен меморандумға отырған. Партия тарапынан қайырымдылық шараларды ұйымдастыруға үнемі қолдау көрсетіліп тұрады.
Ақмола облысында әртүрлі топтағы үш мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адамдар бар. Олардың басым көпшілігі жұмыспен қамтылған, араларында өз кәсіптерін ашып, нәпақасын тауып отырған жандар да кездеседі. Жасырары жоқ, ауру азабын тарта жүріп, жігерді жасытпай, тағдырға мойынсұнбай, болашаққа нық қадам жасау оңай-оспақ шаруа емес. Мен күнбе-күн әртүрлі тағдырмен тоғысамын. Әрбір жанның жан жарасын жақсы түсінемін. Себебі, өзімде де жастайымнан көз кемістігі бар. Біздің ерікті қордың облысымыздың екі қаласы мен барлық аудандарында өз филиалдары жұмыс істейді. Өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі мүмкіндігі шектеулі жандар сол филиалдарға барып, өздерінің мұң-мұқтажымен бөлісуге мүмкіндіктер қарастырылған.
Қазақ халқы ежелден жетімін жылатып, жесірін қаңғыртпаған, тағдырдың тақбезесін тартқанға демеу бола білген. Үкімет тарапынан мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетіліп жатқан көмек орасан. Арнаулы заңдар бар. Бірақ, көңілге кірбің ұялатар мәселелер де жоқ емес. Мысалы, мүмкіндігі шектеулі жандарға берілетін мүгедек арбаларының сапасы сын көтермейді.
– Аға, осы орайда, жаңадан салынып жатқан мекемелер мен үйлердегі пандустар мәселесіне де тоқталып өтсеңіз. Тіпті, кейбір мекемелер мен үйлерде пандустар атымен жоқтың қасы ғой…
– Иә, дұрыс айтасыз. Таяуда мүмкіндігі шектеулі жандарға беріліп жатқан үйлерге барып көрдік. Сондағы әжетханаларға кіретін есіктің ені 70 сантиметр ғана, ал, қоларбаның ені 90 сантиметр. Сонда мүмкіндігі шектеулі адам ол жерге қалай кіре алады? Осы жағын құрылыс компаниялары ойласа екен… Сонымен қатар, өзіңіз айтқан пандустар мәселесі шынымен де өзекті. Пандустар мүмкіндігі шектеулі жандарға қауіп-қатер төндірмеуі тиіс. Өкініштісі сол, мүгедек жандардың қала ішінде емін-еркін жүріп тұруына жағдай жасалмаған. Тосқауыл көп. Пандустардың басым көпшілігі талапқа сай емес. Әсіресе, қыс мезгілінде пандуспен жүру тіптен қиын.
Тағы бір екпін түсіре атап өтетін мәселе, қазіргі таңда әрбір мекемеде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған қоңырау нүктесі бар. Бірақ, солардың да көбі істен шыққан.
– Серік аға, әлгінде сіз бір сөзіңізде күнбе-күн әртүрлі тағдырмен тоғысамын деп қалдыңыз. Жалпы, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында он екі мүшесі сау адамның қолынан келе бермейтін бойында асқан дарыны мен қабілеті бар жандар көп. Сондай жандар біздің өңірімізде де бар шығар?
– Біздің ерікті қоғамның мүшесі болып жүрген талантты адамдар өте көп. Әрқайсысы бір-бір кітаптың кейіпкері бола алады десем артық айтқандық емес. Мәселен, мүгедек арбаға таңылған биші Қымбат Досмағамбетованы айтсақ болады. Ол облыстық, республикалық бишілер байқауының 1-ші орын жүлдегері. Сонымен қатар, Қымбат жүзумен де айналысады. Таяуда жүзу бойынша өткен халықаралық сайыста жүлделі орын алды. Зеренділік Рамазан Хасеновтың қайсарлығына кім-кім болмасын тәнті болады. Тағдыр әуелден Рамазанға қатал болған. Сонда да ол жігерін жасытпаған, мойымаған, сынақты сынбай көтере білген. Рамазанның екі аяғын қара санынан жоғары кесіп тастаған. Осындай қиындықтарды еңсере білген нағыз қайсар азамат. Қазіргі таңда Рамазанның шағын кәсібі бар, сонымен қатар, ол 150 келілік зілтемір көтере білетін параолимпиадашы. Жақсылық Қалдыбай, Алла Немыкина есімді он саусағынан өнер тамған қолөнер шеберлері бар.
Бір айтарым, мүмкіндігі шектеулі жандардың барлығы жұмыс істемей бос отырады деген пікір жансақ. Мысалы, бір Макинск қаласында 20-дан астам мүмкіндігі шектеулі жан жұмысқа тартылған. Солардың бірі – Анна Ивановна. Ол шағын цехта тігінші болып жұмыс істейді. Төсек-орын жамылғыларын тігеді. Олардың қай-қайсысы болмасын азын-аулақ тапқан-таянғандарын қайырымдылыққа жұмсауға тырысады.
–Мағыналы әңгімеңізге көп рахмет! Сауапты ісіңізге берекет тілейміз!
Сұхбаттасқан Ұлмекен ШАМЕНОВА.